Мектеп оқулықтарының мұқабасына отандық жұлдыздардың шыққаны рас па?
Ғаламтор кеңістігінде бірқатар отандық жұлдыздардың 11 сынып оқушыларына арналған кітаптардың мұқабасына шыққан суреті тарап кетті. Мектеп оқулықтарының сыртына шыққан жұлдыздар қатарында Төреғали Төреәлі, Ерке Есмахан, Тәуекел Мүсілім мен Әбдіжаппар Әлқолжа бар деп жазады Nur.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Желіде тарап кеткен суретке сәйкес, "Қазақ тілі" оқулығының сыртында Төреғали Төреәлі бейнеленсе, "Геометрия" мұқабасында Ерке Есмахан тұр. Сонымен қатар, "Қазақстан тарихында" Әбдіжаппар Әлқожа, "Ағылшын тілі" оқулығында Тәуекел Мүсілім бой көрсеткен.
Бұл "жұлдызды оқулықтардың" суретімен Instagram парақшасында Төреғали Төреәлі бөлісті. Ол өзі бейнеленген "Қазақ тілі" кітабының мұқабасын жариялап, "құтты болсын ағайын" деп оқырмандарынан сүйінші сұраған.
Оған қоса, өнер иесі өзге әріптестерінің суреті қойылған кітаптарды да желіге жүктеп жіберді.
Отандық әртістердің мектеп оқулығына шығуы желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Бірі бұл жайтты қолдап жатса, енді бірі оны үлкен қателікке балады.
Ал кейбір оқырмандар аталмыш суреттердің фотошоптың арқасында жасалғанына кәміл сенімді екенін жеткізді.
Айта кетейік, әншілер бейнеленген оқулықтардың шын мәнінде жарыққа шыққаны немесе шықпағаны жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ.