«Тәртіп бар жерде сапа болады» - Рамазан Бектұрғанов

Oinet.kz 25-05-2020 923

Рамазан БЕКТҰРҒАНОВ,

№4 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері: 

Тәртіп бар жерде сапа болады

Рамазан Бектұрғанов – медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты денсаулық сақтауды ұйымдастырушы дәрігер, ҚР клиникалық және фундаменталды ғылым академиясының корреспонденті және «Нұр Отан» партиясының белді мүшесі. 1986 жылы Шымкент медицина колледжінің санитарлық-фельдшерлік бөлімін бітірген соң, еңбек жолын Бәйдібек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында санитар дәрігерінің көмекшісі болып бастаған. 2009-2017 оқу жылдары Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент медицина институтында директор, 2017 жылы Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған. 24 жылдық ғылыми-педагогикалық жолында 120-дан астам ғылыми еңбегі жарық көрді. 2016 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталған. Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы. 2018 жылдың 7 желтоқсанынан бастап №4 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері.

– Рамазан Сейдахметұлы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толық қолданысқа енгенде мемлекеттік емханалар бәсекелестікке төтеп бере ала ма?

– Жалпы, мен бұл саясатты қолдаймын. Дамыған шетелдерде міндетті түрде медициналық әлеуметтік сақтандыру жұмысы жасалынып жатыр. Бізде де 1995 жылы бұл міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілген. Ол екіге бөлінген болатын. Міндетті әлеуметтік сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру. Бірақ, әртүрлі себептерге байланысты іске аспай қалды. Қазіргі таңда бұл өте орынды көтерілген мәселе деп ойлаймын. Себебі, МӘМС толық іске асқан кезде Үкіметке ауырлық тимейді. Әр мекеме өзінің жұмыскерінің денсаулығын ойлайтын болады. Сол себепті міндетті әлеуметтік салықты төлеп отырады. Яғни, келісімшартқа тұрған жағдайда медициналық көмекті өз дәрежесінде ала алатын болады. Барлығын Үкіметке арта беруге болмайды. Біз халыққа әркімнің денсаулығы өзіне керек екендігін түсіндіруіміз керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша салауатты өмір салты – темекі шекпеу, арақ ішпеу, түсік жасатпау, спортпен айналысу, осының бәрі 50-60 пайыз денсаулыққа әсер етеді. Ал жұмыссыздарға әртүрлі әлеуметтік бағдарламалар іске асырылып жатыр, сондай-ақ жұмыс істемейтін адамдар 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде төлеп тұрса, зейнетке шыққан кезде ешқандай проблема болмайды. Қысқасы, МӘМС іске асса бәсекеге төтеп бере алады, өйткені медициналық көмекті мемлекеттігі де, жекеменшігі де көрсетеді. Себебі, мемлекеттік тапсырыс алғаннан  кейін олар толыққанды жауап беру керек. Мемлекеттік, жекеменшік деп бөлінбейді әрі бәсеке болған соң сапаға көшеді. Қазіргі таңда индикаторлар бар. Осыған  талдау жасап көрген кезде мемлекеттік медициналық мекемелердің көрсеткіштері жекеменшікке қарағанда сапасы өте жоғары шыққан.  

– Пациенттер МӘМС-тің ең бірінші жақсы өзгерісін қалай біледі?

– Пациенттер тегін медициналық көмектің тізбесін көреді. Мемлекет төмендегі тұлғалар үшін МӘМС төлейді – балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыссыз жүкті әйелдер, үш жасқа толғанға дейін баланы (балаларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін тұлға (баланы заңды өкілдерінің бірі), жүктілігі мен босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға (бала асырап алуға) байланысты үш жасқа толғанға дейін күтім жасайтын адамдар, мүгедек балаға қамқорлық жасайтын жұмыс істемейтіндер, Ұлы Отан Соғысының қатысушылары мен мүгедектерін қоса алғанда, зейнетақы төлемдерін алушылар, сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар, түрмеге қамалған адамдар, жұмыссыз оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа», сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, мүгедектер, орта білімнен кейінгі, техникалық және кәсіптік ұйымдарда, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кеінгі білім бойынша күндізгі бөлім студенттері. Арнайы қаулы бар, соған сәйкес әр емханаға тіркелген тұрғындар МӘМС тарапынан көмекті ала алатынын біледі. Бізде мекемеде 280 адам жұмыс істейді. Ай сайын МӘМС қорына  ақша аударып отырамыз. Мәселен, наурызда 329082 теңге, сәуірде 324 493 теңге аударылды.

– Қазір емханаға да жедел жәрдемнің біраз жұмысын артып қойды. Бұл онсыз да шаруасы қат-қабат мекемеге екі есе жүк емес пе?

– Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылдың 3 шілдедегі №450 бұйрығы бойынша жедел медицицналық жәрдем жеделдік санаты бойынша 4 категорияға бөлінеді. Соның 4-інші санаты емханаларға жүктелген. Оларға кімдер жатады? Біз созылмалы ауруларға алғашқы медициналық көмекті көрсетуіміз керек. Қазіргі таңда барлық емханаларда жедел жәрдем медициналық көмек көрсету бекеті ашылған. Ол жерде фельдшер, дәрігерлік бригадалар бар, диспетчерлер жұмыс істейді. Егер Сіз шақырсаңыз 60 минуттың көлемінде шұғыл медициналық көмек емхана тарапынан көрсетіледі. 

– Халық пен дәрігерлер қарым-қатынасын реттеуге бола ма, пациенттер шағымды неге көп айтады?

– Бұл мәселе күрделі. Біз халыққа қызмет көрсететін, олармен байланысқа түсетін мекеме болғаннан кейін дәрігерлер этика мен деонтологияны сақтауы керек. Дәрігер мен дәрігер, дәрігер мен орта буын, дәрігер мен халық, олардың туған-туыстарымен қарым-қатынасы қалай болу керек, осының бәрі деонтология деп аталады. Сондай-ақ, этикалық норманы да сақтауымыз керек. Халық негізі дәрігерге сеніп келеді, сенім болу керек. Дәрігер тарапынан әр пациентке 15-20 минут уақыт бөлінеді. Осы уақытта дәрігер өзінің алдына келіп отырған пациентпен диалог жүргізіп, ол кісінің проблемасына кіре білу керек. Сонымен қатар, бізде социологтар, психологтар, бейінді мамандар жұмыс істейді. Осы бағытта барлығы қамтылса, халық пен дәрігердің арасында ешқандай проблема болмайды. Уақытты үнемдеу мақсатында емханаға тіркелген тұрғындар мобильді қосымша арқылы дәрігерге жазылады. Бүгінде біз 80 пайыз қағазсыз форматқа өттік. Бұрынғыдай денсаулық құжаты, ауру тарихы қажет емес, барлық мәлімет компьютерде – ортақ базада тұр. Зертханаға да баяғыдай жолдама жазып берудің қажеті жоқ. Зертхана барлық нәтижені сол дәрігерге береді. ЖСН терсе жетіп жатыр. 

– Жұмыстан анықтама талап етсе ше?

– Жақында Үкіметте осы мәселе көтерілді. Болашақта ешқандай анықтама талап етілмейтін болады. Бәрі электронды нұсқада, тек пациенттің келісімі бойынша 086 формасындағы медициналық анықтама, тағы басқаны алуда проблема болмайды. Бұл жерде жемқорлыққа жол бермеу жағы қарастырылған.  

– Денсаулық туралы жаңа кодекс дайындалып жатыр, онда дәрігер мен пациенттің қарым-қатынасы реттелетіні қарастырылған ба?

– Халықтың арасында дәрігерлерді кінәлап жатқандар кездесіп жатыр ғой. Кейбір жағдайда дәрігердің кінәсі болмауы керек. Егер де ол дөрекі сөйлемейтін болса, түсіндірсе проблема болмауы керек. Соның өзінде кейбір пациенттер проблема жасайды. Әсіресе вакцина егу мәселесіне көңіл бөлініп жатыр. Ол тек өзінің отбасына ғана емес, қоршаған ортаға, балабақшаға, мектепке, университетке барады. Өзі ғана емес, жұқпалы аурумен басқаларды да ауыртуы мүмкін. Қазір кодекске өзгертулер енгізіліп жатыр. Заң бойынша шаралар қолданылып, болашақта бас тартуға негіз болмайды. Тек сонда ғана жұқпалы аурулардың алдын алуға мүмкіншілік туады. Егілмеген жағдайда, өзінің баласын, отбасын ғана емес, қоршаған орта мен қасында жүрген адамдарға да зияны тиюі мүмкін. Біздің №4 қалалық емханаға 43 мың адам тіркелген. Жоспарлы екпе бар. Сол бойынша вакцинадан діни сенімін сылтауратып бас тартып жатқандар бар. Көп емес, бірақ кездеседі. Ондай жағдайда әлеуметтік қызметкер, бөлім меңгерушісі, психологтар тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, діни көзқарасын алға тартатындар қатты қателеседі. Олай оқшаулануға болмайды. Әр түрлі дінді ұстансақ та бәріміз бір Құдайға сенеміз. Медицина мамандарын Құдайсыздай көрудің қажеті жоқ.

– Қазір кейбір жастарда білім жоқ, ақша беріп оқиды деген түсінік қалыптасып қалған. Бұл қаншалықты рас, не айтасыз?

– Биыл – Жастар жылы. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент медицина институтын 9 жыл басқардым. Сол кезде біздің түлектерді Солтүстік, Орталық Қазақстаннан келіп жұмысқа шақырған. Біздің түлектердің сол жерге жұмыс жасауға мүмкіндігі барын көзіммен көргем. Теория мен практиканың шамалы айырмасы болғанымен, негізінде қазіргі жастар талантты. Олардың көзқарастары «Цифрлы Қазақстанға» өте лайық. Тәжірибе жинақтау мақсатында кемшіліктер болуы мүмкін. Бірақ, үйренеді. Бастысы сол мамандығын жақсы көру, соған өмірбақи қызмет ету керек. 7 курсты бітірген соң Дәрігер антын қабылдайды. Диплом алып, жұмысқа қабылданғаннан кейін өзінің қызметтік міндеті бойынша жауап береді. 

– Өзіңіз басқарып отырған мекемеде қандай мамандар тапшы?

– Бізде бейінді мамандар тапшы. Қазіргі бағдарлама бойынша олар 3 жыл резидентурада оқуы тиіс. Қазіргі таңда көптеген жоғары медициналық орны даярлап шығармайды. Мысалы, бізде көз дәрігері бала күтімі бойынша декреттік демалыста. Орнына жаңа маман даярлаудамыз.

2011 жылға дейін бітіргендерді алғашқы мамандық арқылы 4 айға жіберіп оқыта аламыз, одан кейін бітіргендерді тек  2, 3, 4 жыл резидентура арқылы ғана даярлайды. Осындай проблемалар бар. Инфекционист, неврапатолог, кардиолог, эндокринолог жетпейді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында лицензиясы бар медицина университеттерінде даярланып жатыр.  

– Дәрігердің жалақысы қанша болу керек?

– Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан емханаларда дәрігерлерге мотивация, яғни ынталандыру қарастырып, дәрігерлеріміз ауруларды басқару бағдарламасы бойынша оқытылуда. Емханада 50 дәрігер мен медбике қосымша айлық алуда. Әр учаске созылмалы жүрек, қант диабеті, гипертония – осы үш ауруды басқарып, пациенттердің өмір жасын ұзартуы керек. Осы бағдарламаны орындаған жағдайда, 20 пайызға жеткізгендері ай сайын комиссия шешімімен қосымша жалақы алады. Қазір оның көлемін 30 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Айталық, учаскелік дәрігер 100 мыңнан жоғары алады. Осыны 142 мыңға дейін жеткіземіз деп отыр, соған сай талап та күшеюде. Ол үшін жалпы тәжірибелі дәрігердің қарамағындағы пациенттер 1700 адамнан аспауы керек. 

– Бала 6 жасқа толғаннан кейін оны неге үлкендер бөліміне ауыстырып, солармен бірге емдейді? 

– Қазір педиатр 6 жасқа дейін 500 бала қарауы керек. 6 жасқа толғаннан кейін жалпы тәжірибелк дәрігердің қарауына өтеді. Себебі, ол жерде отбасылық принциппен қарайды. 

– Емхана таңдау мәселесі қалай болып жатыр?

– Жылына бір рет 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында «Әр адам өз қалауы бойынша» тіркелу үшін компания жүреді. Сол кампания кезінде Қазақстан халқының емдеу мекемелерін таңдауға құқы бар. Келесі жылы сол мекемеге тіркеледі. Қазір жекеменшік мекемелерге де тіркеліп жатқан халық саны бар. Негізі, тұратын жеріңізге жақын емдеу мекемесіне тіркелген дұрыс, медициналық көмек қолжетімді болады. Дәрігер 10 минутта жетіп барады.

– Шымкент қаласы мәслихатының депутаты ретінде денсаулық саласына қатысты қандай мәселелер көтеріп жүрсіз?

– Мен №22 округтен сайланған депутатпын, әлеуметтік саланың тұрақты комиссиясы мүшесімін. Ол жерде түрлі мәселелерді қараймыз. Айына екі рет, бейсенбі күндері сағат 16-ден 18-ге дейін сайлаушыларымды қабылдаймын. Көбісі экономика, әлеуметтік, тағы басқа да мәселелермен келеді. Былтыр депутаттар рейтингі бойынша маған «Нұр Отан» партия тарапынан 74 балл қойды. Онда депутаттың халықпен кездесуі, сауалнама жүргізуі, БАҚ-та жұмысын насихаттауы, халықпен қалай жұмыс істегендігі бағаланады. Депутат билік пен халықтың арасындағы проблеманы шешу үшін жүреді. Бұл жерде қосымша айлық төленбейді. Әр азамат өзінің міндетін орындау үшін халықтың жағдайына көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Мені әлеуметтік жағдай көбірек қызықтырады.   

