Әруақтар үйге көгершін болып ұшып келеді деген қаншалықты рас?

Oinet.kz 14-08-2020 980

Бұл - осы үйдің бір баласы 3 жыл бұрын қайтыс болған екен. Сол балаға құран оқытқан сайын осы көгершін үйге ұшып келетінге ұқсайды. Құдайдың құдіреттілігінде шек жоқ. Осы уйдің қайтқан баласы, құс болып анасының басына келіп қонып отыр қимай. Осы сұраққа көмек бересіз бе? 

4PhsAjzT5OaovpJG-lg.jpg

Құрметті сауал қоюшы, Пайғамбарымыздан жеткен бірнеше хадистерде иманды мұсылманның жаны өлгеннен кейін құс болып, пейіште шат-шадыман өмір кешетіндігі айтылған. Бірақ, құс болып осы дүниеге ұшып келетіндігі жөнінде нақты дерек кездеспейді.

Сахаба Кәъб ибн Мәликтен жеткен бір риуаятта Алла елшісі былай деген екен:

«Шынында мүмин-мұсылманның жаны құс болып, пейіштің бақшасында нығметке бөленеді. Мұнысы, қайта тірілу күнге дейін Алла оны денесіне қайтарғанша жалғаспақ»[1].

Имам Табараниде орын алған хадисте, Әбу толибтың қызы Үмму Һәни Алла елшісінен: «Біз өлгеннен кейін бір-бірімізге зияраттап барамыз ба, бір-бірімізді көреміз бе?» - деп сұрайды. Алла Елшісі (с.а.у.): «Жан қиямет қайымға шейін (пейіштегі) ағашта (ұшып)қонып жүретін құс болады. Қиямет қайым болғаннан кейін әр жан өзінің бұрынғы денесіне кіреді», - деп жауап берген екен[2].

Жас сәбилердің рухына келер болсақ, Имам Бәйһақи Абдулла ибн Аббастан, ол болса Кәъбтан жеткізген риуаятта былай делінген:

«әл-Мә’уә пейішінде жасыл құстар бар. Ол жерге (пейішке) шейіттердің рухы (құстарға еніп) көтеріледі де, пейіште серуендеп (ұшып жүреді). Ал, перғауынның отбасының рухтары қара құс болып, тозаққа кетеді, сол жақта болады. Мұсылмандардың (шетінеген) балалары пейіштік шымшыққа енеді (пейіштік шымшықтардың бейнесінде болады)»[3].

Әл-Хаким риуаят еткен сахих хадисте, сахаба Әбу Һурайра Алла елшісінің былай дегенін жеткізген:

«Мүминдердің балалары (шетінегеннен кейін) (құс болып) пейіштегі тауға орнығады. Оларды қиямет қайым болып, әкелеріне қайтарылғанға шейін, Ибраһим пайғамбар мен жары Сара қамқорына алады (қарайды)»[4].   

Ал, енді өзіңіз айтпақшы, әруақтардың құс болып, өзінің жанұясына келіп тұратындығына қатысты сунниттік деректерден нақты мәлімет кездестірмедік. Оны шиізм[5] бағытындағы деректерден кездестіруге болады. Мәселен, шиізмдегі төрт іргелі-негізді хадистер топтамасының бірі болып есептелетін «әл-Кәфи» атты риуаяттар топтамасында (авторы: Мухаммед ибн Яъқуб әл-Күләйни. ө.ж.х. 329 ж.), мынадай мәлімет бар:

«Бірінші Әбул Хасан (Мұса әл-Казым) айтады: «Мен одан: -Өлген адам отбасына келе ме? – деп сұрадым. Ол: - «Иә» деді. - «Қай уақыттарда келеді?» - дегенімде,- «Дәрежесіне қарай жұма күні, айына бір рет және жылына бір рет», - деді. - «Қандай бейнеде келеді?» деп сұрағанымда: - «Жұмсақ құстың бейнесінде келеді. Үйдің қабырғасына барып қонады. Егер, ол отбасының жағдайы жақсы екендігін көрсе, қуанады, ал жағдайлары нашар екендіктерін көрсе, қайғырады» деді»[6].

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 

[1] Имам Ахмәд: Мүснәд-15350; Имам Мәлик: Муатта. Хадис сахих.

[2] Имам Табарани. Хасан хадис.

[3] Имам Бәйһиқи. Имам ибн Әби Шәйбә.

[4] Имам Суюти: әл-Хауи. Китабуль Б аъс.

[5] Шиіттер (араб.: شيعة‎ — топ, ағым, секта) — Мұхаммед пайғамбардың өлімінен кейін пайда болған ағым. Бұлар (әсіресе рафизилер) «Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін халифалыққа Әзірет Әли лайық еді» деп, Әбу Бәкір және Омардың халифалығын мойындамаған. Бірнеше сахабаларға мұнафиқтық сипатын тағып, Айша анамызды зинақорлықпен айыптады.  Қазіргі таңда Шиизм бағыты - Иран Ислам Республикасының діни ұстанымы болып табылады

[6]Әл-Кәфи: №4705.

Абдусамат Қасым

islam.kz

Жабайы кептердің етін жеуге бола ма?
«Барған соң көреміз» дегендердің көбі барып қойды ... (мысал әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу