Ешкі сүті - тоқсан тоғыз аурудың емі

Oinet.kz 10-06-2020 2608

Ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы туралы ел арасында ертеден белгілі. Бірақ қалай және қандай ауруларға дауа бола алады? Осы жайлы сөз қозғамақпыз

Ешкі сүті отадан сақтап қалған

Сөйтсек, ешкінің еті де ем екен. Оны ғалымдар дәлелдеп отыр, - дейді алматылық кәсіпкер Әділ Сыдықұлы ОМАР (суретте). Алайда, ол біздің редакциямызға ешкі сүтінің пайдасы жөнінде әңгімелеуге келген еді. Бүгінде ол Қазақстандағы ешкі сүтін өндіруді қолға алған жалғыз кәсіпкер. Кәсібін ашуға түрткі болған да оның жеке басындағы жағдай еді. 1993 жылы Әділ Сыдықұлының асқазаны қатты ауырады. Дәрігерлер оның асқазанының жартысын кесеміз деп шешкен. Сол кезде кәсіпкердің дәрігер болып келетін жақын досы оған ешкі сүтін ішіп қарауға кеңес береді. Әділ Сыдықұлы екі жыл үзбей ешкі сүтін ішіп, ауруынан сауығып кетеді. Қаладағы дәрігерлердің өздері одан қайда барып емделгенін сұрап таң болған. Кейін Атырауға жұмыс сапарымен келіп жүргенде асқазаны сыр бере бастап, өңделген ешкі сүтін іздейді. Сол кезде Атыраудағы супермаркеттердің бірінен Ресейде өндірілген ешкі сүтіне көзі түседі. Соны алып ішкенде де денсаулығы түзеліп, өзін қайтадан жеңіл сезіне бастайды. Сөйтіп, Атыраудағы таныстарынан ешкі сүтінің өнімін көптеп салып жіберуді өтінеді. Кейін ол: «Ешкі сүтінің пайдасын өзім ғана көргенше, халыққа да неге жақсылық жасамаймын? Ешкі сүті қаншама ауруды емдеп жазар еді? Сүйек сырқырағанда, буын ауырғанда, жас балаға беруге, денсаулықты түзеуге керемет нәрсе ғой» деп ойлайды ол. Сөйтіп, екі жыл бойына әлемдегі ешкі сүтін өндірушілердің тәжірибесіне үңіліп, ешкі сүтінің емдік қасиеті туралы ғалымдар жасаған зерттеу жұмыстарымен танысады. Сөйтіп, былтыр қыркүйек айында ешкі сүтін Голландия және Швеция технологиялары бойынша өңдеген күйі тетрапакетке құйып сатумен айналысуға кіріседі. Кәсібін бастамас бұрын Әділ Сыдықұлы ҚР Қазақ тамақтану академиясының академигі Төрегелді Шарманов ағаймен кеңеседі. Төрегелді ағай ешкі сүтінің кереметтілігін тамсана айта келе, оған осы алған бетінен қайтпауына тілекші болған.

Айтпақшы, кәсіпкердің тағы бір көзі жеткен оқиғасын еске түсіріп отырмыз. Бір таныстарының үйінде аяқ астынан қарт кісінің тамағынан мүлде ас өтпей қалады. Төсек тартып жатқан науқаспен қош айтысатын боламыз дегенде, Әділ Сыдықұлы оған ешкі сүтін ішкізуге кеңес береді. Бір қасық ешкі сүтін 21 күн ішкізгеннен кейін ғана, әлгі қарттың беті бері қарап, тәбетінің ашылғандығы байқалған. Міне, ғажап!  

Ғалымдардың зерттеуі

Бүгінде ғалымдар ешкі сүтінің емдік және аурулардың алдын алуда, әсіресе, анемияда, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдалы деген қорытынды жасады. Сондай-ақ, ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері, аскорбин қышқылы бар. Сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүтінде В12 дәруменінің құрамына кіретін кобальттың мөлшері 6 есе көп, ал калийдің жоғары мөлшері жүрек-қантамыр жүйесінің қызметіне оңтайлы әсер етеді. Сиыр сүтіндегі темірге қарағанда ешкі сүтінің темірі жақсы сіңеді, бұл анемияның алдын алуда аса маңызды, - деп отыр мамандар.

Сондай-ақ, олар балаларды қоректендіруде сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүті жарамды келетінін зерттеді. Әрине, бала үшін ана сүтіне жететін тағам жоқ, бірақ жасанды немесе аралас қоректендіруде ешкі сүті ана сүтін алмастыру үшін лайықты және 6 айдан асқан балалар үшін қосымша қорек ретінде пайдалануға болады.

Айтпақшы, ешкі туберкулезбен, бруцеллезбен, сиыр ауыратын басқа да аурулармен ауырмайды.

Ешкі сүті жайлы әлем не дейді?

Швейцарияның таулы шипажайларында туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққандарды әу бастан-ақ ешкі сүтімен емдеген.

АҚШ мамандарының пікірінше, ешкі сүті сиыр сүтіне қарағанда адамның физиологиялық қажеттіліктерін оңтайлы қанағаттандырады. Олардың деректеріне сай, сиыр сүтіне аллергиясы бар адамдардың көпшілігі ешкі сүтін жеңіл көтереді. Бұл пікірді итальяндық медицина қызметкерлері жоққа шығаруда. Олардың зерттеулері керісінше нәтиже берген: сиыр сүтін көтере алмайтын балалар ешкі сүтін де бірдей әсермен  қабылдаған. Канадалық дәрігерлердің айтуынша, ешкі сүті тері мен буын ауруына шалдыққан адамдардың денсаулығына жақсы әсер етеді, әрі өт-тас ауруларын емдеуде, фибромиома мен балалар эпилепсиясын емдеуде аса пайдалы.

Авиценна жерлестеріне кәрі жасқа жеткенде ешкі сүтін ұдайы пайдалануды ұсынған. Ежелгі аңызға сенсек, найзағаймен алысқан Зевстің өзі Амалтея – тәңірлік керемет ешкісінің сүтін мүйізінен ішкен. Әл-Фараби ешкі сүті туралы: «ең тұрақты» - деп жазған. Емдік қасиеттерін күшейту үшін оны түрлі қоспалармен: көз бұршағының бұлыңғыр тартуына қарсы – күнжітпен, іш өтуге қарсы – теңіз тастарымен, арпа жармасымен қайнатқан.

Демек, ауырмаймыз десек, ешкі сүтін тамақ рационымызға міндетті түрде енгізіп қоюымыз қажет. 

Дереккөз: Ақ Жайық

Психологиялық тест: Суреттен бірінші не көрдіңіз?
Құйрық майдың біз білмейтін пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу