Пайғамбарға ілім үйреткен пайғамбар - Қызыр ата (қисса)
Мәлике: Пайғамбарға ілім үйреткен пайғамбар кім еді?
Әбілда: Ол Қызыр ата еді. Бірде Мұса пайғамбардың көңілі шалқып:
– Менен ілімі асқан адам бар ма екен? – деп ойлады. Сол сәтте Тәңірден әуез түсіп:
– Әй, Мұса, Парсы мен Ұрұм дариясы тоғысқан жерге бар. Сонда Қызыр есімді менің құлыммен жолығарсың. Содан сұра! – деді.
Мұса жолға шығып, ұзақ сапарлап Қызырға ұшарысты. Сол сәтте бір шымшық ұшып келді де, екеуінің ортасына бір тамшы су тамызды. Қызыр жымиып күлді. Мұса:
– Неге күлдің? – деді. Қызыр:
– Бұл шымшық нені ишара еткенін білесің бе? Сенің жиған-терген ілімің тамшыдай ғана дегенді ишаралап тұр, – деді. Мұса шамданып қалды:
– Онда теңіздей біліміңді көрсет! Мен саған ерейін, – деді. Қызыр шарт қойды:
– Мен ақылға сыймайтын іс жасаймын. Сен тағат қылып, ақырын күт! Артық сұрақ берме! Шартты үш рет бұзатын болсаң, сапарымыз тәмам, – деді. Мұса келісті.
Екеуі жолға шықты. Ұзақ жүрген соң, бір кемеге мінді. Кеме иесі Қызырдың танысы екен. Одан ақы алмады. Кеме жағаға жеткенде Қызыр қолына балта алып, кеменің ағаштарын қиратып, түбін ойып тастады. Кеме қисайып, жүзуге жарамай қалды. Мұса шыдамай:
– Ақы алмаған жақсы адамға неге қастық қылдың? Мұның не? – деді.
– Уәдең қайда? – деді Қызыр. Мұса кешірім сұрады. Сапар жалғаса берді. Екеуі бір ауылға кірді. Ешкім бұларды қонақ етпеді. Бір кемпір ғана үйіне шақырып қондырды. Кемпірдің не ұлы, не қызы жоқ, жан дегенде жалғыз ешкісі ғана бар екен. Қызыр кемпірге білдірмей, түнде қораға кірді де пышағын алып, ешкіні бауыздап тастады. Мұса ашуланып:
– Ешкіні неге өлтірдің? Аспен ұрғанды таспен атқаның не? – деді.
– Уәде қайда, Мұса? – деді Қызыр екінші рет. Мұса үндемеді. Екеуі кемпірмен қоштаспастан жүріп кетті. Жүре-жүре бір шаһарға келді. Ел шетінде қабырғасы құлайын деп тұрған бір қораны көрді. Қораның ішінде екі жетім бала өмір сүреді екен. Қызыр оларды қуып шығып, қораның қабырғасын қиратып, төбесін жерге түсірді. Мұса тағы да шыдай алмай:
– Әй, Қызыр, қос жетімді жылатып, қуып жібердің. Ескі қора болса да олардың панасы еді. Енді олар қайда барады? Неге бұздың қорасын? – деді түтігіп. Қызыр:
– Әй, Мұса, уәдені үшінші рет бұздың. Осымен сапар да, сабақ та тамам. Бұдан артық сені ертіп жүре алмаспын.
– Әй, Мұса, уәдені үшінші рет бұздың. Осымен сапар да, сабақ та тамам. Бұдан артық сені ертіп жүре алмаспын. Сен Алланың хикметті істерін ұқпайтын надан екенсің. Әуелі, кемені қиратқаным – сол елдің патшасы көрші елге соғыс ашып, кеме жинап жатты. Енді жандайшаптар кедей танысымның жүзуге жарамсыз кемесін алмайды. Соғыс біткен соң досым кәсібін жалғастырады. Екінші, ешкіні бауыздаған себебім – кемпірдің Құдайға жаққан қылығы бар. Үнемі сахар тұрып, Құдайды зікір етеді. Бірақ ана ешкісі бәле болды. Не өлмейді, не қоймайды. Құдай мен екеуінің арасына перде болып тұрып алды. Кемпір алаңсыз Құдайдың мекеніне кетейін десе, ешкісін қимайды. Құдай да кемпірді жақсы көрген соң, тілегін қабыл етіп, ешкісін өлтірмей келе жатыр. Енді кемпір алаңсыз Досының мекеніне аттанады. Үшінші, қораны қиратқан себебім – онда да сыр бар. Құдайым екі жетімнің несібесін басқа жақтан нәсіп еткен еді. Бірақ бұлар ана ескі қорадан шықпай қойды. Қораны Алланың әмірімен қираттым. Енді екі жетімнің барар жер, басар тауы шаһардың ішіне кіреді. Оларды бір байдың әйелі көріп мейірімі оянады. Олардың бала-шағасы жоқ қубас еді. Екі жетімді асырап, бала етіп алады, – деді.
Сол кезде Мұса өзін білімдар санап, Алла алдында айыпты болғанын ұқты. Қоштасар сәтте Қызырға:
– Ілімің расымен артық екен. Маған ақыл беріңіз, – деп қолқа салды. Қызыр:
– Ілімнің ең үлкені – сабыр. Сен сабыр сақтап, істің артын күткенде үш оқиғаның да хикметін түсінер едің. «Сабыр түбі – сары алтын» деген осы, – депті.
«Мың сұрақ» кітабынан алынды