Жаңа жұмыс орындары көбеймек
Таяуда ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында қаржы ұйымдары, банк директорлары және Түркістан облысы әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды.
Шаруаларға арналған жиында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алмас Жаубаев агроөнеркәсіп кешеніне жеңілдетілген несиелер туралы жан-жақты жеткізді. Ал, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов азық-түлік белдеуін қалыптастыру, ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып және халықты жұмыспен қамту мақсатында жүзеге асыратын жобалары хақында, Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков тауыл аймақта жүзеге асырылған және асырылатын жобалары туралы баяндады. «Dala Fruit» ЖШС директоры Болатбек Нажметдинұлы қарқынды бау шаруашылығындағы жетістіктерін таныстырса, ғалымдар бір жылда 2-3 өнім алудың тиімділігін талқыға салды.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласында дамыған мемлекеттерден қалып қоймас үшін ғалымдармен бірлесе зерттеу жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін айтты. «Бүгінгі таңда Түркістан қаласының аумағын дамыту, халқын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында 480 жоба анықталып отыр. Бұл жобалар облыстың әр ауданының басым бағыттарын дамытып, облыс халқын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында таңдап алынды. Ауыл шаруашылығында алдағы уақытта алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, жаңа ауыл шаруашылығын қалыптастыруымыз керек. Алдағы уақытта талап өзгереді. Әр аудан табиғи жағдайға байланысты жұмыс істеуі тиіс, – деді ол.
Өмірзақ Шөкеев жоғарыда аталған тапсырмалар мен 480 жобаның іске асырылуына аудан, қала әкімдері тікелей жауапты екендігін ескертті.
«Түркістан қаласының аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында іске асырылатын жобалар» тақырыбында өткен семинар-кеңес Кентау қаласы, Сайрам ауданында жалғасты.