Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Кешегі аптада бүкіл әлем назары Қазақстанға, оның ішінде Астанаға ауды. Медицинаның небір мықты мамандары жасанды жүректі донор жүрегімен алмастырудың әлемдегі ең алғашқы оқиғасына куә болды. Қазақ дәрігерлері жасаған 12 сағаттық күрделі ота сәтті аяқталды. Мамандардың айтуынша, сегіз ай жасанды жүрекпен өмір сүрген пациенттің жағдайы бұрынғысынан да жақсы.
60 жастағы павлодарлық пациент Құнанбай Абраевты екі рет жүргені ауыстырған адам деп айтуға да болады. Өзініңкін есепке алсақ, үш жүрек, оның ғұмырын ұзартқан. Біреуі жасанды еді, демесеңіз. Ал, әлемде ше? Жүрегін ауыстырғандар көп пе? Осы сауалға жауап іздемек болғанымызда, ең бірінші алдымыздан қайта-қайта шыға берген миллиардер Дэвид Рокфеллер туралы толассыз мәліметтер болды. Жүз жасаған ол өмірінің соңғы қырық жылын өзгелердің жүректерімен жалғастырған екен...
Рокфеллер десе, көз алдымызға мұнай магнаты, миллиардерлер әулеті елестейтіні анық. Дегенмен, сол бай-бақуатты әулеттің мүшесі Дэвид байлығымен ғана емес, адамзат тарихында жеті рет жүрегін ауыстырған адам болып қалды. Бірақ, оның соңғы жүрегі былтыр 20 наурызда тоқтады. Бұл Дэвидтің өзініңкін қоса алғандағы сегізінші жүрегі болатын. Миллиардер 101 жасында дүниеден озды.
Рокфеллер 61 жасында көзі тірісінде-ақ өз жүрегін жерлеген екен. Бұл 1976 жыл болатын. Алғашқы донорлық жүрек оның кеудесінде көлік апатынан алған ауыр жарақатынан кейін-ақ соғып тұрды. Бірақ, бірінші отаның күрделі болғаны соншалық, бір тәулікке дейін жалғасыпты. Әрине, ол кезде мұндай тәуекелге медицинаның мықты деген айтулы мамандары бара бермейтін. Күрделі отаны жасаудан бұрын пациенттің өмір сүріп кететіне сенім аз еді. Оның үстінде 60-тан асқан Дэвидті жұрт егде тартқан қарттардың қатарына қоса бастаған болатын. Дегенмен, бәрі сәтті өтті. Куәгерлердің айтуынша, жаңа жүрек миллиардерді арада апта өткенде таңғы жүгіру жаттығуына жетеледі.
Жүрек алмастыруда негізгі проблема ағзаның иммундық жүйесінің үйлесіп жұмыс істеуі болып табылады. Қалай болғанда да трансплантацияның қай түрі болмасын пациент иммунитетін жаңа ағза мүшесіне сәйкестендіруге тура келетін дәрілік препараттарды қабылдауы тиіс.
Бүгінде жүрегін ауыстырған адамдардың өмір жасы отадан кейін 10 жылдан асады.
Дэвидтің алғашқы отадан кейін өмірінің соңғы 40 жылында 6 рет жүрегін ауыстырғаны туралы ақпараттар көп болғанымен олардың арасында егжей-тегжейлі баяндайтынын кездестіре алмадық. Тіпті қайсысының қанша жылға дейін соғып тұрғанын да анық білу мүмкін болмады.
Рокфеллер соңғы рет жүрегін 2016 жылдың соңында ауыстырған екен. Жарыса жазған бұқаралық ақпарат құралдарының санағына сүйенсек не сенсек, бұл жетінші транплантация. Күрделі отадан кейін арада 36 сағат өткенде миллиардер журналистердің сауалдарына жауап беріпті. Сол кезде 200 жыл өмір сүргісі келетінін де жеткізген екен. «Әр кез, менің кеудемде жаңа жүрек соққан сайын жаңа тынысым ашылғандай болады. Өмірлік энергиялық қуат алғандай сезінем» депті ол.