– Дәрігер қандай болу керек?

– Дәрігер мамандығын таңдағаннан кейін өмірбақи оқу керек, медицина бір жерде тоқтап тұрмайды. Күніге өзгерістер болып жатыр. Адам өзінің білімін жетілдіріп отыруы керек. Теория практикадан, практика теориядан қалмауы қажет. Негізі 5 жылда бір рет білімін жетілдіріп,  сертификат алуы тиіс. Сонда ғана толыққанды дәрігер болып жұмыс істеуге болады. Медицинада күнделікті жаңалықтар мен жаңартулар енгізілуде, сол себепті әрбір дәрігер хабардар болып отыру керек.

– Өзіңіз дәрігерсіз, өмір салтыңыз қандай?  

– Салауатты өмір салтын ұстануға тырысу керек, тек дәрігер емес әрбір Қазақстан азаматы. Дұрыс тамақтана білу, спортпен айналысу керек. Қазір қозғалыс  жоқ, аз болғаннан кейін денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Адамдардың 50-60 пайызы салауатты өмір салты ұстанады. Бірақ, қалғаны – 15-20 пайызы тұқым қуалаушылық, 15-20 пайызы экология, 8-10 пайызы дәрігердің өз жұмысына салғырт қарауынан ауруларын асқындырып алып жатады. Тамақтан өзіңді шектеудің қажеті жоқ, организм не қалайды, соны жеу керек. Тек шектен асып тойып жемеген дұрыс. Белгілі бір жерде өзіңді бағындыра білген жөн. Мысалы, таңертең кетіп, кешке бір-ақ келіп тойып тамақ жеу зиян. Адамдар уақытында денсаулығына көңіл бөлмей жүре береді де, сосын қат-қабат ауру шығады. Жас кезінде материалдық жағдайын жасаймын деп өзіне зиян келтіріп, кейін тапқан ақшасын соған жұмсап жүреді. Тепе-теңдік ұстау үшін адамның санасы жоғары болу керек. Жалпы, адамның 120 биологиялық жас жасауға мүмкіншілігі бар. Ал бізде өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 72 жыл. Осыны біз ұзартуымыз керек. Жаңа бағдарламада осы туралы айтылады. 

– Урбанизация денсаулық сақтау саласына әсер ете ме? Жалпы, табиғи өсім қалай жүріп жатыр? 

 – Шымкент қаласы үшінші мегаполис статусын алғаннан кейін адамдар ауылдық жерден қалаға жұмыс іздеп келіп жатыр. Қазір тұрғындар саны 1 миллион 300 мыңға жетті.  Әр он жылда санақ жүреді. 2018 жылғы статистикалық жинақ шықты. Онда қанша адам, қанша емдеу мекемелері бар, қандай әлеуметтік маңызы бар аурулар бар, есептеледі. Өйткені, туберкулезбен, тағы басқа да әлеуметтік аурулармен ауыратын адамдарды мүгедектікке шығарады. Оған Үкіметтен әлеуметтік көмек бөлінеді, сол себепті әлеуметтік маңызы бар аурулар деп атайды. Жалпы аурушаңдық 100 мың адамға есептелінеді, туу көрсеткіші 1000 адамға, өлім көрсеткіші 1000 адамға есептеледі. Бізде Түркістан облысы мен Шымкент қаласының табиғи өсім деңгейі республикалық көрсеткіштен жоғары. Республикада туу көрсеткіші орта есеппен 1000 адамға шаққанда 20, өлім көрсеткіші 7 болып отыр. Демек, 1000 адамға 13 адам қосылып отыр.  

– Жұрт айта жүретіндей «Доктор Рамазан Бектұрғановтан 5 кеңес» айта кетсеңіз... 

– Бірінші – әркім өз денсаулығы өзіне керектігін білу, оған көңіл бөлу керек. Екінші – салауатты өмір салтын ұстану керек. Үшінші – салт-дәстүріміздің медицина мен гигиена талаптарына сәйкес келетінін әр адам білу керек. Төртінші – Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан көрсетіліп жатқан барлық тегін медициналық көмектерге халықтың көзқарасы дұрыс болу керек. Бесінші – Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай тәртіпке бағынған құл болмайды. Тәртіп бар жерде сапа бар. Денсаулық сақтау мекемелерінде тәртіп болса, көрсеткіш дұрыс болады. 

– Уақыт арнап, сыр бөліскеніңізге рақмет!

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Алғаш рет лазермен варикозға ота жасады
Босанғаннан кейін фигураны қалпына келтіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу