Жалақысы – 16 мың евролық жұмыс
Француз ғалымдары осындай еріктілерді іздеп жүр. Тулузадағы ғарыштық медицина мен физиология институтының қызметкерлері зерттеулері жүргізу үшін 20 мен 45 жас аралығындағы дені сау еркектер қажет екенін хабарлады. Оларға қойылатын жалғыз-ақ шарт: екі ай бойы тапжылмай төсекте жату қажет. Айта кетерлігі, олардың аяғы денесінен жоғарырақ деңгейде болуы тиіс. Тамақтану, жуынып-шайыну, басқа да барлық әрекеттер тек төсекте жатып атқарылады. Тестілеуден соң лайықты сыйақысы да дайын – 16 мың евро. Бірақ, оны бірден бермей, төрт жыл бойына төлеп отырады.
Ғалымдардың сондағысы көздегені не? Тестілеудің мақсаты – Халықаралыс ғарыш станциясындағы ғарышкерлердің бұлшықеттері қандай халде болатынын зерттеу. Ғалымдар салмақсыздық жағдайындағы бұлшықеттерге келтірілетін зардапты мейлінше азайтатын дәрілік заттарды таңдауды мақсат тұтып отыр.