Жыныстық жиһадқа аттану деген сұмдық енді Қазақстанға да келді

Oinet.kz 17-06-2019 1106

Screenshot_4.jpg

...Мұны жаһандану үдерісінің нәтижесі дейсіз бе әлде ақпараттық технологиялардың жемісі дейсіз бе, өзіңіз білесіз, әйтеуір бүгін алыс шетелде болған, естіген адамның жағасын ұстатын жәйттар ертең  айны-қатесіз өз елімізде бола беретін заман туды. Бұрын Пәкістанда, Ауғанстанда, Иракта болған террорлық жарылыстарды тек теледидардан көруші едік. Соңғы жылдары бұл қауіп Қазақстанды да айналшықтай бастады. Бұған дейін жыныстық жиһад деген масқараны тек интернеттен оқыдық.  Жыныстық жиһадқа аттанып жатқан Еуропа қыздарының  әрекетіне аң-таң қалдық. Кейбір дінтанушы ғалымдарымыз «мұндай жағдай бізде болмайды» дегенді кесіп тұрып айтқаны да есімізде. Қателескен екенбіз. 

Жуырда «Караван» газетінде «кәпірлермен» соғысып жатқан содырларға жыныстық қызмет көрсету үшін Шам жеріне аттанып кеткен ақтөбелік екі келіншек туралы мақала жарық көрді. Екеуі де қазақтың қарапайым келіншегі. Арттарында балалары, тіпті бірінің  некелі күйеуі да бар. 

28 жастағы ақтөбелік Әлия есімді келіншек үш баласын, күйеуін тастап, Шам жеріне жыныстық жиһад жасау үшін аттанып кеткен. Былтыр. Келіншектің мұндай қадамға баруына интернеттегі ДАИШ ұйымының салған бейнероликтері көп әсер еткен. Шам жеріне аттанған қазақ келіншегінің тағдыры осы уақытқа дейін белгісіз көрінеді. 

-Біз өзіміз бауырларымыздың уағыздарын бірге тыңдайтынбыз, Интернеттен де діни тақырып  жөнінде материалдар қызықтыратын.  Арамызда дінге қатысты ешқандай қарама-қайшылық болған емес. Күндердің күнінде ол жыныстық жиһад жасауға аттанатынын айтқанда, төбемнен жай түскендей болды. Мұндай ой оның басына қайдан келіп жүр? Екеуіміз қатты ұрыстық. Ол маған «сенің қарсылығың сеніміңнің тек сөзбен ғана шектелетін білдіреді» дегенді айтты. Мен оны райынан қайтардым деп ойлағанмын. Алайда ол бір күнде із-түссіз жоқ болған кезде өзімнің қателескенімді түсіндім. Оны біреулердің азғырғанына күмәнім жоқ,--депті Әлияның күйеуі.   

Бәріне кінәлі интернет. Күйеуінің айтуынша, Әлия соңғы кездері «Однаклассники» деп аталатын әлеуметтік желіге кіріп, содырлардың жыныстық жиһад жасау туралы уағызын  көп тыңдапты. Олармен хат-хабар алмасып, жазбаларды сол мезете өшіріп отырған. 

Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының Гүлбану есімді 20 жастағы тұрғыны осыдан бес ай бұрын жыныстық жиһадқа аттанып кеткен. Күйеуімен ажырасып кеткен оның қазір артында бір жарым жастағы қызы қалған. Жалпы Гүлбану тұрған аймақта керағар діни ағымдардың жетегіне ергендер көп көрінеді. Былтыр мұнда 146 ата-ана балаларына екпе ектіруге қарсылық білдіріпті. Ал биылдың өзінде екпеден бас тартқандардың саны 214-ке жеткен. Осының өзі көп жайтты аңғартпай ма? 

9 мамырда Гүлбану бұрынғы күйеуі жіберген ақшаны банктен алу үшін Ақтөбеге кеткен. Осыдан кейін із-түссіз жоғалған. Кейінірек туыстары оның «мама, бәрін Аллаға тапсырдым. Мені кешіріңдер, бәріңді жақсы көремін. Қызымды саған тапсырдым. Мен Сирияға кетіп барамын. Енді қыздарыңызды өлді деп есептеңіздер, Гүлбану» деп жазған тілдей хатын тауып алып, мән-жайды осы кезде түсінген. 

-Тілхатты оқып өз көзіме сенбедім. Үйге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келген кезде де сене алмадым. Олардың айтуынша қызым күні бұрын дайындалған. Шетелге шығатын төлқұжатын әзірлеген, тіпті қызын да бірге ала кетпек ойы болыпты. Алайда бізге ештеңені сездірген жоқ, жүріс-тұрысынан күдікті ештеңе байқалмаған еді. Гүлбану араға жиырма күн салып қоңырау шалды. Діттеген жеріме жеттім деді. Ұзақ сөйлесе алмадық. Одан кейінгі төрт ай ішінде үш рет хабараласты. Үшеуінде де бөтен нөмір. Соңғы соққанында медик болып жұмыс істеп жүргенін, үйге қаңтарда оралатынын хабарлады. Хабараласқан сайын қызын сұрайды. Оның суреттерін WhatsApp арқылы жіберуді сұрайды. Соңғы бір айда қызымнан ешқандай хат-хабар жоқ,--дейді Гүлбанудың анасы. 

-Перзентім үйге оралса екен деп тілеймін. Қалай үйге келтірерімді  білмеймін. Қиналып жүргенін ішім сезеді, бірақ ол оны маған  айта алмайды. Көптеген сұрақтарыма жауап бермейді. Оның бізге айтқан әрбір сөзін біреулердің аңдып отыратынына күмәнім жоқ,--дейді ана. Туыстарының ойынша, Гүлбану Сирияға жыныстық жиһадқа аттануға шақырған әлдебіреулердің  азғыруына түскен.  

Гүлбанудың бұрынғы күйеуі де дінге мойынұсынған жігіт болғанға ұқсайды. Ол Гүлбанумен араларында болған ұрыс-керістен кейін ажырасып кеткенін айтыпты. Соңғы кездері бұрынғы әйелін көшеде үстіне қап-қара киімдерді киіп жүргенін біреулер көріпті.

- Ажырасқан соң ол 4 ай 10 күнге созылатын идда уақытын күтуі тиіс еді. Алайда ол бар-жоғы екі айдан кейін Сирияға аттанып кеткен. Мұның бәрі де оның сенімінің әлсіз екендігін көрсетеді,--дейді Гүлбанудың бұрынғы жары. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл жазда «Шайтан жолындағы жыныстық жиһад» деп аталатын  бейнефильм түсіріп, оны халыққа таратқан болатын. Осы фильм таралып жатқан кезде муфтиат жыныстық жиһадқа аттанған қазақ қыздары туралы ешқандай мәліметтердің жоқтығын айтқан. Қазақтың қаракөз қыздары мұндай тірлікке бара қоймас деген алаңсыздық бәріміздің де көкейімізде болғаны рас. Бірақ мына жәйттан кейін ойланып қалдық.  «Ел іші болған соң бір-екі оқиға кездеседі, соған бола елді дүрліктірудің қажеті бар ма?» дейтіндер де бәлкім табылатын шығар. Бірақ жыныстық жиһадтың тек бір-екі оқиғамен шектелетініне қане, кім кепіл бола алады? 

Мұрағаттан, 2015 ж

Сириядағы соғысқа қызығудың соңы сотталумен аяқталды
Құрбан айттың қадірі мен қасиеті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу