Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Өткен демалыста қызын қырқынан шығарып, дүркіретіп той жасаған Тамара Асар жеке өміріндегі жағымды өзгерістерге байланысты "Таңшолпан" бағдарламасына сұхбат берді.
Әнші тұрмысқа шыққанын да, бала күтіп жүргенін де соңғы сәтке дейін жасырып келді. Бір қызығы, соған қарамастан, концерттерге қатысып, елдің алдына шыққан.
"Өзімнен өзім қорықтым. Себебі біз шығармашылықтың, эмоцияның адамымыз. Қатты толқып, бір жерде зақым келтіріп аламын ба деп қатты қорықтым. Жас ерекшілігіме байланысты өзіме үлкен талап қойдым. Сосын қазақылығым басым ғой, ұялдым.
Тұрмысқа шыққанымды да хабарламағаннан кейін, қалай болар екен деп... Карантиннің кезі болғаннан кейін анам да: "Кейін айта жатарсың, әуелі жақсылықты өздерің көріп алыңдар", - дегеннен кейін шығармадық. Бірақ оны қалай жасырасың? Уақыт жақындағаннан кейін, жайлап сандықтың аузын аштық", - деп жан сырын ақтарды әнші.