«Дұғам қабыл болсын» десеңіз...
Араб тіліндегі «дуъаа» сөзінің мағынасы «сұрау», «жалбарыну» дегенге келеді. Аллаға дұға ету деген сөз Оған жалбарынып, әр нәрсенің қайырлысын сұрау дегенді білдіреді. Басқа бір адамға дұға ету ол адамға жақсылық тілеу дегенге саяды. Демек, дұға пенденің Раббысынан жалбарынып сұрауын білдіреді.
Осы тұста айта кететін бір жайт, жасаған дұғасы қабыл болуы үшін әр мұсылман дұғаның әдептері мен шарттарын, қабыл болу ықтималдығы жоғары уақыттар мен қабыл болуын тосатын кедергілер жайлы хабардар болғаны дұрыс.
Дұғаның әдептері
1. Аллаға мадақ, Пайғамбарға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтумен бастап, аяқтау керек;
2. Дұғаны кеңшілік кезінде де, қиындық кезінде де қылу;
3. Жанұясына не мал-мүлкіне, балаларына немесе өзіне қарсы дұға қылмауы тиіс;
4. Дұғаны ақырын дауыспен қылу;
5. Дұға қылғанда Аллаға қатты жалбарыну;
6. Дұғаны қайта-қайта қылу;
7. Құбылаға қарап дұға қылу;
8. Дұға қылғанда қолды жоғары көтеру;
9. Дұға қылардан бұрын дәрет алу;
10. Дұға қылғанда Алла Тағаладан қорқып жылау;
11. Басқа біреуге дұға қылса бірінші өзінен бастауы тиіс;
12. Тәубе ету және хақсыз істегендерін қайтару;
13. Өзімен бірге ата-анасына да дұға қылу;
14. Өзімен бірге иман келтірген ерлер мен әйелдерге де дұға қылу.
Дұғаның қабыл болуының басты уақыттары
Қадір түні;
Парыз намаздарының соңы;
Түннің соңғы бөлігі;
Азан мен қамат арасында;
Парыз намаздарына азан айтылғанда;
Намазға қамат айтылғанда;
Жаңбыр жауғанда;
Жұма күнінің бір сағаты;
Зәмзәм суын ізгі ниетпен ішкен кезде;
Сәждеде жатқанда;
Түн уағында ұйқыдан тұрып, қылған дұға;
Жүніс пайғамбардың дұғасымен тілесе;
Басқа бәле-қаза төнгенде;
Дәрет алғаннан кейін;
Арафа күні;
Рамазан айында;
Мұсылмандар жиналып Алланы зікір еткен кезде;
Әтеш шақырғанда;
Зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде;
Дұғаның қабыл болуының ең үлкен, ең маңызды шарттары төмендегідей:
Бірінші шарт: Ықылас-ынта. Ол – дұға мен оған амалды барлық күмән туғызатын нәрселерден таза орындау, барлық істі бір Аллаға тапсыру;
Екінші шарт: ұдайылық. Бұл – тек дұғаның ғана емес, ғибадат түрлерінің барлығының да шарты;
Үшінші шарт: Алла тағалаға шын сенім мен дұғаның қабыл болуына анық илану;
Төртінші шарт: дұғаны жүректен шығару, Раббыдан қорқу, Алланың алдындағы мол сауаптан үміт етіп, жазаларынан жасқану;
Бесінші шарт: дұғаны нық шешіммен, ыждағаттылықпен, байсалдылықпен тілеу. Мұсылман Раббысына тілеу тілегенде айнымас нық шешіммен, ынты-шынтысымен беріліп дұға қылуы керек.
Дұғаның қабыл болуына кедергі келтіретін нәрселер төмендегідей:
Бірінші кедергі: харамға бой алдыру, хараммен жеу, ішу, кию;
Екінші кедергі: дұғаның тез қабыл болуына деген шыдамсыздық танытып, ақырында дұғаны тастап қою;
Үшінші кедергі: асылық және тыйым салынған істерге бой ұру. Дұғаның қабыл болуына тыйым салынған шектерді бұзып, күнәларға бару кедергі болуы мүмкін;
Төртінші кедергі: Алла Тағаланың міндеттеген парыздарын орындамау. Құлшылық істерін орындаудың дұғаның қабыл болуының бір себебі десек, керісінше, мұсылманға міндеттелінген парыздарды орындамау да дұғаның қабыл болуына кедергі болып есептеледі;
Бесінші кедергі: Күнә-қателікте болу не туыстық байланыстарын үзу;
Алтыншы кедергі: Дұғаның қабыл болуы Алланың хикметімен кешігуі ықтимал. Бұл туралы бір хадисте айтылған.
Дереккөз: muftyat.kz