Ал осының алдыңғы жүрегі күрделі отадан соң бір аптадан өткенде соғуын тоқтатыпты. Дәрігерлер ағзасының тозуына байланысты бұдан әрі көп өмір сүрмейтінін миллиардерге ескерткен де екен.
Дэвид өз әулетінде жазушылығымен де танылған адам. Бірақ ол басынан өткерген күрделі оталары туралы көп жазбаған. Бірде бір мемуарында жан-жақты баяндаған емес. Бұқаралық ақпарат құралдарына да ашылып сырын ақтармаған екен. Әрине, бұл таңқаларлық жайт болмаса керек. Онсыз да қаншама адамның өмірін жалмады деп ойлайтындар Рокфеллерді аз қарғамаған шығар. Дэвидті осы үшін кінәлағандар да болды. Мұндай пікірлердің басым бөлігі миллиардерге жүрегін салып бермегенде ол пациенттер де өмір сүрулерін жалғастырар еді дегенді көбірек алға тартады. Тіпті олардың жүректерін алған күнде де басқа жеті адамның өмірін ұзартуға болатын еді дейтіндер де жетерлік.
Рокфеллердің жеті жанның жүрегін пайдаланғаны туралы күрделі оталарды жасаған хирургтар да жақ ашпай жүр. Бірақ, бір қызығы жеті рет жасалған жүрек транплантациясын ешкім де жоққа шығарған емес. Қалай болғанда да қайталап жүрек ауыстыру өте сирек кездесетін құбылыс.
Жүректен өзге, Рокфеллер бір емес екі рет бүйрегін ауыстырған екен. Мұндай трансплантация 1998 жылы, сосын 2004 жылы жасалған. Әрине, ағза алмастырулар бүйректің жұмысын да бұзатыны, өзгертетіні табиғи заңдылық.
Дэвид Рокфеллер долларлық миллиардерлер тарихындағы ең алғашқы миллиардер Джон Рокфеллердің немересі болатын. Рофеллерлердің арасында жүзден асқан да Дэвид. Бір ғасырлық өмірінде ол Нью-Йорк қаласы мэрінің хатшысы, әскери, халықаралық қатынастар Кеңесінің директоры, банк президенті лауазымдарында әлемнің көшбасшыларымен кездесті. Олармен иық теңестіре тең дәрежеде келдіссөздер жүргізді.
Дэвид Рокфеллер ата жолын миллиардер болып қана жалғастырған жоқ. Сонымен қатар, табысының белгілі бір бөлшегін қайырымдылық шараларына жұмсаумен де айналысты. Ол бұл әрекетін жұртқа өзінің азаматтық борышы ретінде түсіндірді. Көзі тірісінде-ақ осы бағытта әртүрлі ұйымдарға миллиард долларды құрайтын қайырымдылық көмектерін берген екен. Соның ішінде өзі білім алған Гарвард университетіне 100 миллион долларды сыйға тартқан.
Дегенмен, ықпалы мықты саясаткерлер, банкирлер мен бизнесмендер кіретін Бильдерберг клубының мүшесі болғаны үшін қарсыластыры Рокфеллерді әлемге әмірін жүргізгісі келетіндерге қатысы бар деп айыптайды.
Отбасылық баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Дэвид Рокфеллердің өліміне себеп – жүрегінің тоқтап қалғаны. Миллиардер өзінің әппақ мамық төсегінде тыныш ұйқыда жатып бақилық болған көрінеді.
Егер рас болса, жеті жүрек ауыстырған Дэвид медицина саласында рекордтық көрсеткішке қол жеткізген адам. Дегенмен, ол тарихта 101 жасаған ең қарт миллиардер ретінде де қалады.