Черчилльдің «ішкі дауысы»
11-01-2024
Антикалық дәуірдің ең ықпалды, қатал әрі жұмбақ тұлғасы Клеопатра жайлы зерттеулер, кітап, фильмдер де көп. Клеопатра біздің заманымызға дейінгі 69 жылдың 2 қарашасында туылған. Мысыр патшасы - Птолемей ХІІ-нің үш қызының бірі болған. Балалық және жастық шағы туралы мәлімет жоқ. Әкесі Птолемей XII қайтыс болғаннан кейін Клеопатра сол кездің заңы бойынша, 9 жасар інісі Птолемей XIII-пен формальды ресми некеге тұрып таққа отырады. Бастапқы кезде жалғыз өзі елді басқарды. Інісі өсіп, оның тәрбиешісі Теодоттың және қолбасшы Ахиллдың демеуімен таққа талас басталады. Нәтижесінде Клеопатра біздің заманымыздан бұрын 48 жылы Сирияға қуылды. Бірақ Александрия соғысынан кейін Рим императоры Ю.Цезарьдің көмегімен таққа қайта оралады. Птолемей ХІІІ қашып жүріп суға батып қайтыс болғаннан соң, Клеопатра ресми түрде кішкентай інісі Птолемей XIV-пен формальды некеге тұрып, шын мәнісінде Мысырда тұтас билікке еге болады. Ұлы билеуші Мысырды өмірінің соңына дейін римдіктерден қорғап өтті.
Клеопатраның ел билеудегі тапқырлығы, дипломаттық шеберлігі мен қатыгездігі өз алдына бір бөлек әңгіме. Көне ғасырда өмір сүрсе де ел билеген әйелдің өмірі зерттеушілерді қызықтырып келеді. Соңғы жылдары ғалымдар Клеопатраға байланысты бірқатар тың, қызықты деректерді тауып отыр. Осы уақытқа дейінгі мәліметтерде Клеопатраның асқан сұлулығы дәріптеліп келген болатын. Сұлулықтың символы ретінде саналып келген бикеш көптеген фильмдерге арқау болған. Кинематографияда патшайымның рөлі Вивьен Ли, Софи Лорен, Элизабет Тейлор, Монике Беллуччи секілді сұлу актрисаларға бұйырған. Экрандағы Клеопатраның образын көрген жұртшылық та оның сұлулылғына сеніп келген еді. Алайда Клеопатра өте сұлу әйел болған деген тұжырымды бүгінде ғалымдар жоққа шығарып отыр. Кембдридж университетінің египтологы Салли Энн Эштон билеушінің суреті бейнелеген көне тиындар мен Мысырдың Дендер қаласында орналасқан ғибадатханадағы мүсінді негізге ала отырып Клеопатраның образын жасап шығарды. Бір жылдық еңбегінің нәтижесінде Эштон Клеопатраның жұрт сүйсінетіндей сұлу болмағанын дәлелдеп шықты. Ғалымның бюстіне қарап патшайымның мұрны ұзын әрі үлкендеу, астыңғы ерні шығыңғы және үшкір қабақты екенін аңғаруға болады. Ал Британия мұражайының тарихшылары Мысыр халқы пір тұтатын әйелдің толық және бойының орташа болғанын айтады. Клеопатраның сұлулығының құпиясын бұған дейін грек тарихшысы Плутарх айтқан болатын. Ол өзінің деректерінде былай дейді: «Ол біз ойлағандай керемет сұлу болмаған, бірақ ол сөйлеген кезде ерекше нұрланып кететін. Оның дауысы соншалықты нәзік болған. Клеопатра өзінің қылығы, мінезі арқылы сұлу болып көрінеді»,- дейді. Бет-әлпетінің сүйкімділігі болмаса да патшайымның қарапайым адамдарды былай қойғанда ұлы қолбасшы Юлий Цезарь мен Марк Антонияның жүрегін жаулап алғанын естен шығармаған жөн.
