АҚШ супер держава атануының сыры неде?

Oinet.kz 30-05-2019 1984

f713e145ec3d598829c4d9fc4ea4d333.jpeg

Бүгінде әлемнің ең қуатты мемлекеті саналатын Америка Құрама Штаттары төрткүл дүниені «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаудың әр алуан әдіс-айласын жүзеге асыруда. Кезінде Біріккен Ұлттар ұйымының  «Ирактан жаппай қырып-жою қаруы табылмады» деген  қорытынды жасағанына қарамай, АҚШ осы елді бомбылады. Усама бен Ладенге саяси баспана берді деп айыптау арқылы  онсыз да азаматтық соғыстың  отына оранған Ауғанстанға  әскери контингентін кіргізді. Бірқатар посткеңестік елдерде «түрлі түсті төңкерістер» ұйымдастырудың да артында диспетчерлік жасаушы АҚШ екені айтылып, жазылып жүр. Түптеп келгенде АҚШ Біріккен Ұлттар Ұйымын, әлемнің басқа қуатты державаларын да көзге ілмей  өз білгенін істеп келеді. Жалпы бүгінгі АҚШ әкімшілігін әлемнің жандармы деуге болады.

Иә, бүгінде Американың қолы жетпейтін жері, шамасы келмейтін шаруасы жоқ десе болғандай. Дүниедегі әрбір төрт заттың біреуі АҚШ-та өндіріледі. Ұлттық валютасы, яғни АҚШ-тың доллары әлемдік төлем құралы болып табылады. Материалдық экспанциямен қатар АҚШ-тың моральдық дүниелері – фильмдері, музыкасы, кітаптары мен басқа да мәдени өнімдері әлемдік сананы, әсіресе жастардың санасын жаулап  алды. Мұның бәрін жүзеге асыруға, жан-жақты  насихаттауға бағытталған қаржы мен ресурстар жетерлік. Осыған дейін АҚШ басты экономикалық көрсеткіш – Жалпы ішкі өнімнің, яғни шығарылған тауар мен көрсетілген қызметтің ақшаға бағаланған көлемі бойынша әлемде  үштен бірін өндіріп келді. Қытай Халық Республикасының қарыштап дамуы АҚШ-тың бұл көрсеткішін үштен бірден төрттен бір деңгейіндегі көлемге түсірді. Осындай бас айналатын жетістікке АҚШ қалай жетті?

Американың тарихшылары мен зерттеушілері бұл супер державалық феномен 500 жыл бұрын – еуропалықтардың жаңа құрлықта тіршілікке кіріскен  кезінен басталды дейді. Америкаға аттанғандар тәуекелге бел байлады: көпшілігі өткенді еске алып алаңдамау үшін кәрі құрлықтағы үйлерін қиратып кетті. Кемеден түскеннен соң білегін түріп, жұмысқа кірісті. Мұнда келген «қырық ру қауым» бір-бірінің түсі, діні және тіліндегі айырмашылыққа көңіл бөлмей,  жаңа кеңістікті игеру ісімен шындап шұғылданды. Жердің кеңдігі мен құнарлығы, су ресурстары мен құрылыс материалдарының молдығы, ең бастысы абсолюттік еркіндік пен қандай да бір шектеудің жоқтығы – бәрі-бәрі жаңа тұрғындарды ұлы істерге үндеді.

Әрине, бұл супер державаның қалыптасуы оңай болған жоқ: көп қан төгілді – байырғы тұрғындар мыңдап-миллиондап өз ата қоныстарынан қуылды, атылды, дарға асылды. Ал қара континеттен әкелінген зәңгілер плантацияларда күні-түні жұмыс істеп, ірі жер иеленушілердің әлеуетін арттырды. Америкада болған азаматтық соғыстың астарында да  осы құл иеленушілік мәселесі жатты. Демократияның қанат жаюы афроамерикандықтардың экономика мен саясатқа етене араласуына жол ашты. Экономикадағы көпукладтық – бірінші кезекте жеке меншік институтының беріктігі мен оның абсолюттік құндылық ретінде қаралуы АҚШ елін дамудың даңғыл жолына түсірді. Ал саяси жүйеде көппартиялықтың орнауы, яғни саяси пікірлер мен ұстанымдардың саналуандығы  Американың қарыштап дамуын қамтамасыз етті. Осылайша  экономиканың либералдануы, саясаттың демократиялануы мейлінше күшейе түсті. Өз кезегінде бұл үдеріс дамудың қайнар көзі болып табылатын жекенің ынтасын арттырып, бәсекеге, сондай-ақ ұсыныс пен сұранысқа негізделген, қуаттыға іс беріп, әлсізге ас беретін экономиканың құрылуына әкелді. Осы базиске сай келетін саяси жүйені қалыптастырды. 

Американы бүгінгі дәрежеге жеткізген тағы бір күш жайлы айтпай кетуге болмас. Бұл күш – мүдде деп аталады. Әрбір компания мен корпорацияның жарғысында ұйымның басты мақсат-мүддесі – табыс табу екені «тайға таңба басқандай» етіп көрсетіледі. Табысқа деген ұмтылыс сіздің дастарқаныңызға тропикалық елдерде өсетін бананды, Голландияның ірімшігін, Бразилияның кофесін, ал аулаңызға немістің – көлігін жеткізді. Еркін, нарықтық экономикада мұның барлығын табыс табуға мүдделі компаниялар жеткізіп отырады. Сондықтан Американы бүгінгі деңгейіне жеткізген күш, ұлы жетістіктерінің қайнар көзі – капитал деуге болады.   

Американың супер державаға айналуы осылай жүзеге асырылды. Қазір әлемде экономикалық дамудың сан алуан теориялары бар, бұл салада кемшілік жоқ. Тек сол белгілі бағыттарды, өмірге енгізілуі қажет өзгерістер мен реформаларды жүзеге асыру үшін қажетті жігер мен ортақ мүддеге елді жұмылдыру жағы жетіспейді. Ал кезінде қиналып арық қазған Америка бүгінде сол арнадан рахаттанып, керегінше су ішіп жатыр. 

Әлемдегі ең ерекше ғибадатхана қай елде?
Құмы аппақ, көлшігі көп шөл дала қай елде?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу