Наркоз туралы қызықты деректер

Oinet.kz 04-12-2019 3571

4 миллион көрермен тамашалаған «Наркоз» фильмінің слоганы – «Жылына 21 млн. адам жалпы наркоз алады. Оның 700-і оянып кетеді». 

Оянбағандар қаншама, «ұмытқандар» қаншама?

Screenshot_14.jpg

Наркоз – ақпарат

Бүгінгі таңда анестезияның үш негізгі түрі бар: жергілікті, жалпы және жұлын.  Кенеттен операция жасау керек болғанда және арнайы балаларға ингаляциялық наркоз түрі қолданылады. Бала маска арқылы ингаляциялық қоспаны дем алады да ұйықтап қалады. Күре тамырдың ішіне жасалатын анестезия ұзақ уақытқа созылатын күрделі операцияларда қолданылады. Травматологияда регионарлы анестезияға (жарақаттанған жердің нервісін өлтіру) басымдық беріледі. Эпидуральді анестезия толғақ кезінде толғақты шақыру не жеңілдету мақсатында жасалынады. Жұлындық анестезия көп жерде қолданылмайды. Жұлындық анестезия алған ауру ешнәрсе сезбейді әрі қалың ұйқыға кетеді. Алайда пациенттің ұйқыға кетпей, санасы ояу болғаны нейрохирургияда жасалатын кейбір операцияларда маңызды. 

Пышақ астына ешкім бекерден бекер жатпайтыны белгілі. Наркоз да сол мәжбүрлектен салынатын дүние екендігін ұмытпаған абзал. Әлбетте оның салдары болады. Олар: жүрек айну, бас ауру, бас айналу, арқа, бел ауруы, бұлшық ет ауруы, сананың тұмандануы, жүйкенің зақымдануы, аллергиялық реакция (аналаксия), көздің қасаң қабының зақымдалуы, есте сақтау қабілетінің бұзылуы және ми жұмысының тоқтауы (өлім). Ең жиі кездесетіні – есте сақтау қабілетінің төмендеуі немесе медицина тілімен айтқанда отадан кейінгі когнитивті дисфункция. Пациент өткен шақтың кейбір сәттерін еске түсіре алмағанына, керек ақпаратты тез қабылдап, жадта ұстай алмайтынына шағымданады. Қолайсыздық әкелетін, қиындық тудыратын мұндай жағдай кезінде емделуші тарапынан қойылатын ең басты сұрақ – ұмытшақтық ауырының қаншалықты ұзаққа созылатындығы. Өкінішке орай, анестезиология ғылымы әлі терең зерттеле қоймаған сала. Сол себепті дәрігерлер нақты жауап бере алмайды. Зерттеулерге сүйенсек, жүрекке операция жасатқандар ұмытшақтық ауруына жиірек (80%) ұшырайды екен. Оған артериальді қысымның кенеттен төмендеуі және қандағы оттегі мөлшерінің азаюы себеп болуы мүмкін. Кейбір зерттеулердің нәтижесі мынандай – есте сақтау қабілетінің нашарлауы бірнеше жылға дейін созылады.

Наркоз – тарих

Біздің эрамызға дейін ІІІ-ІV мыңжылдықта хирургиялық операциялар кезінде апиын тұнбасы, белладонна, мандрагора, алкогольдің көмегімен жансыздандыруға әрекет жасалғанына біздің күнімізге дейін жеткен ежелгі Египет жазбалары куәгер болып отыр. Бірақ мұндай жансыздандырудың күші жеткіліксіз болып, шағын операциялардың өзі науқастың шоктан өлуіне әкеп соқтырып отырған. Операциялар «тірідей» жасалды, пациенттерді күші басым санитарлар ұстап отырған немесе тақтайға байлаған. Операция кезінде науқастар ғана емес, отаға қатысып отырғанда да талып қалатын болған. Операция залы айқайға толы болған көрінеді. Лондонның ауруханаларының бірінде операция жасалып жатқан науқастардың айқайын естіртпеу үшін пайдаланылған қоңырау осы күнге дейін сақталған. Орта ғасырларда шіркеу ауырсынуды Құдайдың күнәні жуу үшін жіберген жазасы, оны жою туралы идеяны Құдайға қарсылық деп таныды. 

