«Барған соң көреміз» дегендердің көбі барып қойды ... (мысал әңгіме)

Oinet.kz 14-08-2020 758

Бір мысал әңгіме бар еді. Көлдегі балықтардың арасында көп жасаған көнекөз, кәріқұлақ бір қариясы бопты. Сол  қария қарттық жетіп, ажал жақындағанда,  өзінің кіндігінен тараған үрім-бұтақтары  мен  өрен-жарандарын жиып бақұлдасыпты. Сөзінің соңын мынандай өсиетпен аяқтапты: «Балаларым, біздің өмір сүріп жатқан жеріміз – бұл дүние.  Мынау судың үстінде о дүние деген өмір бар. Ол жақта тік жүретін, екі жағында екі салбырағы (қолдары), төбесінде домалақ басы бар бір мақұлықтар өмір сүреді. Өздері өте айлакер келеді. Олар сендер жақсы көретін жәндіктерді үшкір темірлердің ұшына шаншып қояды. Бірақ, сендер оларға алданбаңдар! Жейміз деп ұмтылып жүрмеңдер. Ал, егер, ашқарақтанып бас салсаңдар, құрыдыңдар! Онда сендерді жоғары қарай тартып әкетеді. Олардың төрт бұрышты боп келетін үйлері бар. Сол үйлерде әлгіндей мақұлықтардың ұрғашылары болады. Олары тіпті жаман! Қолдарында жарқ-жұрқ еткен өткір темірлері болады. Сол темірлерімен қарындарыңды ақтарып салады. Үстеріңдегі жалт-жұлт еткен теңгелеріңді қырнап тастайды. Сонан соң, әппақ бір ұнтаққа аунатады. Одан кейін шыжылдап қайнап жатқан майға тастап, әрі-бері әбден күйдіреді. Сонан  соң, сүйектеріңнің қайда қалғанын, еттеріңнің қайда кеткендерін ешкім білмейді…” деп ентігіп барып тоқтады. Бұл сөздерді тыңдап отырғандардың бәрі шошып, жандары түршікті…

K0iqe7Q3bnPlI2mT-lg.jpg

Көп ұзамай қария балық өмірден өтті. Бір күні бір топ жас балықтар серуендеп келе жатып, қармақ ұшына ілінген шылаушанға кездеседі. Ұшқалақтау бірі шылаушанға ұмтыла бергенде, екінші бірі: «Тоқтаңдар, мынау  әнеукүнгі атам айтқан нәрсе ғой. Жақындамайық!» дейді. Бірақ, елігіп алған ұшқалақ шабақ: «Өй, ол  алжыған атамның ертегісі  еді ғой. О дүниені кім көріп келді дейсің? Сен де не болса соған сеніп… Қазір мен мынаны жеймін. Сонан соң, о дүние болса,ол жақтан өз көзіммен көріп келгендерімді жырдай ғып сендерге айтып беремін!» деп, шылаушанға ауыз салып қалғанда, темір қармаққа қақалды да қалды. Байқұс  балық ойыннан от шыққанын түсінген кезде бәрі де кеш еді. Әрі-бері бұлқынып көріп еді, түссіз арқан тыпыр еткізбей, жоғары қарай сүйрей жөнелді. Содан, сол балық айнадай жарқыраған аяулы айдынына  қайта оралмады. Қайсыбір құрдастары «бәлкім келіп қалар, о дүниенің жағдайын майын тамызып тұрып айтып берер» деп әлі де күтіп жүр дейді…

Одан бері талай адамдар да көз көрмеген әлемге сапар шекті. «Барған соң көреміз»  дегендердің көбі барып қойды баратын жақтарына. Олар енді көретіндерін көріп жатыр. Бірақ, олар, өкінішке орай, не көргендерін бізге айта алмайды. Ал, біз кімнің қандай халде екенін дәл білмегенмен, қандай сипаттағы адамдардың нендей жағдайда болатынын өзімізге түсірілген Кітап пен Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандары арқылы жақсы білеміз. Қалған өмірімізді шариғат белгілеп берген заңдарға сәйкес сүрсек, Жаббар Иеміздің уәде еткен жақсылықтарына қол жеткізерміз деп үміттенеміз. Бірақ, жаңағы балық сияқты, дінді ертек санап жүргендер ақылдарын дұрыс істетсе екен, Құбылаға қарап, бізбенен бірге бір сапта тұрып намаз оқыса деп армандаймыз ғой баяғы…

Серік Қалиев

Әруақтар үйге көгершін болып ұшып келеді деген қаншалықты рас?
Бес кісіге көңілінде жүрген сырды айтпа
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу