Жолдар жөнделеді
Түркістан қаласы облысы орталығы мәртебесін алғаннан бастап, аудан қалаларды облыс орталығына жалғайтын негізгі жолдардың жағдайына баса назар аударылуда.
Бұл ретте, облыстың оңтүстік бағытындағы Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Арыс, Ордабасы аудандарында 81,1 шақырымды құрайтын төрт жолға күрделі, ұзындығы 223,9 шақырымдық алты жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Шығыс бағыттағы Төлеби, Сайрам, Түлкібас аудандарында 23 шақырымды құрайтын үш жолды қайта құру, 64,5 шақырымдық 4 жолды күрделі, 56,2 шақырымдық бес жолды орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Одан бөлек, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт аудандары аумағынан өткен 67,1 шақырымдық үш жолда күрделі, 124,5 шақырымдық жеті жолда орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен ерте басталып отыр. Сондай-ақ, Түркістан қаласына жақын орналасқан Бәйдібек, Отырар, Созақ аудандары мен Кентау қаласында 92,2 шақырымды құрайтын төрт жолға күрделі, 234,8 шақырымды құрайтын алты жолға орташа жөндеу жұмыстары жүруде.
Салаға жауаптылардың мәліметі бойынша 2019 жылдың қорытындысымен жалпы Түркістан облысы бойынша 584,4 шақырымды құрайтын 24 жол және бес көпірді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде, 2018 жылдан 21 нысан (435,6 шқ. жол) өтпелі болса, 2019 жылы жаңадан басталатын 30 нысанға (532,4 шқ. жол, 5 көпір) тиісті қаржы қаралған.