Хирургтерге ауырсынудың уақытын мейлінше азайту үшін операцияны шапшаң, шебер жасауға тура келді. 1800 жылы Деви азоттың шала тотығының өзіндік бір әсері барын тауып, оны «көңілдендіргіш газ» деп атаған. 1818 жылы М.Фарадей эфирдің де осындай қасиетін тапты. 1844 жылы тіс дәрігері Г.Уэллс (АҚШ) азоттың шала тотығының жансыздандыратын қасиетін тіс жұлуға пайдаланған және бірінші пициент өзі болған. Бірақ Бостон қаласында ресми жариялау кезінде жансыздандыру сәтсіз болып, пациент өлім аузынан қалады. 1846 жылы американ химигі Джексон мен тіс дәрігері Мортон эфирдің буымен тыныс алудың науқасты есінен айырып, ауырсыну сезімін жоятынын көрсетіп, эфирді тіс жұлуға пайдалануды ұсынды. Аталмыш жылдың 16 қазанында Бостон ауруханасында Гарвард университетінің профессоры Джон Уоррен 20 жасар науқас Джильберт Эбботтың төменгі жақ сүйегінің астындағы ісікті тіс дәрігері Уильям Мортон тамаша жүргізген наркозбен сылып тастады. Сол уақыттан бері 16 қазан жыл сайын «эфир күні» – анестезиология күні ретінде атап өтіледі.

Наркоз – шөп

Мұның бәрі түсінікті. «Алайда біздің ата-бабамыз қалай емделді? Ауырсынуды қалай басты?» деген заңды сұрақтар туындайды. Ұлттық арна эфирінен «Тәуіп Хо Жун» кәріс телехикасын үзбей көрген қазақ көрермені жауабын бірден табары анық. Әрине, дәрілік шөппен емдеген кәріс халқы ғана емес. Қазақ та шөпті тани білген. «Шапағат» халық емшілері мекемесінің мүшесі, халық емшісі-биоэнергетик, фитотерапевт Гүлмира Оспанова «Ауырсыну сезімін басатын шөп тамырлар мынандай: көкнәр, қарасора, дурман, айыр, түймешетен, лаванда, жусан және т.б. Мысалы, қарасора әйелдерде кездесетін жатыр миомасын емдеуге көмектеседі. Ал, түймешетен қатты бас ауруды басса, лаванда эпилепсиямен ауыратын адамның приступын басады. Жусан өз кезегінде буын ауруын қойдыртады. Осындай емдік қасиеті бар бірнеше  шөптамырларды қосып, тұнба жасау ежелден келе жатқан дәстүр. Жоғарыдағы шөптердің емдік қасиетін білген қазақ олардың көмегімен адамның ауырсыну сезімін бәсеңдетіп, емдеген. Бүгінде маған неше түрлі диагнозбен адам келеді. Әр адамның денсаулығын жағдайына қарап әртүрлі тұнба жасаймын. Шөптің көмегімен дертіне дауа тапқан жандар баршылық. Бізде Қазақстанда фитотерапевт мамандығын оқытатын оқу орны жоқ. Негізінде бұл тарихы тереңге жайылған медицинаның өзіндік саласы. Емшілердің том-том кітаптарына жүгінетін мен үлкен кісілердің әңгімесін қалт жібермей тыңдауға тырысамын. Олар кезінде қалай емделді, қандай шөптің емдік қасиеті бар деген мәліметті көпті көрген, көп білетін қариялардан алдым. Мен және отбасым дәріні мүлдем ішпейміз. Тек қана шөпке жүгінеміз. Шөпті жинап әкеп беретін арнайы адамдарым бар» дейді. 

Наркоз – шөп

Бүгінгі таңда да дәрілік шөптерге деген сұраныс жоғары. Дәріханада «емдік шөптерді» рецептісіз оңай сатып ала аласыз. Қазақстанға шекара асып келіп дәрілік шөп ұрламақшы болған «туристтер» шөп индустриясының қаншалықты танымал, қаншалықты табысты екендігін байқатып тұр. Сауықтыру медицинасының докторы, әлемдік емшілер элитасының маманы Сайлаухан Сұлтанқызы «Бірде маған шөптің 18 түрін жинап, дәріханаға өткізбекші болған адам келді. Шөптерін тексеріп қарап шықтым. Сөйтіп оған 18 шөптің тек 6-уы ғана жарамды екендігін айттым. Ал қалған 12-сін дәріханаға өткізер болсаңыз адам денсаулығына пайда емес зиян әкелетіндігін, оларды оданша өртеп жіберген дұрыс екендігін мәлімдедім. Себебі бұрынғы экология жоқ. Топырағымыз, суымыз эрозияға ұшыраған. Жауып жатқан жаңбыр да бұрынғы жаңбыр емес. Сондықтан да шөптің де өз қасиетін жоғалтуы, өзгеруі заңды» дейді.

