ҚҚС көтерілуіне байланысты жалақы мен жәрдемақы да өсе ме?
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қосылған құн салығына байланысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Тамара Дүйсеноваға Қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі 16 пайызға дейін артса, "жалақы мен әлеуметтік жәрдемақылар өсе ме?" деген сұрақ қойылды.
Вице-премьердің айтуынша, ҚҚС-ті көтеру бойынша әлі түпкілікті шешім жоқ, өйткені бизнес өкілдерімен және өңірлік құрылымдармен әлі де талқылаулар жүріп жатыр.
"Бүгін Үкімет отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин бұл ұсыныс әзірге талқыланып жатқанын хабарлады. Біз барлық өңірдің, бизнес өкілдерінің және басқа да құрылымдардың пікірлерін жинаймыз, содан кейін шешім қабылданған кезде ғана айтылады", - деді вице-премьер.
Дүйсенова жұмыс тобының соңғы ұсынысын, олардың есебін күтуді ұсынды.
"Содан кейін оның жалпы әлеуметтік қорғауға және әлеуметтік салаға қалай әсер ететінін айта алуым мүмкін", - деп қорытындылады ол.
Тоқаевтың тапсырмасы
Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.
"Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет", - деді Президент.
Үкіметтің ұсынысы
Бұған дейін ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсынысын айтты.
"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату", - деп түсіндірді Азамат Әмрин.