Ең үлгілі әкім осындай болса керек
Хазіреті Омар (р.а.) халықтың жағдайымен танысу үшін Шам аймақтарына жолға шығады. Хумусқа келгенінде халық «қош келдің» деп алдынан шығады. Хазіреті Омар халықтан әкімдері жайлы сұрайды. Сол кезде жұрт әкімдеріне қатысты төрт үлкен шағым айтады.
Әрі қарай сөзді Омардың (р.а.) өзіне қалдырайық:
«Сағид пен шағымданушыларды бетпе-бет жолықтырдым да Алла Тағалаға Сағид жайындағы пікірімнің жаңсақ болмағанын көрсету үшін дұға еттім. Өйткені, оған деген сенімім зор еді.
Барлығы жиналған соң халықтан:
- Әкімдеріңізге шағымдарыңыз қандай? – деп сұрадым. Олар:
- Күн көтерілгенше үйінен шықпайды, – деді.
- Бұған не дейсің, Сағид? – дедім.
Сағид біраз үнсіз тұрды да, былай деді:
- Алла Тағаланың атымен ант етемін, мұны айтқым келмеп еді. Бірақ, айтуға мәжбүр болып отырмын. Отбасымда ұстаған қызметшім жоқ. Күнде таңертең тұрып, нан илеймін. Нанның көтерілуі біраз уақытымды алады. Нан көтерілген соң нан пісіремін. Сосын дәрет алып, халыққа шығамын.
- Бұдан басқа қандай шағымдарыңыз бар? – деп сұрадым халықтан.
- Түнде ешқайсымыздың мәселемізге қарамайды, – деді халық.
- Бұл жайында не дейсің, Сағид? – дедім Сағидке қарап.
- Уаллаһи, бұны да айтқым келмеген еді. Мен күндізгі уақытымды халықтың ісіне арнаймын, ал түнді Аллаһ Тағаланың ғибадатына бөлген едім, – деді.
- Басқа қандай шағымдарыңыз бар? – деп сұрадым халықтан.
- Айда бір күн арамызға шықпай қояды, – деді шағымданушылар.
- Мұның не, Сағид? – дедім Сағидке.
- Мүминдердің Әміршісі! Менің қызметшім жоқ, үстімдегіден басқа киімім де жоқ. Айда бір рет үстімдегі киімімді жуып, кепкенше күтемін. Киім кепкенше кеш болады. Халықтың алдына кешке ғана шығамын, – деді. Халықтан тағы қандай шағымдары барын сұрадым. Олар:
- Кейде есінен танып қап, маңайынан хабарсыз ес-түссіз қалады, – деді.
- Мұның қалай, Сағид? – деп сұрадым, – дейді Омар.
Осы жерде Сағидтің халифаның сұрағына жауап берместен бұрын Сағидпен болған мына бір оқиғаны айта кеткіміз келіп отыр. Себебі, соңғы шағым осы оқиғаға қатысты еді. Сағид бин Әмір әлі мұсылмандықты қабылдамай тұрған кезінде Пайғамбарымыздың ﷺмүшріктердің қолына түскен сахабасы Хубәйб бин Адыйдың (р.а.) өлтірілгеніне куә болады. Мүшріктер Хубәйбті халықтың алдында өлтірмекші болып, дарға алып келеді. Хубәйб сол жерде екі рәкағат намаз оқуға мұрсат сұрайды. Мүшріктер де оның бұл тілегіне рұқсат береді. Хубәйб бин Адый екі рәкағат намазын тәмамдай сала: «Уаллаһи егер өлімнен қорыққаны үшін намазын ұзатты деп ойламағандарыңызда бұдан көп намаз оқығым келіп еді» дейді. Сахабаға мүшріктер:
- Өзіңді құтқарып, орныңда Мұхаммедтің болуын қалайсың ба? – деп сұрайды. Бұған Хубәйб:
- Уаллаһи, Мұхаммедке ﷺ бір тікен батырамыз десе де бұл жерден құтылып, бала-шағамның жанында тыныш жата алмаймын, – дейді. Сахабаның бұл сөзіне мүшріктердің қатын-баласы жан-жақтан қаумалап, «өлтіріңдер оны, өлтіріңдер!» деп айқай салды. Сағид бин Әмір дар ағашында тұрып, көзін көкке қадап:
- Аллаһым! Оларды ұмытпа, олардың көзін жой, ешбіреуін сау қалдырма! – деп дұға етеді. Мүшріктер болса, Хубәйбтің денесін сау тамтығын қалдырмай қылышпен тілгілеп, найза қадап өлтіреді.
Бұл оқиға Сағид бин Әмірге қатты әсер етеді. Мұсылмандардың ақыретке деген берік иманына, Пайғамбарына деген адалдығына, қайтпас қайсарлығына қызығып, осы оқиғадан кейін Сағид Ислам дінін қабылдайды.
Міне, осы оқиға есіне түссе болды, Сағид бин Әмір есінен танып қалатын.
Хазіреті Омар халықтың шағымына байланысты не себепті есінен танып қалатынын сұрағанда, Сағид бин Әмір осы оқиғаны баяндай келе:
- Сол күнгі оқиға есіме түскенде Алла Тағалаға сенбеген бір мүшрік болсам да Хубәйбке жәрдем етпеуімнің себебінен мені еш уақытта кешпей ме деп ойлап, ақыл-есімнен танып қаламын, – дейді.
Сағид бин Әмірдің бұл жауаптарын естігеннен кейін Хазіреті Омар:
- Сағид жайындағы пікірлерімнен жаңылтпаған Алла Тағалаға шүкірлер болсын! – дейді.
Осылайша сахаба Әмірге Хазіреті Омар қажеттіліктеріне жарату үшін тағы мың динар жібереді. Сағид бин Әмірдің әйелі осыншама ақшаны көргенде:
- Сіңірген еңбегіңнің себебінен байытқан Алла Тағалаға шүкір. Өзімізге біраз азық-түлік сатып ал. Қызметші ұста, – деп күйеуіне кеңес береді. Сонда Сағид бин Әмір:
- Саған бұдан да жақсысын айтайын ба? – дейді. Әйелі:
- Ол не екен?
- Біз бұларды ең қатты мұқтаж болатын сәтте өзімізге қайтуы үшін қазір бізден де мұқтаж жандарға берейік, – дейді Сағид.
- Бұл қалай болады? – деп сұрайды әйелі.
- Бұл ақшаларды Алла Тағалаға жақсы бір қарыз ретінде берейік, – дейді.
- Жақсы, Алла Тағала саған мұның сый-сияпатын көрсетсін! – деп, екеуі тағы да бұл динарлардың мұқтаж жандарға таратып береді.
Алла Тағала бұл салиқалы жандарға разы болсын!
Абдуррахман Рафәт әл-Бәшәнің "Сахаба өмірінен көріністер" атты еңбегінен