«Президент мырза!» - Баян Мақсатқызы Тоқаевқа адуынды үндеу жасады

Oinet.kz 14-07-2020 38266

Биліктегілерге Баян Алагөзованың көңілі толмай жүргені байқалады. Бұрындары шоу-бизнестегі мәселелерді сөз ететін продюсер, соңғы кезде Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген уәжін желіде жеткізіп жүр. Елдегі олқылықтарды тілге тиек еткен Мақсатқызы, бұл жолы президентке бірнеше пост арнады.

  image.png

"Менің ойымша, "Біз біргеміз" деген ұрандар мен үндеулердің форматы бұған дейінгі ұрандар мен үндеулер сияқты тиімсіз. Елге шенеуніктердің туыстары мен балалары емес, нақты шаралар мен кәсіби басқарушылар қажет. Бұл жағдай бұрынғыдан қатты байқалады, сондықтан да қорқынышты. КСРО кезінде қалып қойғандай сезімдемін", - дейді Алагөзова.

Оның ойынша, осы күнге дейін жасалған шаралардан айтарлықтай нәтиже жоқ. 

"Президент мырза, мен сіздің шешімдеріңіз мен нұсқауларыңызды құрметтеймін. Бірақ аталған нұсқауларыңыз әлсіз жұмыс істейді немесе мүлдем жұмыс істемейді. Бұл көзге анық көрініп тұр. Сіз елімізде болып жатқан жағдайлардан хабардарсыз деп ойлаймын. Дәрі-дәрмектің бағасы немесе тапшылығы, бар болған жағдайда олардың құны 2 еседен 10 есеге өсуде. Сондай-ақ, ауруханаларда сырқаттанғандарды қабылдамай жатыр", - деп елді ауыр жағдайды тізбектеген продюсер таныстары да ажал құшып жатқанын жеткізді. 

Сондай - ақ танымал продюсер мемлекет басшысынан реформаларды өзгертуге қорықпай, мықты команда жинауды ұсынды. Егер дәл осы бағытта өзгеріссіз кете берсе, еліміздің болашағы күмәнді екенін кесіп айтты Алагөзова.

"Ел басшысы ретінде сізден сұрайтыным: реформа мен қалыптасқан қағидаларды өзгертуге қорықпаңыз. Олардың мерзімі өтті. 18 миллион тұратын елде шынымен ақылды әрі талантты кәсіби мамандар көп. Сізге қалтасының қамын ойлайтын емес, халықтың игілігі үшін қызмет ететін команда керек. Егер дәл осылай жалғаса беретін болса, біз құлдыраймыз. Мен елімді, халқымды, жерімді жақсы көремін. Бірақ ертеңіме алаңдап, қорқынышпен өмір сүргім келмейді. Менің балаларымның осы елде өмір сүргенін қалаймын әрі олардың келешегі тұрақты болғаны керек. Сіздің табиғи қарапайымдылығыңыз бен ақылдылығыңыз өте тартымды, бірақ бұл жолы өзгеріс керек", - дейді Баян. Сөз соңында мемлекет басшысына сенім артатынын айтқан ол қажетті шаралар дер кезінде жасалмаса, жағдайдың қорқынышты екенін жазды.

Тоқаевтың таяуда өткізген телевизиялық үндеуін Баян Алагөзова тыңдаған. Президенттің жасандылыққа жаны қас, әрі ел алдында ойнамайтыны туралы сөзіне продюсер елең ете қалса керек, тағы да инста-парақшасында ашық хат жолдапты.  

"Халық алдындағы жасандылық көп болды, өте көп... Бірақ біз сенуді, күтуді, үміттенуді жалғастыра бердік. Алдымен 2020, одан кейін 2030, қазір енді 2050! Қасым-Жомарт Кемелұлы, бүгін мен сіздің үндеуіңізді мұқият тыңдадым. Мемлекетке өзгеріс әкелуді қалайтыныңыз көрініп тұр және менің жан дүниемде әлі де үміт оты бар. Бірақ сіз дипломатсыз ғой, бірден үлкен өзгеріс әкелуге үйренбегенсіз және халықтың қасіреті басыңызға түсті, оған енді елдің ашуы қосылды. Оны жоққа шығара алмаймыз!" - дейді Баян Алагөзова. 

Сондай-ақ, еліміздегі барлық жағдайлардың беті ашылып жатқанын қадап айтқан продюсер оны жасыру мүмкін емес дейді. 

"Сыбайлас жемқорлық, шенеуніктердің жөнсіздігі, адамгершіліктің жоқтығы – мұның бәрі басқару жүйесіндегі қателік емес, халыққа қарсы қылмыс болып табылады, былайша айтқанда геноцид. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесіндегі болып жатқан олқылықтар тарих беттерінде қалары сөзсіз. Осыдан бір апта бұрын мен сізге елдегі реформаға өзгеріс әкелу керектігі туралы өтініш жазған едім. Бүгін сол сөзді сіз растадыңыз. Бірақ, тағы да екі апта мүмкіндік бердіңіз. Үкіметте екінші толқынға дайындалуға бақандай төрт ай уақыт болды емес пе, сонда да ешқандай нәтиже жоқ. Халық тұншығып қырылып жатыр, әлі күнге дейін дәріханаларда қарапайым дәрі-дәрмек тапшы, төсек-орын жоқ, медицина қызметкерлері жетіспейді", - деген ол халықтың ақшасына тойған жемқорлардың "ұятын" ояутдың мәнісі жоқ екенін айтты. 

Баян Мақсатқызы жөнсіз флешмобтар мен керексіз роликтер түсіргенше, халық игілігіне жарайтын нақты қадамдар күтетінін жеткізді. 

"Бүгін сіз халықтың игілігі үшін жұмыс істеуге даяр шынайы әрі адал кәсіби мамандарды тыңдағыңыз келетінін айттыңыз. Ондай мамандар біздің елде өте көп. Президент мырза, менің сізден өтінерім елдегі мәселелерді дүрбелең тудырмау әрі тыныштық сақтауды шақыруға арналған ролик, флешмоб және шоу-бизнес өкілдерінің қатысуымен ұрандар, плакаттармен ғана емес, шынайы іс-әрекет, нақты шешім шығаруды және олардың сол мезетте орындалуын қадағалауыңызды сұраймын", - дейді Алагөзова.

Саят Медеуовтің отбасында тағы да қайғылы жағдай орын алды
«Бәрібір өлеміз» - деп видео түсірген атақты әншіні полицейлер ұстап әкетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу