Өміріңді сақтандырдың ба?

Oinet.kz 04-06-2020 1162

Бүгінде жылжымайтын мүлкіңді, көлігіңді немесе өзге де құнды дүниеңді сақтандыруға болады. Сол секілді денсаулықты да сақтандыру мүмкін жағдай. Өзге мемлекеттерге ілесіп біздің ел де қаңтар айының бірінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өтті. Бұл өмірде адамзат үшін денсаулықтан қымбат не бар? Әрине ештеңе. «Денсаулықтың жолында малың да, ақшаң да садаға кетсін» дейді мұндайда халқымыз. Сондықтан аталмыш жүйе тірі пенде үшін тиімді екені даусыз. Медициналдық сақтандыру ауруыңнан айығуға ғана емес сонымен қатар дерттің алдын-алуға, тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін күшейтуге септігін тигізеді. 

tcEujuQu.jpg

 Қазақстанның медицинасына жаңа серпін берген МӘМС жүйесі бойынша  республикадағы емдеу мекемелері пациенттерге нендей қызмет көрсетуді бастады? Бұл тұрғындарға қаншалықты тиімді? Аталған сұрақтардың жауабын білу үшін   Шымкенттегі №1 емханаға бас сұқтық. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында тілшілер тың жаңалықтарға қанық болды. 

Жаңашылдық емхананың фойесінен басталыпты. Бұрынғыдай әрлі-берлі сапырылысқан, кезек күтіп шаршаған емделушілерді байқамадық. Бәрі өз орнында, тиянақты, тып-тыныш, әркім өз жұмысымен айналысуда.  Есіктен кіре сала пациент қайда, кімге баратынын нақты біледі. Себебі мұнда  емделушілерге бірнеше маман қызмет көрсетуде. Айталық бірінші үстелден келуші  түрлі анықтамаларды ала алады. Яғни бұрынғыдай бір жапырақ қағаз үшін әр дәрігердің есігін қағып, қол қойып, мөр басып беруін сұрамайды. Екінші, үшінші  үстелдегі қызметкерлер науқастардың  дәрігерге жазылуын қамтамасыз етеді. Төртінші үстелдегі маман емханаға  жаңадан тіркелушілерге қызмет көрсетеді. Сондай-ақ фойеде медициналық сақтандыру жүйесі туралы толыққанды ақпарат беретін бұрыш ашылған. МӘМС туралы сұрағы бар жандар осындағы маманға келіп, кеңес алуына болады. Одан бөлек емхананың тіркеу бөлімі МӘМС-енгізу бойынша көрнекі құралдармен: тіркеу,"Egov" порталымен жұмыс істеу, ТМККК және МӘМС пакеттері, азаматтардың 15 жеңілдікті санаттарының тізбесі бойынша стендтерімен, «Медициналық сақтандыру қоры» , ДСБ байланыс орталықтары, МӘМС QR-коды ,МӘМС бойынша барлық қажетті ақпаратпен жабдықталған.

Тіркеу бөлімінде алдымен науқас анықтама орнына жүгінеді, онда оған ЖСН-мен "КМИС/БХТ" бағдарламасы бойынша сақтандырылу мәртебесін айқындайды. Егер пациент сақтандырылмаған жағдайда, оған 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін барлық қызметтің тегін көрсетілетінін және 1 сәуірге дейін пациенттің міндетті түрде төлемдерді төлеу керек екенін түсіндіреді. Ай басынан бастап жаңа жүйе бойынша қызмет көрсетуді бастап кеткен мекеме ішінен  терминалды байқадық.  Жұмыссыз азаматтар және  өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкерлер көше кезіп терминал іздемей осында жарнаны төлей алады.  «Касса 24» терминалы жанына жарнаны төлеу туралы нұсқаулық та ілінген.   «Медициналық қызметтің сапасын жоғарылату мақсатында емханамызда пациенттерге барлық жағдайды жасаудамыз. Қазір науқастар көп тірлікті бірінші қабаттан-ақ шешіп кете алады.  Мысалы емханаға тіркелу, дәрігерге жазылу, анықтамаларды алу, МӘМС бойынша ақпарат алу барлығы осы бірінші қабатта көрсетілетін  қызметтер. Қазіргі таңда пациенттердің 100 пайызының мәртебесі анықталған»,- дейді  емхананың бас дәрігері Махамбет Бейсеуов.

Іргетасы 1966 жылы қаланған емханаға қазіргі таңда  54 860 адам тіркелген.  385 қызметкер жұмыс істейді. Оның 102-і дәрігер,  201-і орта буынды медицина қызметкерлері.   Дәрігерлердің санаттылығы -71,6 %, орта буынды медициналық қызметкерлердің санаттылығы – 61% құрайды. Тіркелген халыққа жалпы 33 учаске дәрігері қызмет көрсетеді. «Әмбебап» мамандарымыз көбейгелі бері біздегі дәрігерлердің жүктемесі азайғанын айта кеткен жөн. Мәселен бұған дейін бір дәрігердің құзырында 2200 пациент болса, қазір бұл жүктеме 1700-ге азайды.  Әрбір учаскелік дәрігердің жанында 3 медбикеден бар. Бұл ендігі жерде ақ халаттылардың әрбір науқасқа көбірек көңіл бөліп, емді нәтижелі жүргізуіне жол ашуда. Осындай жаңашылықтың арқасында медициналық қызмет көрсету сапасы артып келеді. Көрсеткіштеріміз де жақсаруда. Айталық, бізде соңғы үш жылда ана өлімі мүлдем тіркелген жоқ. Бала өлімі былтырғы жылмен салыстырғанда 8,4 пайыздан 4,1 пайызға кеміді. Негізгі меже 7,4 пайызға төмендету керек болатын. Сондай-ақ онкологиялық аурулардың алғашқы сатысында анықталу жағдайы бойынша қала көлемінде біздің ұжым алғашқы орында тұр. Одан бөлек туберкулез, қант диабеті секілді аурулардың да көрсеткіші төмендеп келеді. Аталмыш аурулардың төмендеуіне  скрининтік тексерулердің ықпалы зор екенін айта кетейін. Қазір тұрғындар  «Дамумед» бағдарламасын  қолдануды  үйреніп келеді. Скринингтік тексерулер туралы хабарламаны да осы бағдарлама арқылы жіберіп отырамыз»,- дейді Махамбет Әбдезімұлы.      Консультативтік-диагностикалық бөлімшеде барлық қажетті бейіндік мамандар, консультативтік-диагностикалық зертхана жұмыс істейді, және қажетті диагностикалық қызметтер көрсетіледі. Мәселен дәрігерге дейінгі бөлмеде медбикелер пациенттердің жалпы денсаулық жағдайын тексеруден өткізеді.  «Келген науқастардың қан қысымын, қандағы холестерин деңгейін, көздің қысымын өлшейміз. Пациенттің жасына сай скринингтік тексерулерге жібереміз. Егер денсаулығында кінәрат болса бейінді мамандарға жолдаймыз»,- дейді медбике Қарашаш Ашимова. 

Мұнан кейін тілшілер невропатологтың кабинетіне кіріп, маманның қиын әрі қызықты жұмысына куә болды. Невропатолог Ұлбике Мамашова жүйке жүйесінің дамуында ақауы бар балаларға ерекше ем жүргізеді. Әдетте дәрігердің кабинеті  десе көз алдымызға сұр қабырға, түрлі дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар елестейді. Ал Ұлбике дәрігердің кабинетіне кірген баланың бойындағы  қорқынышы сейіледі. Қызылды-жасыл ойыншықтар, түрлі фигуралар мен суреттер... Бұлар жәй ойыншық емес, олар емдеу құралдары. Маман балаларды әлгі ойыншықтармен ойната отырып, қол-аяқтың қимылын ретке келтіріп, ой-өрісіндегі ақауларларды емдейді. «Күніне үш баланы сауықтырамын» дейді невропатолог Ұлбике Керімбайқызы.   

Күніне 500-ге жуық пациент қабылдайтын емхананың өз дәріханасы бар. Созылмалы сырқаттар бойынша есепте тұратын науқастарға берілетін тегін дәрі-дәрмекті пациенттер өзге дәріханаларға сандалмай осы жерден алып кетеді.

 Кейде науқастар дәрігердің қабылдауына кіру үшін жоғары қабаттарға көтерілуге шамалары келмей жатады. Осы жағдайды ескерген ұжым невропатолог, кардиолог секілді бейінді мамандарды  бірінші қабатқа көшірген. Бөлім басшылары да төменгі қабатқа жайғасқан. УДЗ, флюрография сияқты аппараттар да осында.  Пациенттердің арыз-шағымын созбалаңға салмай   сол мезетте шешу үшін бірінші қабаттан әйнектен жасалған кабинет ашылған. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында арызы немесе ұсынысы бар жандарды бас дәрігердің өзі  сол жерде қабылдайды.  

 Айта кетейік,   ел азаматтарының 11 миллионға жуығы жаңа жүйе есебінен тегін ем қабыладай алады. Бұл санатта зейнеткерлер мен мектеп оқушылары, студенттер, бала күту демалысындағы және көпбалалы әйелдер бар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да мемлекет қамқорлығында. Осы мақсатта қазынадан 998 миллиард теңге қаржы қаралған. Ал, кәсіпорын өз қызметкерлері үшін жарна аударса, жеке кәсіпкер өзі және жалдамалы жұмысшыларына да ақша аударуы қажет. Шымқаладағы емдеу мекемлемелерінде жаңа жүйеге сәйкес мамандардың 75-80 пайызы біліктіліктерін арттырған.  Ақ халаттылар  насихат жұмыстарын әлі де жалғастыра бермек. 

 А.АСАНҚЫЗЫ

Суықта ми жұмысы жақсарады
Неке алдында тексеруден өту ұрпақ салауаттылығын арттыра ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу