Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Айнабек Оспанов, суретші
«Ер жігіттің аты жақсы болса бір бақыт, алған жары жақсы болса, мың бақыт» дегендей мен өзімді бақытты жандардың қатарынан көремін. Отбасы бақытын сезінуге себепші болған өмірлік серігім Күләшті алғаш рет 1976 жылы кезіктірдім. Ол кезде Шымкент қаласындағы педагогикалық институттың көркемсурет факультетінің студентімін. Білім қуып, әрі бойымызда жастықтың оты жалындап тұрған шағымыз. Жаңа оқу жылы басталып, демалыстан есімізді жиып келген кез еді. Пединститутқа қарама қарсы кооператив техникумы болатын. Ары өтіп бері өтіп жүріп қылмыңдаған қыздарға көзіміздің қырын салып қоямыз. Сүйтіп жүргенде көзім Күләшқа түсті ғой. Махаббат деген ұлы сезімді тілмен жеткізу қиын екен. Сұлу бойжеткенге бір көргеннен ғашық болғаным, оған деген сезімім өзіме ғана аян. Ақын арудың жүрегін сырлы өлеңдерімен жаулап алса, суретшілер әлбетте, қылқаламның сиқырына сүйенеді емес пе?! Күләшті өзіме қарату үшін оның портретін салдым. Рефераттарын безендіріп беріп жүрдім. Осылайша арамызда сезім оты тұтанып, бір жылдай қол ұстасып жүрдік.
Екі ғашық бірін-бірі сүйіп тұрса, күтудің қажеті жоқ. Екеуміз де қабырғамызбен кеңесіп, үлкендердің рұқсатымен отау құрдық. Тойымыз Түлкібас ауданында дүркіреп өтті. Бір қызығы тойдың сәні болған «гулянкаға» шықпадық. Себебі әкемнің «жұрттың көзі тиіп кетеді, шықпайсыңдар» деген бір ауыз сөзін жерге тастай алмадық. Ол заманда үлкенге қарсы сөз қайтару деген болмайтын. Үнсіз ғана келісіп, кешкі тойға әзірлендік. Қуанышымызға ортақтасқан бүкіл группаластарымыз келді. Бір мәшине толып ансамбль де келді. Жанды дауыста ән шырқалып, тілектер айтылып, би биленіп, әйтеуір түнде той тарқады.
Үйленген соң жеті жылға дейін баспаналы бола алмадық. Бірде пәтер жалдап, енді бірде жатақхананы паналап жүрдік. Үш баланың әкесі атанғанда тыраштанып баспанаға қол жеткіздік. Алайда сол аралықта жарым да мен де үйіміз жоқ деп күпірленіп, налымаппыз. Сабыр сақтап, отбасының берекесін қашырмай, ұл-қызымызды оқыттық. Егер сол қиындықты қазіргі жас жұбайлардың басына берсе біраз шаңырақ шайқалып кетер еді-ау деп кейде ойланамын. Өйткені бүгінгі ерлі-зайыптыларға сабыр, төзім, қанағат жетіспейді.
Мінезсіз адам болмайды. Күләштің маған ұнаған бойындағы асыл қасиеті - турашылдығы. Ағайынның алдында беделі бар әйеліммен Мақсат, Мұрат, Гүлден есімді ұл-қыз тәрбиеледік. Біле білсеңіздер, суретшіге жар болу қиын. Жалпы өнер, шығармашылық жолында жүрген жанға жар болу әйел үшін үлкен сынақ секілді. Өз басым үнемі сапарда жүремін, қалған уақыттарда сағаттап шеберханадан шықпаймын. Үйдің шаруасына қол тигізбеймін. Осындай сәттерде жарым жалғыз өзі бар шаруаны тындырып, жоқтығымды білдірген және онысын міндетсінген емес. Санамаласам бүгінгі күнге дейін 2000-нан астам картина салыппын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері деген атаққа қол жеткіздім. Бұл менің ғана жетістігім емес, бұл Күләш екеуміздің бағындырған биіктеріміз деп білемін.