Неке алдында тексеруден өту ұрпақ салауаттылығын арттыра ма?
Соңғы уақытта елімізде сәби сүйе алмай жүрген отбасылардың саны жыл сайын артып келеді. Дәл осы себептен шаңырағын ортасына түсіріп, ажырасып кетіп жатқандар да бар. Әлемнің бірқатар елдерінде жастарға некелесер алдында арнайы дәрігерлік тексеруден өтуді заң жүзінде міндеттейді. Жалпы, неке алдында дәрігерлік тексеруден өту Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Болгария, Украина, Молдавия және АҚШ-тың бірнеше штаттарында қалыптасқан үрдіс. Отбасылы болуды қалайтын қос жұп болашақ ұрпақтарының өміріне кедергі боларлық қауіпті сырқаттарды таратпас үшін алдын ала генетикалық ауытқулар бойынша анализ тапсырады. Әсіресе, қыз бен жігіттің бір-біріне туыстық қатынасы болу-болмауы жіті қадағаланады. Ал, біздің елде қалай?
Ермарал ТҰРСЫНБАЙ, магистрант: Жеті атадан қыз алыспау – ұрпақ саулығының кепілі болмақ
Отбасы құрардың алдына қыз бен жігіттің де медициналық тексеруден өткенін дұрыс деп есептеймін. Себебі, болашақ ұрпағымыздың салауаттылығы, денінің саулығы біз үшін маңызды. Алайда, ертеректе ата-бабамыз арнайы тексерістен өтпей-ақ бас қосып, балалы болды ғой. Тіпті, тексеруден өту туралы түсінік те болған жоқ. Менің ойымша бұл үрдіс шетел тәжірибесінен келген. Себебі, басқа елдерде генетикалық тексеруден өтпесе, отбасын құрғаннан кейін біреуінде ауру табылып жатса арнайы сотқа беруге де құқығы бар екен. Шетел тәжірибесі бойынша болашақ ерлі зайыптылардың қанының сәйкестігі, қанның тазалығы бәрі жіті қадағаланады екен. Бұл заңның біздің елге қажеті бар ма, жоқ па білмедім. Бірақ, қазақ елі ежелден қаны таза халық қой. Біздегі рулық, туыстық жүйе бәрін анықтап береді. Бастысы, жақын туысыңды, руласыңды болашақ серік етпеу жағын қадағалау тиіс. Ал, балалы болу болмауың маңдайға байланысты.
Гүлжамал АҚСЕРІ, акушер-гинеколог:
Баланың болашағына балта шапқаннан екі сағаттық сынамадан өткен тиімді
Некеге тұрмас бұрын медициналық тексерістен өткен дұрыс деп есептеймін. Жолдасым екеуміздің отбасы құрғанымызға он екі жыл болды. Қазір, төрт қызымыз бар. Үлкен қызымыздың жасы жетіде. Бес жыл бойы бала көтере алмай жүрдім. Мұның бәрі алдын ала тексерістен өтпегеннен болар деп ойладық. Отбасы құрғанымызға бір жыл болғаннан кейін бала көтере алмаған соң жолдасым екеуіміз арнайы медициналық тексерістен өттік. Дәрігерге қаралып, денсаулығымызды жіті қадағаладық. Бастысы үмітімізді үзбедік. Арнайы дәрігерлік қадағалаудан кейін үш жылдан соң құрсағыма бала бітті. Осындай жағдай басымыздан өткеннен кейін жас жұбайлардың алдын ала генетикалық сараптама жасатуы орынды шығар деген ой келеді. Адам баласының басты парызы – ұрпақ жалғастыру ғой. Босаға беріктігі, шаңырақ шаттығы балаға байланысты. Ерлі - зайыптылардың ауыз біршілікте өмір сүруі де ортадағы сәбидің арқасында. Ал, баланың дені сау, он екі мүшесінің аман, ақыл-есінің дұрыстығы ата - анасының геніне байланысты. Ертеңгі күні бармақ тістеп, баланың да болашағына балта шапқаннан екі сағаттық сынамадан өткен тиімді. Бәрі Алланың әмірімен жүзеге асары сөзсіз. Десе де амал ету артық емес.
Аслан ӘБІШЕВ, репродуктолог: Отбасын құрмай тұрып генетикалық сәйкестікті анықтаған жөн
Отбасын құрмас бұрын екі жас денсаулықтарын тексерткені дұрыс. Болашақ ұрпағының дені, тәні сау болып өсуі үшін оның алдын алған жөн. Сонда жұбайлар өздерімен қоса болашақ ұрпағының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, медициналық тексерістен өтуді бірінші орынға қояды. Көбінесе бізге келіп қаралушыларға генетикалық үйлеспеушілік туралы айтқанда олар баса мән бере бермейді. Соңғы кезде белсіздік, бедеулік дертінің қоғамды дендеп бара жатқандығы да сол себепті деп ойлаймын. Адам баласының басты міндеттерінің бірі ұрпақ жалғастыру. Сондықтан, қауіпті дерттердің алдын алу үшін отбасын құрмай тұрып генетикалық сәйкестікті тексергені жөн. Біз медициналық тексерісті алдын-ала жоспарлау арқылы сәби сүйе алмай жүрген жас отбасылардың ұрықтандыру қабілетін анықтап, бедеулікке алып келетін ауру түрлеріне ерте және тиімді ем жүргізуге болатынын айтамыз. Қандай да бір ақаулар бар болса оны емдеудің жолдарын қарастырамыз. Әрине, отбасын құрмас бұрын алдын ала дәрігерлік тексеруден өту шетел тәжірибесінен алынған. Медициналық тексеру басқа елдерде арнайы заң ретінде бекітілгеннен кейін қатаң тәртіппен қадағаланып отырады. Алайда, бұл заң біздің елде қарастырылмаған. Тіпті, ешкімді міндеттемейді де. Сол себепті де, болашақ ерлі зайыптылар отбасын құрмас бұрын дәрігерге тексерілуді ерікті түрде орындауы тиіс. Дені сау ұрпақ әкелуді көздеген әрбір жанұя осыны басты назарға алғаны жөн. Бізге келіп емделушілердің көбісі үйленгендеріне бір жыл толса да балалы бола алмаған отбасылар. Сондықтан, әрбір шаңырақ көтеретін жастарға айтарым қауіптің алдын алған жөн.
Сауалнаманы жүргізген: Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