Сайлаухан Сұлтанқызының алдына келетін адам көп екен. Соның ішінде дәріханадан шөп сатып алып сап-сау организмін улаған, өзін-өзі ауру қылған адамдар да баршылық болып шықты. Шөпті бейберекет іше берген дұрыс емес, құр шөптен келер зиян жоқ деген түсінік қате дейді ол. 

Шөпті полигонның зардабы тиген Семей жақтан алдыртпайтынын, тек қана оңтүстік өңірінен шөп тергізетінін, керек болса Ташкенттен алдыртатынын фитотерапевт Гүлмира Оспанова жасырмай айтады. Сонымен қатар фитотерапевт шөп емшілігі мен медицинаны қатар ұстау қажеттігін тілге тиек етті. 

Наркоз – бала

Еуропа мен АҚШ-та балаларға операцияны тек жалпы анестезиямен жасау норма болып саналады. Ол үш құрамдас бөлімнен тұрады.  Біріншісі – наркоз немесе ұйқы. Батыста оны «гипнозды компонент» деп атайды. Бала өзіне ота жасалып жатқанын білмеу, сезбеуі керек. Ол терең медикаментозды ұйқыда тыныш ұйықтап жатуы шарт. 

Келесі компонент – анелгезия. Қарапайым тілмен айтқанда ауырсынуды басу.

Соңғы компонент – амнезия. Бала операцияға дейін не болғанын білмеуі қажет. Ол ота жасалып болғаннан кейін палатада көңілге қаяу түсіретін естеліктерсіз оянуы мақсат. 

Операция барысында алған психикалық жарақат үшін пациент шетелде дәрігерлерді, мекемені сотқа бере алады. 

Наркоз – билік

«Наркоздың әсерін адамның көзінің қарашығына қарап бақылап отыруға болады. Егер адамның бір жері ауырса, қарашығы үлкейіп кетеді. Ал операция кезінде науқас ауырсынуды сезсе оянады. Ол шокқа алып келеді. Кезінде соғыс жылдары шпиондардан шындық есту үшін субнаркотик дозасын салған» деген ақпарат ғаламторда жүр. 

«LSD. Галлюциногендер, психоделие (психиканың тұрақсыз болуы) және тәуелді болу феномені» кітабының авторы  А.Г.Данилин еңбегінде былай деп жазады: 70-ші жылдары бүкіл әлем арнайы қызметтері өздерінің «тірі роботтарын» – тыңшы мен қанішерлерді даярлау үшін антихолинергиялық галлюциногенді қолданатындығы туралы мәлімет пайда болды. Антихолинергиялық галлюциноген дозасын алған адамды басқару оңай. Керек уақытында «санасыз бағдарламасы» іске қосылып, адам уақыт өте есіне түсіре алмайтын іс-әрекеттерді жасайды. Оны кілтсөз білмей тергегеннен түк шықпайды. Тек сол кілтсөз ғана «санасыз бағдарламасын» бұзады. Мұндай эксперименттер Үшінші рейх заманынан бері жасалған. 70-ші жылдардың басында Америкада «жүріс-тұрысты модификациялау» бағдарламасы жаппай сынға ұшырайды. Бұл бағдарлама ересек қылмыскелердің, кәмелеттік жасқа толмаған «қиын» балалардың тәртібін «қоғамға сай етіп» өзгертуді мақсат тұтыпты. Қатаң режимдегі түрме болып саналатын Атаскадеро госпиталінде (ауруханасында) сексуалды негіздегі қылмыс жасаған 1500 есі ауысқан тіркелген екен. Аталмыш мекеме алғашқылардың бірі болып анектин (сукцинилхолин) дәрісін қолдана бастайды. Беладоннаның антихолинергиялық алколоидтарынан алынған препарат хирургияда операция кезінде бұлшық еттерді босаңсыту үшін қолданылып келген. Бұл препараттың дозасын өсірсе, нектин бұлшық етті босаңсытып қана қоймай «зомби өліміне» тән толыққанды сал ауруын тудырады. «Сукциниллин» бақылауға көнетін қорқыныш сезімін тез тудыратын препарат. Оның нәтижесінде санасы ояу бола тұра пациент сендіруге көнгіш болады. Инквизиция, психиатрия антихолинергиялық галлюциогендерді ғасырлар бойы қолдану арқылы өзге адамның «Жүріс-тұрысын модификациялаудың» санасыз стереотипін қалыптастырған.

Стереотиптің мақсаты пациенттің санасы ояу болса да жасанды өлім шақыру. Пациент эксперимент барысында адамға тән емес қорқыныш сезімін бастан өткереді. Дәрігер пациенттің жанын «ашады» да оған керек ой-пікірді «кіргізеді».

Бариатрия – арықтаудың ең ұтымды әдісі
Жүгірудің зияны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу