Әлемдегі ең ерекше ғибадатхана қай елде?
Туристердің Тайланд жеріне неге сонша асығатынын білесіз бе?! Себебі мұнда әлемдегі ең керемет құлшылық үйі орналасқан. Ақ ғибадатхана деп аталып кеткен ғимаратты Чалермчай Коситпипат есімді суретші тұрғызған. Ол бұған дейін өзінің қайталанбас, ғажайып картиналарымен елге танылған болатын. Таңқаларлық өнер туындысы 1997 жылы ашылған. Буддалық сәулет өнерін бойына сіңірген ғибадатханаға кірсеңіз ғажайып әлемге бас сұққандай әсерде боласыз. Тай халқының бар мәдениетін паш еткен Чалермчай ғимаратқа ерекше келбет сыйлай білген. Ол Будданың пәктігін білдіру үшін сарайдың іші-сыртын ақ түспен безендірген. Ғибадатхананың басты бөлмесіне кіру үшін сіз сайтандар күзететін кіре берістен, елестерге және көптеген жасанды қолдар орналасқан өзен бетіндегі көпірден өтуіңіз қажет. Ол пенде бақытқа сараңдық пен жағымсыз ойларды жеңу арқылы ғана қол жеткізе алады деген мағынада жасалынған. Көпірден кейін «аспан қақпасынан» өтесіз. Мұнда сіздің тағдырыңызды шешетін Өлім мен Раху күтіп алады.
Ақ ғибадатхананы дін мен адамның ішкі жан-дүниесіндегі көзге көрінбейтін жақсы жаман қасиеттерді аша білген, үйлестіре білген ғажайып орын деуге болады.