Дельфиндер

Oinet.kz 24-08-2020 1276

Дельфиндер, барлық кит тектестер сияқты ара-тұра судың бетіне шығып төбесінде орналасқан жалғыз танауы – демалдырғыш арқылы ауамен демалады.Көбіне балықпен және кальмарлармен қоректенеді, алайда кейбір түрлері асшаян және басқа да шаян тектестерді қалайды, ал косаткалар тіпті теңіз тасбақаларды, су сүтқоректілерді және құстарды жейді. Дельфиндердің көбінің еркектері ұрғашыларына қарағанда ірілеу болады және кейбір түрлерінде арқа қанаты ұзынырақ болатынымен ерекшеленеді. Түрлеріне байланысты 12-16 айға созылатын жүктіліктен кейін бір төл туылады. Анасы оны судың астында сүтпен жарты жылдан кем емес, кейде тіпті екі жылға дейін күйлендіреді. Көбіне емшектен 6-18 айдан кейін шығарады. Бұл сүтқоректілердің 50 жылға дейін өмір сүргендері де бар, алайда көбінің өмір сүру ұзақтығы 20-25 жылды құрайды.

Дельфин тұқымдастардың түрлері барлық ашық теңіздерде мекендейді және кейде ірі өзен сағаларына да кіріп кетеді. Тұщы суда, өзендерде мекендейтін дельфиндердің (Platanistidae) таралымы біршама шектеулі. Олардың көп бөлігі ішкі тұщы суайдынын мекендейді, алайда олардың кейбірі ащылау эстуарларға және тіпті теңіздердің жағалық зонасына да еніп кете алады. Stenidae тұқымдасына теңіздерде, тұщы суларда немесе осы екі ортада да мекендейтін түрлер кіреді.

Дельфин тектестер сырт келбеті жағынан бірінші кезекте маңдайынан айқын бөлініп тұратын шығыңқы тұмсығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, дөңес, сфералық маңдайлы бірнеше түрі де бар. Түрлеріне байланысты дельфин тектестердің 2-ден 250-ге дейін конус тістері болады. Арқа қанаты бар болса, әдетте үшбұрыштыға қарағанда орақ тәрізді болып келеді. Ал бүгулі болмаса, онда косатканың еркек өкілінікі сияқты өте ұзын болады. Тұщы суды мекендейтін дельфиндердің айырмашылығы мойын омыртқалары бір сүйекте жалғасқан емес, жер сүтқоректілерінікі сияқты бөлінген болады. Бұл тұқымдастардың кейбір түрлерінде конус тістерімен қоса азу тістерге ұқсас тістері болады. Арқа қанаты айдар тәріздес, әдетте өте төмен болады, тек лаплат дельфинінде ғана дельфин тектестерге ұқсас болады.

Дельфин тектестердің көбі үйір болып өмір сүреді және, мысалы, дельфин-белобочка сияқты зор шоғыр жасай алады. Алайда әдетте олардың тобы кішігірім болады: 2-3-тен шамамен 100 дельфинге дейін. Бұған қарап, кейбір түрлеріне нақты әлеуметтік ұйым тән екенін байқауға болады.

Дельфин тектестер өте белсенді және ара-тұра судан секіріп шыға отырып, аса жылдам жүзеді. Олардың кейбір түрлері, мысалы ұзынтұмсықты продельфин, тіпті ауада айқыш-ұйқыш фигуралар жасай алады, ал басқалары кеменің тұмсығынан таралатын толқында тербелгенді ұнатады.

Дельфин тектестердің көбі дыбыс шығаруда кең репертуарға ие. Біріншіден, бұл екі негізгі түрдің импульсивті сигналдары: эхолокациялық және эмоционалдық күйінен хабар беретін. Екіншіден, дельфиндер ысқырыққа ұқсас монотоналды дыбыстар шығарады. Кейбір түрлерінің өкілдерінде оның жиілігі дербес және үйір мүшелері бір-бірін тану үшін пайдаланады. Бұдан өзге, ысқырықтың дауыс қаттылығы мен жиілігі дельфиннің эмоционалдық күйінен хабар береді. Кейбір өкілдерінде қосымша монотонды сигналдар байқалған – бұлар да стереотипті және әрқайсына тән болып келеді.

60d27abdce6e42d8a0c2d7c30f75ac31.jpg

Шиқылдауға ұқсас локационды емес импульстер бірнеше түрге бөлінеді. Бұлар дербес өкілдерге емес, әдетте бір түрге тән болады. Түрлі шиқылдаулар мен дельфиндердің мінез-құлқынан ортақ байланыс табуға жұмыстар істелініп жатыр, алайда барлық шиқылдаулар көп жағдайда бір-бірімен ұқсас және бір-біріне бірқалыпты көшеді. Мұндай сигналдар дельфиндердің қандайда бір эмоционалды жай-күйінен хабар беретіні рас болғанымен, бұл бақылаушы адамдарға қарағанда дельфиндердің өздеріне ғана түсінікті. Және де бұл дыбыстар шынымен адам түсінігіндегі сөйлесу сияқты байланыс құралы деген дәлел жоқ. Монотоналды ысқырықтар жайлы да осылай айтуға болады.

Баньян ағашы
Танымал ғалымдардың қандай оғаш әрекеті болған?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу