Жетімге жеті теңге қимаймыз
Кейінгі жылдары әлеуметтік-экономикалық ахуалға байланысты және әртүрлі себептер тұрғысынан жетім балалар саны артуда. Оған дәлел еліміздегі жетімдер, балалар үйі. Әрине жетім ұғымы бертінде пайда болған ұғым емес. Бағзы заманнан бері қоғамда жетім балалар болды. Бірақ олар бүгінгідей жетім балалар атанып үкіметттің «үйінде» тәрбиешілерге жалтақтап өскен жоқ. Тағдыр тәлкекке салған әр баланы қазақ бауырына басып, көшеге қаңқыртып жібермеді. Тәуке ханның Жеті жарғысында, Есім ханның Ескі жолы сияқты заңдарда жетімдерді бай қауқарлы адамдарға асырап алуға беріп отырған. Яғни әр бала отбасының, асырап алған болса да әкенің, ананың тәрбиесін көріп өсті.
Шынымды айтсам жаһанданған бүгінгідей дәуірде балалар үйінен бала асырап алушылар өте сирек. Сондықтан жазықсыз бүлдіршіндердің күні үкіметке түсіп тұр. Әрине мемлекеттік мекеме жетім балалардың көйлегін көк, қарнын тоқ етіп отыр. Сапалы біліммен қамтамасыз етіп, аяқтарынан тұрып кетуге барынша жағдай жасап жатыр. Одан бөлек балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балақайларға демеушілік жасап жүрген ақжүректі азаматтарымыз да жоқ емес. Дегенмен өзге мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстан жетімдерді көп жарылқай бермейді екен. Мәселен қазақпен түбі бір Түркия мемлекетінің жетімдерге деген ықыласы ерекше. Оның үстіне халқы да, жері де бізден көп Түркияда балалар үйі біздегідей «жетерлік» емес. Мысалы Газа аймағында бір ғана балалар үйі бар екен. Ал біздің Оңтүстік өңіріндегі балалар үйін санасаңыз, саусақтарыңыз бүгіліп кете береді. Жақында Түркия мемлекетінің «Қызыл а»й» қоғамдық қоры сол балалар үйіне қаржылай көмек көрсетті. Әр балаға 7 мың доллар көлемінде қаражат таратқан. Бұл бір ғана ұйымның көмегі. Одан басқа қаншама қолы ашық, мейірімді азаматтар бар десеңізші. Айтайын дегенім бізде дәулеті асқан олигархтарымыз, қара басының қамын ойлаудан арыға бара алмайтын, қос қабаттап үй салып, қос-қостан шетелдік көлік мініп, шарбағына екі-үштен Алабай ит асырағанын мақтан тұтатын, байлықтан басы айналған қалталылар баршылық. Алайда олар сол балаларға жеті теңгесін де қимайды-ау. Кейде жағдайымыз жақсарған сайын пейіліміз тарылып бара жатыр ма деген ойға қаламын. Қазақ халқының бойына сіңген мейірімділік, бауырмалдылық қасиеттер жоғалып, жолдан тайып бара жатырмыз-ау. Жетім көрсең жебей жүр деген атам қазақ. Балалардың қуанышы, Алланың разылығы үшін көздері жәутеңдеген жетім балаларды ұмыт қалдырмайықшы.
Дерек пен дәйек: Ресми ақпараттарға сүйенсек Республикамызда 75000 жетім бала ар екен, олардың 660 интернат ұйымдарында тәрбиеленуде.
Айдана Оразқұл,
Шымкент қаласы