Таққа отырған сәтінен бастап елдегі ішкі, сыртқы жауларын ақылмен, айламен жеңіп отырған билеушінің білімі бір жасына жетерлік еді. Бірнеше тіл білетін ол сұхбаттасушымен кез-келген тақырыпта әңгімені өрбіте білген. Философия, салмақ, қашықтық және монеталармен есептесу жүйесі, шаш үлгісі мен косметикалық құралдар жайлы кітаптар жазған. Клеопатра өмір бойы қартаймаудың жолын іздеген көрінеді. Төрт баланың анасы сыртқы келбетіне ерешке мән берген. Тіпті, оны бүгінгі күннің тілімен айтқанда фармацевт, косметолог болған. Өсімдіктерді зерттеумен айналысқан ол шөптерден түрлі косметика мен емдік дәрілер жасаған. Ғашығы Юлий Цезарь тазылана бастағанда шашын қызыл күкірт, күшәла және еменнің шайырымен емдеп, қайта қалпына келтірген. Бәрінен де ол түрлі қоспалардан у жасаудың шебері болған деседі. Жазбаларда оның шашқа тағатын әшекейінде үнемі у сақтап жүретіндігі айтылады. Клеопатра бұл қоспаларды зындандағы тұтқындарға жиі тәжірибе ретінде беріп тұрған көрінеді. Клеопатра жұпар иісті ерін далабын, бетке арналған далап қолданған және үнемі көзін, шашын бояп жүретін болған. Патшайым косметикалардың жасалу жолдарын қатаң құпия ұстаған. Косметолог мамандар мейк-ап сонау Клеопатра заманынан бастау алғанына сенімді.
Пирамидалардың отаны Мысырды 21 жыл бойы басқарған адуынды әйелдің өліміне келгенде ғалымдардың пікірі екі жаққа айырылады. Көптеген зерттеулерде оның жыланның уынан қайтыс болғандығы айтылады. Алайда бұған келіспейтіндер көп. Өйткені патшайымның бөлмесінен ешқандай жылан табылмаған. Оның үстіне Клеопатрамен қоса екі күң де уланып өлген. Ғалымдар бір жыланның уы үш адамды өлтіруге күші жетпейді дегенді алға тартады. Тарихшылар Клеопатраның өз-өзіне қол жұмсаған дейді. Бұған себеп те жоқ емес. Өмірінің соңғы күндерінде патшайым Мысыр елінің жауы Октавианнан жеңіліс табады. Мұндай азапқа шыдай алмаған билеуші әшекейіндегі өз қолымен дайындаған уды ішеді. Кейіннен анықталғандай удың құрамында опиум мен убалдырған, аконит болған екен. «Клеопатра патшайым өзін-өзі жақсы күткен. Үнемі жақсы келбетін сақтауға тырысқан ол өлімнен кейін де бар сұлулығын сақтап қалуға барын салған. Егер жылан оны шақса денесіне зақым келіп, біраз уақыт қиналған болар еді. Ал оның денесі өлім құшқанда тіптен зақымданбаған. Оның үстіне сол дәуірде опиумнан әзірленген коктейль азапсыз өлім үшін сұранысқа ие болған. Сондықтан ол өзін-өзі азаптап өлтіруі мүмкін емес»,- дейді зерттеуші Кристоф Шеффер.
Әлемді билеген әйелдердің ішінде есімі ерекше аталатын Клеопатра сақ патшайымы Тұмар секілді қолына найза алып жауға шаппаса да ақылымен Мысыр елін ашса алақанында жұмса жұдырығында ұстаған. «Ел билеу ісі тәңірден берілетін қасиет» дейді ғой. Ұлы патшайымның Құдайлармен тікелей байланысы бар екендігі туралы да аңыздар жетерлік. Клеопатраның атақты маржан сырғасының бірі ортасынан қақ бөлініп, Рим пантеонындағы Венера мүсініне тағылған деседі. Табылған монеталардың бірінде ол ұлы Цезарионды қолына ұстаған құдай Афродита бейнесінде бейнеленген.