«Мұндай ер азаматты өмірімде көрген емеспін»: Жанель Мақажан 8 жас кіші күйеуі туралы айтты

Oinet.kz 25-08-2022 3216

Отандық актриса Жанель Мақажан алғашқы сәтсіз некесінен соң, "Екінші рет тұрмыс құрамын, оның үстіне өзімнен 8 жас кіші жігітке шығамын" деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Ол бұл туралы Жанель Айнұр Ілиясованың MOM'sкий әңгіме подкастында айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_35.jpg

Актер Абай Асылхан жары Жанель Мақажаннан 8 жасқа кіші. Екеуі танысқанда Жанель екі балалы актриса болса, Абай – қарапайым студент. 

"Мен Әуезов театрында жұмыс істеп жүрдім. Ал ол астанадан Алматыға келіп, екеуміз бір рет суретке түстік. Бір жылдан кейін бір концертті бірге жүргіздік. Әрі қарай таныстығымыз жалғасып, Instagram желісінде бір-бірімізді оқи бастадық. Бір кездері мен оны вайныма шақырдым. Артық ой болмады. Кәдімгі әріптес ретінде бірге жұмыс істеп жүрдік.  Былтыр елордадан Алматыға командасымен көшіп келді. Оның алдында мен Астанаға барып, екеуміз бірге поэзиялық видео түсірдік. Бір күн ішінде Бурабайға барып келдік. Сол кезде жолда отырғанда арамызда бір ұшқын пайда болғанын сездім. Кейін, айтуынша, ол да сол сәтте бірдеңе сезген екен", – дейді Жанель Мақажан.

Алматыда кездескен әріптестер жақсы досқа айналады. Бірге жұмыс істеп, арада уақыт өткен соң, достық сезімнің қалай махаббатқа айналғанын байқамайды. Алайда бас қосу туралы шешім қабылдағанда көпшілік, әсіресе Абайдың жақындары қарсы болған көрінеді. 

"Ата-аналары, достары, Instagram желісінде бәрі қарсы болды. Бірақ Абайдың бойында нағыз ер азаматқа тән қасиетті көрдім. Өзімнің, балаларымның өмірін Абайға сеніп тапсыра алатынымды түсіндім. Ол өте қатты қиналды, өйткені ең жақын адамдары қолдамады. Абай өзінің айтқанынан қайтпай, намазын оқып, Алладан сұрап, қосылдық", – дейді Жанель Мақажан.

Бүгінде Жанельдің алғашқы некесінен туған 14 жасар қызы мен 12 жасар ұлы өсіп келеді. Актрисаның қос перзенті Абайды жақын тартып, тіпті өз еріктерімен "әке" деп атап кетіпті. Мұны Жанель "Алланың берген сыйы" деп санайды. 

"Туған әкесінен артық десем, қателеспеймін. Мен сонша жылдар бойы Алладан тілеген ер азаматымыз қазір балаларыма қамқор. Мен оны қатты күттім, тіледім. Өзім де әкесіз өскендіктен, "менің балаларым да әкесіз өсе ме" деп ойлаушы едім", – дейді Жанель Мақажан.

Ал арадағы жас айырмашылық отбасы ішінде байқалмайды, дейді актриса. 

"Керісінше Абай менен 8 жас үлкен сияқты. Мен үйде еркелеймін. Бұлай мен ешкімге еркелеген емеспін. Мұндай ер азаматты өмірімде көрген емеспін", – дейді Жанель. 

«Мен де, балапандар да араласпайды»: Сиви Махмуди бұрынғы күйеуімен қарым-қатынасы жайлы айтты
Әнші Еркеш Хасен алғаш рет әке атанды (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу