Жылқы иісі...
04-11-2023
Жылқы түлігі бағым-күтіміне және өмір сүоген ортасына байланысты орташа есеппен 25-30 жылға дейін жасайды. Бірақ дала жылқысы 17-20 жастан асқан соң кәрі деп есептеледі. Қазіргі таңда жылқы жасын анықтау қиындық тудырмайды. Өйткені, жаңа туған құлындар заң жүзінде төлқұжатпен қамтамасыз етіледі.
Ал, бұрынырақта қазақ жылқышылары жылқының жасын: атауларына, түр-түс пошымына және тісіне қарай анықтай алған.
Жылқы атауларына қарай жасын анықтау:
Құлын - биенің жаңа туған жас төлі.
Жабағы - туғанына алты айдан асқан құлын.
Тай - бір жасқа толған жылқы.
Құнан - екі жасар еркек жылқы.
Байтал - екі жасар ұрғашы жылқы.
Дөнен - үш жасар еркек жылқы.
Бесті ат - бес жасар жылқы.
Сақа ат (айғыр) - 7-10 жасар
Кәрі ат - 12 жастан жоғары.
Қасабалы бие - 7-8 жастағы бие.
Кәртамыс бие - 11-14 жастағы бие.
Жасаған бие - 20 жастан асқан.
Сәурік - 3-4 жастағы үйірге түспеген айғыр.
Түр-түсі мен бітіміне қарай:
- Кәрі жылқының жал-құйрығы білтеленіп, селдіреп кетеді.
- 10-15 жастан асқан жылқының ерін-езуі мен жақ еті шалбарланады.
- 6-8 жасар жылқының жақ етін шымшып бұрағанда еті болбырамай орнына тез жиналады.
- 15 жасқа жетпеген жылқының жақ еті үрлеген қарындай тырсиып тұрады.
- 10 жастағы жылқының көзі ажарлы, отты, қарсы алдынан қарағанда көз шаранасының ішіндегі адамның суреті толық көрініп тұрады.
- 10 жастан асқан болса, жанары өшкін, ажарсыз, керісінше алдындағы адамның жанары бұлыңғырланып тұрады.
Тіс арқылы жасын анықтау:
Жасы жеткен еркек жылқыда 40 тіс болады. Оның 12-сі астыңғы және үстіңгі маңдай тістер, төртеуі азу, ал 24-і алқым азу деп аталады.
Биелерде 36 тіс болады. ( ат азу, яғни сояу тістер шықпайды)
Жылқының тісін сүт тіс, сүйек тіс деп екіге бөліп қарастырады.Сүт тістің өңі аппақ көлемі кішкентай, сүйек тістер сарғыш әрі үлкен, мөрлері терең болады.
Маңдай тістерді: қасқа тіс (ортадағы екі тіс), ішкі тіс (қасқа тістің екі жағындағы) және шеткі тістер деп бөледі. Құлын ағаш туғанда тісі болмайды. Қасқа тістер екі апта ішінде өседі. Ішкі тістері 45 күннің ішінде толық шығады. Шеткі маңдай тоғыз айдың көлемінде өседі. Осы аралықта үш азу тіс шығып үлгереді.