МӘМС деген не?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі.
МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан,тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру– бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі.
Егер азаматқа жарна аударылатын болса, ол автоматты түрде сақтандырылған болып саналады. Осылайша, ең төменгі деңгейде жарналық аударымдар жасай отырып, азамат медициналық қызметтің бүкіл пакетін, оның ішінде қымбат қызметтерді пайдалануға мүмкіндік алады.
Қор өз кезегінде тиісті талаптарға сәйкес келетін медициналық қызметтер көрсетуші мердігерлермен келісімшарт жасап, медициналық қызмет сапасын қатаң бақылайды.
МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар қандай медициналық көмекке жүгіне алады?
- Алғашқы медициналық-санитарлық көмек амбулаторлық және стационарлық жағдайда тегін көрсетіледі. Оған профилактика, диагностика, ауруларды емдеу, жүктілікті бақылау, медициналық манипуляциялар жатады.
- Мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке арнайы әдістерді қолдануды және күрделі медициналық технологияларды қажет ететін профилактика, диагностика және емдеу шаралары кіреді.
- Жедел медициналық көмек шұғыл және күттірмейтін жағдайларда медициналық ұйымдардан тыс, ал шұғыл медициналық араласуды қажет ететін жағдайларда (келеңсіз жағдайлар, жарақаттар, улану, күрделі науқастардың кенеттен асқынуы) амбулаторлық немесе стационарлық жағдайда көрсетіледі.
- Жоспарлы медициналық көмек стационарлық жағдайда пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін аурулар кезінде көрсетіледі.
- Дәрілік қамтамасыз ету – амбулаторлық-емханалық көмек көрсету кезінде.
- Мейірбикелік күтім – ауру салдарынан өз-өзіне қызмет ете алмайтын, бөгде адамның әрдайым күтіміне немесе қарауына мұқтаж тұлғаларға
- Паллиативтік көмек – жазылмайтын, өміріне қауіп төндіретін, ауру барысы ауыр науқасқа шалдыққан пациенттің өмір сапасын барынша жақсартуға бағытталған.
Арай ЖАҢБЫРШЫ,
№4 Шымкент қалалық емханасының учаскелік терапевті