Нұрлан Еспанов: «Осындай сәтте қаржылық жағынан көмектесіп жатқан достарымыз аман болсын»

Oinet.kz 06-04-2020 1071

Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты елімізде концерттер мен мәдени іс-шаралар уақытша тоқтатылды. Қазақстандықтарға топ болып жиналуға тыйым салынды, демек той-томалақ та болмайды. Sputnik Қазақстан тілшісі той бизнестің уақытша тоқтауына байланысты кімнің қаржылай қиындыққа тап болғанын біліп көрді.

57D98CDF-FD34-40B4-B94E-DE8D599D2F77.jpeg

"Қазақстанда коронавирус жоқ" деп халықты сабырға шақырып, артынша елдің сынына қалған әнші Нұрлан Еспанов карантин кезінде балконға шығып әнұран орындап, Ескендір Хасанғалиевтің "Атамекен" әнін шырқап жүргенін айтты.

"Live-концерт беріп жүрміз. Кеше "Еуразия" арнасы, бүгін "Алматы" телеарнасынан хабарласып, видео түсіруімізді сұрап жатыр. Үйде отырып жұмысымызды істеп жатырмыз. Кешке балконға шығып, ауладағы көршілермен қосылып ән айтамыз. Әнұранды, Ескендір ағамыздың "Атамекен" әнін орындаймыз. Көршілерім мені біледі, мен тұратын кіреберіске қарап айқайлайды. Содан түнімен концерт береміз", - дейді Еспанов.

Әншілердің басым бөлігі тойға шығып, табыс табатыны ешкімге жасырын емес. Ал соңғы жағдайға байланысты елімізде той тоқтап тұр. Өнер адамында қаржылық қиындық бар ма, оны да сұрадық.

"Бізді кішкене қинайтыны қаражат жағы, себебі қазір сұраныс жоқ. Үйде отырыңдар деген соң 19 наурыздан бастап ешқайда шыққан жоқпыз. Бізде басқа жұмыс жоқ. Студияға барып, ән жазайын десек, ол жақ та жабық тұр. Ал бізге тапсырыс беретін кісілер студияға келуі керек, ал қазір үйден шығуға болмайды. Біз қазір түгел тоқтап тұрмыз. Осындай сәтте қаржылық жағынан көмектесіп жатқан достарымыз аман болсын", - дейді әнші

Нұрлан Еспанов өзінің тұрақты жұмысы жоқ екенін айтты. Алдағы уақытта жақсы ұсыныс түссе, мемлекеттік қызметке орналасуға дайын.

"Осыған дейін көп жыл Шымкентте мемлекеттік қызметте болдым. Кейінгі жылдары да ұсыныстар түсіп жатыр. Жасымыз болса келіп тұр, мемлекеттік қызметке жақсы ұсыныс түссе, қабылдаймын. Композитор ретінде жұмысым көп. Мультфильмге, киноға, әншілерге ән жазамын. Телеарналардан тапсырыс түседі", - дейді Еспанов.

Айтуынша, той иелерінен ол да алдын-ала ақша сұрамайды. Себебі таныстары мен жақындарының тойларына барады.

"Мен көп жағдайда достарымның, жақындарымның тойына барамын. Алдын ала ақша алмаймын, сол тойда бергенін аламын. Ал беріп қойған күннің өзінде аванс қайтарылмайды. Кейін той жасаған кезде сол тойға барады ғой. Мен аванс алмаймын, соңы дауға айналатынын білемін", – дейді ол.

Еспанов әріптестерінің арасында қаржылық қиындық көріп жүрген өнер адамдарының бар екенін айтты. Тіпті кредиті бар әншілер ақыл-кеңес сұраған.

"Қандай әнші болсаң да, айналып баратын жерің той. Қиналып жатқан азаматтарды естіп жатырмыз. Әншілердің ішінде кредиті барларға қиын. Маған "Нұреке, не істесем болады" деп хабарласты. Жеңілдіктер болады деп жатыр ғой, күтеміз", - деді Еспанов.

Сонымен қатар Еспанов біраз талқыға түскен видеосы жайлы да айтты. Айтуынша, әнші халықты сабырға шақыруға тырысқан, алайда бәзбіреулер әншінің ойын дұрыс түсінбеген.

"Магнумға келіншегім барған кезде "мынаны қарашы" деп дүкендегі халықтың дүрбелеңге салынып жатқанын түсіріп жіберді. Мен халыққа "уайымдамаңдар, үкімет барлығыңа азық-түлік жетеді деп айтты" деп басу айттым. Ал оны басқаша түсініп қалды. Оны айтқан кезімде коронавирус біздің елімізге келмеген болатын. Мен халықпен біргемін, Алматыдамын. Ешқайда кетіп қалған жоқпын", - деді ол.

«Карантиндегі жұлдыз»: Айқын қалай тамақ жасайтынын көрсетті (видео)
Қайтыс болған ұлына сағынышын білдірген Ердос Қанаев ел жүрегін елжіретті (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу