Босанғаннан кейін фигураны қалпына келтіру
Көптеген әйелдер жүкті кезінде өз ағзасын, денсаулығын, фигурасын қалай қалпына келтіремін деп алаңдайды. Оған қоса, әйел психологиялық тұрғыдан да оңалуы керек. Сіздердің назарларыңызға ресейлік дәрігер-терапевт, үш баланың анасы Е.Кузнецованың босанғаннан кейін қалай дұрыс қалыпқа келуге болатыны туралы мақаласын ұсынбақпыз.
Кез келген әйел жүкті кезінде және босанғаннан кейін де оның отбасындағы тыныштықтың маңызы өте зор. Жас ана өзін күйеуі мен жақын туыстарының қолдауына сенімді болуы керек. Бұл оның баламен дұрыс қарым-қатынас орнатып, омырауының сүтке толуы болуы үшін қажет. Егер ананың жағдайы жақсы, тыныш болса, босанғаннан кейін ағза да тез қалпына келеді. Жүктілік кезінде әйел салмақ қосады. Баланың салмағы шамамен 3,5 кг. Плацента 600-900 г, жатыр созылып, бір келіге жетеді. Омырау да сүт жиналып, үлкейеді. Салмаққа 5,5-тен 7 кг қосылады. Жүктілік кезінде 11-12 кг қосу қалыпты жағдай. Босанғаннан кейін 5 кг салмақ тастайды. Ал қалған салмақтан өздігіңнен арылуың керек.
Босанғаннан кейін емізулі әйелдің денесінің қайта қалпына келуіне ең бірінші дұрыс тамақтану кіреді. Оның ішіп-жемінде ет, балық, сүт тағамдары, ащы емес ірімшік пен аллергия тудырмайтын көкөніс пен жемістер болу керек. Балықтың барлық түрі емес, тек ақ етті, майы аз треска, минтай, хек, карп сияқтыларын жеуі керек. Алкоголь, шоколад, кофе, қою шай, қызыл түсті және сарғылт жемістер, газды сусындарды ішпеуі және ұннан жасалған тағамдарды азайтуы керек. Емізулі әйел күніне кем дегенде 2 және одан да көп сұйықтық ішу керек.
Алғашқы айлар яғни босанғаннан кейін 6 апта ішінде денеге күш түсіретін ауыр жүк көтеруге болмайды. Себебі жас ананың ағзасы әлі де шаршаулы болады. Балаға да көп уақыт бөлу керек. Егер қатты күш түсіретін физикалық жаттығу жасаса сүттің дәмі өзгеруі мүмкін.
Сондықтан, алғашқы алты аптада пресс жасауға болмайды, өйткені жатыр мен оның құрылымына артық жүк түседі. Одан гөрі алты апта ішінде гимнастика жасаған дұрыс. Егер кесарь тілігімен босанған болсаңыз, босанғаннан кейін алғашқы күннен бастап емдік гимнастика жасау қажет. Таза ауада баламен кемі 2 сағат жаяу жүрген өте пайдалы.
Кесарь тілігінен кейін операциялық бандаж кию керек. Ол бұлшық еттерді қалпына келтіреді. Оны бірнеше апта киген соң барып шешеді. Бұлшық еттер сосын өзі жұмыс жасауы керек.
Егер босанғаннан кейін жыртылу болса 2 айға дейін отыруға болмайды. Себебі, тігілген жіптер сөгіліп кетпеуі керек. Бұл кезде тек кеудеден жоғары жақпен ғана жаттығу жасаған дұрыс. Инфекция түспес үшін интимді тазалықты қатаң ұстану керек. Әлсіз ғана жасалған физикалық гимнастика ағзаны тез қалпына келуіне көмектеседі. Сондай-ақ мұндай кезде іш қатып қалуға жол бермес үшін Дюфалак дәрісін ішіп жүру қажет.
Босанғаннан кейін жас ана жақсылап тынығу керек әрі ұйқысы да қанық болғаны жөн. Ол үшін жас ана туыстарымен алдын ала келісіп, алғашқы айларда балаға қарасуға көмектесуін өтінуі керек. Ұйқының қанық болуы жүйке жүйесін қалпына келтіріп, иммунитетті күшейтеді. Неге десеңіз, егер жас ана өзін жайсыз сезініп, мазасы кетсе оны бала да сезіп, жылауы көбейеді.
Омыртқа мен бұлшық етті қатайту
Көп әйелдер босанғаннан кейін бел тұсы мен омыртқасы, иығы ауыратынын айтып шағымданады. Белдің ауыру себебі жүктілік кезінде көп салмақ түседі де белдің бұлшық еттері әлсірейді. Оның үстіне жас ана көбіне баланы қолына алып, көтеріп жүргендіктен белге салмақ түседі. Нәтижесінде омыртқасына жайсыздық тудырады.
Омыртқаны қайта қалпына келтіру үшін арнайы жаттығулар бар. Ол үшін қолды айқастырып кеуде тұсқа қоямыз. Денені оңға және солға он рет бұрамыз.
Отырған күйі қолды артқа қарай мойынға қоямыз. Тағы да оңға және солға қарай бұрыламыз.
Отырған күйі қолды алға созамыз және біріктіреміз. Қолды ажыратпаған күйі басымыздан барынша жоғары көтеріп, 10 секунд ұстап тұрамыз.
Сонымен қатар мүсінді де қатайту керек. Түзу әрі әдемі мүсін бұлшықеттің жағдайына да әсер етеді. Себебі бұлшықеттер омыртқаның оң жағы мен сол жағына бекіген, жауырынмен жалғасқан. Сондай-ақ бел-сегізкөздің де ақауы болмау керек, оған арналған арнайы жаттығу бар.
