Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Құран Кәрім – шариғат үкімдерінің қайнар көзі. Оның және Пайғамбарымыздың шәріп – хадистерінің әрбір сөзінің бірнеше астарлы мағыналары, Аллаһ Тағаладан түсу себептері, сондай – ақ, кейбір хадистердің бір қарағанда қарама-қайшы сияқтанып көрінетін тұстары да бар. Аяттар мен хадистердің қайсысының бұрын түсіп, қайсысының кейін түскенін терең зерделей алатын адам ғана насих пен мәнсұх аяттарды бір-бірінен ажырата біледі. Ал мұның бәрін қарапайым діндар адам түсіне де алмайды, тереңнен талдап, ара жігін ажыратып, шариғи үкім шығара да алмайды. Сондықтан бәріміз де Әбу Ханифа сияқты Құран ілімімен бірге хадис ілімін, мантық (логика) - қисын, фиқһ негіздерін, тағы да басқа ислами ілімдерін жетік білген мүжтәһид ғалымның шығарған үкімдерімен жүруге тиістіміз. Өйткені өз бетімізше әрекет етсек, түзу жолдан адасып кетуіміз мүмкін. Мұнан кейін, Мұхаммед (Алланың сәлемі болсын) пайғамбарды көздері көрген сахабалардың және сахабалардың көзін көрген табиғиндердің өздері діни мәселелерде араларындағы білімділерге жүгінген болса, кейінгі ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа секілді Құран ілімімен қоса хадис ілімін, мантық-қисын, фиқһ негіздерін, сахаба пәтуалары мен басқа да ғұламалардың көзқарастарын, т.б. ислами ілімдерді жетік біліп, әрбір аятты зерделеп, мыңдаған хадисті мұқият зерттеген мүжтәһид ғалымдардың шығарған үкімдерімен жүруге қаншалықты зәру әрі мұқтаж екені айтпаса да түсінікті.
Ал өз бетінше әрекет еткен адамның ақиқаттан адасуы әрі өзгелерді де адастыруы әбден мүмкін. Мәзһаб ұстанбаймын деген қатардағы адамның мысалы мынаған ұқсайды: Физика ғылымында білгірлердің анықтаған тұрақты формулалары бар. Қарапайым адамдар сол формулаларды қолдана отырып есептерін шығарады. Ал оны қолданбаймын деп бас тартқандар өздері сондай формулаларды ойлап табуы ләзім. Формула табу кез- келгеннің қолынан келетін шаруа емес. Ол адам өзінің алдындағы білгірлерден де асып түсіп, білімі олардан да терең болуы қажет. Олай ете алмаса, бұрынғы формулаларды қолданбаймын деуі бекершілік. Мұнан шығатыны, мәзһаб ұстанбаймын деген адам да Имам Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи, Имам Ахмад ибн Ханбал секілді мүжтаһиттік дәрежеге жеткен жан болмаса, мәзһабсыз жүрем деуі бос әурешілік. Олай болса, Ханафи мәзһабы исламнан бөлек, пайғамбар сүннетінен өзгеше жол емес, керісінше Құран аяттары мен хадистерде білдірілген ақиқаттарды анықтап, үкімдерді халыққа түсіндіруші мектептердің бірі. «Қазіргі таңда хадис кітаптары алдымызда, қай хадистің сахих , ал қайсысының дағиф екені де белгілі. Олай болса, мәзһаб ұстанудың қажеттілігі қаншалықты?» - деуіңіз де мүмкін. Жаңылысасыз.
Біріншіден, мәзһаб ұстанбаймын деген адам хадистердің дұрыстығы мен әлсіздігін өз біліміне сүйене отырып шешпей, хадис ғалымдарының хадистерге берген анықтамасына жүгініп отыр. Ал хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтау – әр хадис ғалымының хадистерді қабылдаудағы шарттары мен талаптарына, зеректігі мен ыждаһаттылығына қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан, кейде біреуінің сахих дегенін екінші бірі қабылдамауы ықтимал. Сіз хадисті өздігіңізше жеке зерттеп, оларды риуаят еткен хадис тізбектеріндегі мыңдаған адамдардың өмірбаянын жеке-жеке тексеріп, сараладыңыз ба? Олай етпеген болсаңыз хадистің дәрежелерін білуде белгілі бір хадис ғалымдарының берген анықтауын ұстанып отырсыз. Олардың мынау сахих дегеніне сахих деп, анау әлсіз дегеніне әлсіз деп хадиске берген үкімін ұстануда. Бұл дегеніміз хадис ілімінде белгілі бір мәзһаб ұстанып отыр деген сөз.
Ал енді фиқһта белгілі бір мәзһаб ұстауға қажеттілік жоқ деген адам хадистің сахихтығы мен әлсіздігін анықтауда да мәзһаб ұстанбауы тиіс. Ал ұстанады екен, онда фиқһ мәселелеріндегі мәзһаб ұстануға да қарсы шықпауы тиіс. Екіншіден, хадистердің дұрыс, әлсіз секілді дәрежелерінің белгілі болуы – үкім шығару үшін жеткіліксіз. Себебі, ең алдымен хадистердің қайсысының үкімінің жалғасып, қайсысының мәнсұх болғанын білу қажет. Қайсысының қандай жағдайда айтылғанын білу үшін мыңдаған хадистерді толық оқып, ондағы нәзік мағыналарды бір-бірімен салыстырып, бүтіндей білген жөн. Ал мұның бәрін базардағы саудада тұрған, яки, көлік жүргізіп жүрген қарапайым мұсылмандарды былай қойғанда, арнайы бес-алты жыл діни ілім алып шыққан маман да біле бермейді. Сондықтан бұл төрт мәзһаб ислам әлемінде ресми мәзһаб саналып, 1300 жылдан бері өз ұстанымдары бойынша әрекет етіп келеді. Ол мәзһаб иелерінің әрқайсысы білгір ғалымдар.
Құран Кәрім мен Сүннет жолына лайық болғандықтан, «әһлус-сүннә уәл-жамаға», яғни хазіреті Мұхаммед (Алланың сәлемі болсын) пайғамбарымыздың сүннет жолын ұстанып, көпшіліктен бөлінбей, бірлік–ынтымақты жақтаушы қауым мәзһабтары атанды.
Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы»