Артериялық гипертензияның алдын алу

Oinet.kz 25-05-2020 867

Артериялык гипертензия (АГ) – артериялық қан қысымының мерзімдік немесе тұракты жоғарылауы. Гипертониялық ауру – әлемдегі ең кең таралған аурулардың бірі. Артериялық қысымның жоғарылау себебі күрделі және әралуан. Қазіргі кезде бұл сырқаттың себебін дәл анықтау қиын. Әрине, гипертониялық аурудың даму механизмінде адамның жүйке жүйесінің жағдайы маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, артериялық қысымды жоғарылататын басқа да ілеспелі аурулар болады, мысалы, пиелонефрит, эндокриндік жүйе аурулары, тамырдың туа біткен ерекшеліктері және т.б. Жоғары қан қысымы өте қауіпті, себебі оның алдын ала сезілетін белгілері болмайды. Бір жақсысы, сіз үнемі өлшеп отыру арқылы қан қысымыңыздың қандай екендігін біле аласыз. Егер қан қысымыңыз жоғары болса, сіз оны төмендету үшін шаралар қолдана аласыз. Егер қан қысымыңыз қалыпты болса, оны сол деңгейде қалай ұстап тұру қажеттігін білген жөн.

image.png

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, артериялық қысымның қауіпсіз деңгейі кемінде 140/90 мм с.б., ал қантты диабетпен ауыратындар үшін кемінде – 130/80 мм с.б. Артериялық гипертензия көп жылдарға созылған жағдайда адам ағзасы біртіндеп жоғары артериялық қысымға бейімделеді, алайда жоғарылаған қысым тамырларға және олармен қуаттанатын ағзаларға – ми, жүрек, бүйрекке патологиялық әсер етеді. Ұзаққа созылған артериялық қысым жоғарыда келтірілген патологиялық үрдістер (тіпті шағымдардың болмауы жағдайында да) инсультқа, жүректің ишемиялық ауруына (стенокардия), миокард инфарктісіне, жүрек және бүйрек шамасыздығына әкелуі мүмкін. 

Артериялық қысымның жоғарылауы кезінде аса жиі болатын белгілердің бірі – бастың ауруы. Бұл жағдайда адам дәрігерге қаралуға мәжбүр. Алайда осы белгі үнемі артериялық қысымның жоғарылауының белгісі бола бермейді, кейде бастың ауырмауы да мүмкін. Гипертониялық аурудың бірнеше кезенде жүретіні бар. Аурудың дамуының ерте кезеңінде артериялық қысым, әдетте, тұрақсыз түрде жоғарылайды және тынығу кезінде, стресс жағдайларын жою және т.б. кезінде өз бетінше калыпқа келуі мүмкін. Бұдан әрі дамыған кезде артериялық қысым тек қана дәрілік препараттардың әсерімен ғана қалыпқа келеді. Осы кезеңде ауру өршу (криздермен) және жақсару кезеңдерінің толқын тәрізді ағымымен сипатталады. Криздер сырқат адам үшін қауіпті, сондықтан мұндай жағдайда оны дәрігер міндетті түрде бақылауы тиіс. Дәрілік препараттарды үнемі қабылдау, артериялық қысымды қадағалау жағдайында емделушілердің көп жағдайда инсульт, миокард инфарктісі, екпенің ісінуі және т.б. сияқты қауіпті асқынулардың алдын алуға болады. Артериялық қысымды өлшемей, ауруды анықтау мүмкін емес!

Адам артериялық қысымды хал-жағдайы нашарлағанда ғана емес, сондай-ақ шағымдар болмаған жағдайда да тұрақты өлшеуі қажет. Бұл артериялық ипертензияны уақытылы анықтаудың дәлелді тәсілі болып табылады. Әрбір азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада тексеруден өтуі тиіс, егер артериялық гипертензия диагнозы анықталса, диспансерлік есепке тұруы қажет. Алдын алудың басты мақсаты – артериялық гипертензияның қауіп факторларының әсерін жою. Алдын алу шараларына мыналар жатады:

- артық салмақтан арылу (артық салмақтың 4-5 кг төмендеуі АҚ-ның 5 мм с.б. төмендеуіне алып келетіндігін білу маңызды)

- тәулігіне 5-6 грамнан артық тұз тұтынбау;

- көбірек қимылдау; 

- стресс жағдайларынан аулақ болу (стресс жағдайларында қанағымға кортизол және адреналин гормондары лақтырылады, олар қалыпты артериялық қысымды арттырып, ағзаны қауіпке тойтарыс беруге дайындайды);

- шылым шегуден бас тарту (темекі шегу атеросклероздың жылдам және ерте дамуына себепші, темекі түтініндегі никотин тамыр қабырғаларын зақымдайды және тамырларда майлы түйіндердің пайда болуына ықпал етеді). Нәтижесінде жүректің және бас миының артериялары бітеледі, бұл миокард инфарктісіне және инсультқа алып келеді;

- сергітетін ішімдіктер мен алкогольден аулақ болу. Артериялық қысым тыныштық қалпында, ұйқы кезінде төмендейді, таңертеңгілік, қобалжу, дене жүктемелері және баска жүктемелер кезінде, сондай-ақ шылым тарту және алкогольді ішімдіктерді қабылдағанда артады. Артериялық гипертензияның алдын алу әр адамның өз қолында.

Г.ЗАРИПОВА,

Түркістан қалалық орталық ауруханасының кардиологы

Өлім шақыратын бұрыш
Тапқыр сот
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу