Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле

Oinet.kz 18-12-2019 1443

Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне, әсіресе қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Өйткені, қыз ұлттың бойтұмары мен абыройы, ұлттың болашағы деп есептеп, отбасындағы қыз тәрбиесіне аса зор жауапкершілікпен қарайды. Бүгінгі ғылым мен техниканың аса қарқынды түрде дамуы, ғаламдану, батыстық мәдениеттің дендеп қоғамымызға енуі, сондай-ақ қазіргі ұрпақтың жан-жақты жылдам өсіп келе жатқаны, әсіресе отбасы тірегі, ұлтымыздың болашағы саналатын қыздарымыздың бойындағы өзгерістер өте өзекті тақырыпқа айналып отыр. Осы орайда Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдауымен «Әлем» Еріктілер орталығы осы жылдың сәуір айынан бастап қаланың барлық ЖОО мен колледждерінде қыздарымыздың гендерлік және рухани-адамгершілік тәрбиесі жөнінде көптеген кездесулер өткізді. 

қыз тәрбиесі.jpg

Оралов Асхат Раздықұлы, «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының» басшысы: Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму барысында саяси-идеологиялық, мәдени тұрғыдан жаңаруына сай жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру үкіметіміздің жаңа стратегиялық бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып саналады. Қазақстандық қоғам дамуының басты стратегиялық бағыты – жастар тәрбиесі, соның ішінде ару қыздарымыздың тәрбиесі. Қазақ ежелден ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарап, перзентін адамгершілік пен имандылыққа бесіктен баулыған. Сондықтан, кешегі ұрпақ қандай жағдайда да, ана сүтімен, әке өнегесімен бойларына сіңген тәрбиесін жоғалтқан емес. Ал бүгінгі қоғам да, ондағы өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз да ғаламданудың тасасында жоқ болып кетпеу үшін тәрбиені әр отбасында, мектеп қабырғасында, ЖОО-да әр азамат қадағалауы керек деп ойлаймын. Осы мақсатта біршама іс-шаралар ұйымдастырылып, жастар арасында кездесулер өткіздік. Нәтижесі де баршылық. Алда бұл жобамыз жалғасын табары сөзсіз. Қажинов Ақжол, жоба жетекшісі: «Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның тең құқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы!». Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан осынау сөзі қыздарымыздың ұлт болашағы, қоғамымыздың басты айнасыекендігін айқын көрсетіп тұрған жоқ па?! Рухани жаңғыру – ол ата-бабамыздан келе жатқан озық салт-дәстүр, адамгершілік қағидаларды, ұлттық құндылық пен қыз баланың инабаттылығы мен өнегесін, тәрбиесін қолға алу деген сөз. Жоба барысында бүгінгі бойжеткен, ару қыздарымыздың адамгершілік, рухани дамуын қолдаумен қатар, олардың қоғамдағы белсенділігі мен құқықтарын нығайту мақсатында да іс-шаралар атқарылды. 

Қазіргі жастар көзі ашық, заманауи, жан-жақты белсенді, әсіресе қыздарымыздың алар орны ерекше. Мадина Алимова, «Әлем» Еріктілер орталығының менеджері: Кездесулер кезінде байқағаным, бүгінгі жастар, соның ішінде көпшілігі қыздар өте белсенді және білімді жастар көп. Олардың қай тақырыпта болсын ойларын ашық, еркін жеткізетіндігі, сондай-ақ ұлттық менталитетімізге деген құрметтің жоғары екендігі қуантады. «Отан - отбасынан басталады» дейміз... Отбасының тірегі ананың, яғни қыз баланың қолында болса, ал сол қыздарымыз қазақылық пен ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өскен болса, онда ол жанұяның болашақ мығым болары сөзсіз. Әр бойжеткен өзін осы елдің болашағын қалыптастырушы басты тұлға деп өссе, онда отбасымыз да, отанымыз да мығым әрі берік болмақ. Қорыта келе айтсақ, қыз баланың тәрбиесі ұлттың ұлылығы мен даналығын басқаларға танытатын басты көрсеткіш, еліміздің бет бейнесі. Ендеше, «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле»!

Дереккөз: massaget.kz

Іскер аруларға арналған диета
Теріні ылғалдандыру әдісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу