Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Тәрбиені балаға бесіктен беру керектігін ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов айтып кеткен. Ия, қазақ халқы бала тәрбиесіне ежелден-ақ ерекше мән берген. Әжелеріміз, аналарымыз перзентіне ес кіргеннен бастап жақсылыққа, мейірімділікке шақыратын ертегілер айтып, әсерлі әңгімелер арқылы дүниенің ағы мен қарасын ажыратуға тырысқан. Сондай-ақ үлкендер баланың көзінше ешқашан артық, былатып сөз айтып, ұрыс-керіске куәгер етпеген. Өкінішке қарай, бүгінде осы қасиеттерімізден айырылып барамыз.
Байқасаңыздар, қазір бесіктен белі шықпай жатып психологиясы бұзылған, жүйке жүйесі сыр берген балалар көбейіп барады. Мұның барлығы ата-ананың бала тәрбиесінде жіберген қателіктерінен. Өйткені жас ата-аналар баланың көзінше жасқануды білмей барады. Дастархан басында бір-біріне боқауыз сөздерді айтып, түрлі проблемаларын қозғап отыратын талай ерлі-зайыптыларды көрдім. Олардың әрбір айтқан сөздері көзі жәутеңдеп отырған баланың миына сіңе беріп, тәрбиесінің бұзылуына алып келеді.
Бүгінгі ата-аналардың бала тәрбиесіндегі екінші қателігі - баланы мадақтап, әрбір іске жігерлендіріп отырудың орнына, қателіктері үшін сөгіп, перзентінің қадір-қасиетін төмендете түсуі. Мәселен «айуан», «қорқақ», «сенің қолыңнан ештеңе келмейді», «сүмелек» деген сыңайлы сөздер енді жетіліп келе жатқан бүлдіршіннің жеке тұлға болып қалыптасуына кедергі келтіреді, баланың болашақта өзіне сенімсіз, жасық болып өсуіне ықпал етеді. Сондықтан ұл-қыздарымызға неғұрлым жылы, мейірімді сөздерді көбірек құлағына сіңіріп, жетістікері үшінде, қателіктері үшін де мақтау сөздерді айтып отыруды және отбасылық кикілжіңдерді олардың көзінше қозғамауға үйренейік. Себебі бала ертеңгі еліміздің азаматы, қорғаушысы емес пе?
Забира Меңлібаева