Ол үшін ішпен жатыңыз. Қолды алға қарай созыңыз. Ішіңізді өзіңізге қарай тартыңыз. Кеуде тұсыңызды жайлап еденнен жоғары көтеріңіз. Шалт қимыл жасамай жайлап көтеріліңіз. Қолыңыздың басыңыздан жоғары көтеріліп тұрғанын қадағалаңыз. Артқы аяғыңызды да осылай жоғары көтеріңіз. Сосын қолды да, аяқты да бірге көтеріңіз. Әрбір жаттығуды 10 реттен қайталаңыз.
Арқа мен мойынды да босанғаннан кейін массаж жасатқан пайдалы. Ол үшін массаж жастықшасын пайдаланыңыз. Массажды босанғаннан кейін 2-3 аптадан кейін жасаңыз. Массаж бұлшықеттің жұмысын жақсартып, тонусын қалпына келтіреді.
Құрсаққа арналған «Мысық тынысы» деп аталатын жаттығу
Төрт аяқтап мысық сияқты тұрамыз, арқаны жоғары көтереміз, осы кезде 2 цикл тыныс алу керек. Ары қарай белді төмен түсіреміз. Бірақ бұл кезде ішті барынша тартып тұрамыз. Мұнда да 2 цикл тыныс аламыз. Он рет қайталаңыз.
Ал бұлшықетті қатайту үшн Кегель жаттығуын жасау керек, яғни бұлшықетті жиырып және босату, бұл кіші дәретті ұстап тұруға, кіші жамбасты төмен түсіп кетуден қорғайды.
Ішкі органдар
Бір жарым айға дейін жатырдан етеккір секілді ақ кір бөлінеді. Бұдан соң жатыр тартылып, орнына келеді. Кейбір әйелдер мұндай кезде ауырсынады. Дәрігерлер жаңа туған анаға инфекция түспес үшін әрі жатыр тез қалпына келуі үшін антибиотик терапия мен жатырды тарылтатын дәрі тағайындауы мүмкін.
Лактация кезеңі өтеді, бұл кезде әйел мастит болып қалудан сақтану керек, әйтпесе сүт безі қабынып кетеді. Өйткені, алғашқы кезде иммунды жүйе өте әлсіз болғандықтан инфекция түсуі мүмкін.
Дәрігердің рекомендациясын мұқият орындап, ұйқы мен сергек болудың режимін орнату қажет. Баламен бірге босанғаннан кейін осындай күрделі кезеңнен сәтті өту үшін жас ана жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішу керек.
Жүктілік пен босану тік ішекке де әсер етіп, іш қатуға алып келеді. Оның алдын алу үшін сұйықтық көп ішкен дұрыс.
Жүрек-қантамыр жүйесі
Босанар алдын қан ұйыту жүйесі белсенді жұмыс істейді, ол әйелдің босану кезінде көп қан жоғалтпасы үшін қорғаныш қызметінде болады. Бұл босанғаннан кейін тромбалардың, аяқтың ісініп ауырып, жүрген кезде қолайсыздық тудыруы мүмкін. Сол үшін компрессиялық шұлық кию, құрамында шөбі бар кремдер пайдалануға болады. Бірақ, алдымен маманмен ақылдасу керек.
Босанғаннан кейін бауырыңыздан да проблема шығуы мүмкін. Бұл кезде міндетті түрде биохимиялық қан талдауын жасату қажет. Олар: АЛТ, АСТ, ЩФ, билирубин. Сондай-ақ бауыр мен өт жолын УЗИ-ден өткізу керек. Егер тас жоқ болса және бала емізетін болсаңыз өт шөбін, жүгері шашағын, мыңжапырақ ішуіңізге болады. Хофитол препараты да жақсы, емізулі болсаңыз диета ұстағаныңыз дұрыс.
Геморрой
Жүкті кезіңізде жатырыңыз үлкейген сайын ішкі органдарға қысым жасайды да, тік ішектен қан жүру қиындай түседі. Бұл босанғаннан кейін тіпті ұлғайып, қан кетуі де мүмкін. Сол үшін қатаң диета ұстанып, тік ішек тамырларын күтінуіңіз керек. Бұл кезде бәріне танымал Релиф балауызын қолдануға болады.
Ағзаны қалпына келтіру көптеген факторларға байланысты: әйелдің жасы, жүктілікке дейінгі оның денсаулығы, жүкті кезі мен қалай босанғандығы әсер етеді. Егер әйел жас әрі дені сау болса, бала туу оның денсаулығын жақсарта түседі. Репродуктивті жүйесі мен әйел ағзасының дұрыс жұмыс жасауын қамтамасыз ететін гормондар бөледі. Егер әйел босанғанға дейін созылмалы ауруы болса, жүктілік оның жағдайын одан сайын нашарлатып, ағзасы қалпына келемін дегенше бірнеше жыл кетеді.
Жас ана кем дегенде тәулігіне 8 сағат ұйықтауы керек. Күніне таза ауада 2 сағат серуендеп, гимнастика жасауы қажет. 2 литр су ішу, ет, балық, көкөніс пен жеміс-жидектер тұтынуы қажет. Сонымен қоса, тек жақсы, көңілді адамдармен араласып, теледидардан қорқынышты жаңалықтарды қарамай, кез келген жағымсыз оқиғалардан аулақ жүруі керек. Дәрігерлер де жас ананың туыстарына баласы өсіп жетілгенше алғашқы бір-екі жылда қолдау көрсету керектігін түсіндіре кеткен артықтық етпейді.
Дендеріңіз сау болсын!
Нұри МӘУЛІТ