Балаңыз айфонды қанша уақыт қолданады?
«Етікші етікке жарымайды» демекші барлық мамандық иелері өз кәсібінің қызығын көре бермейді. Мәселен диқан еккен өнімінен өз несібесіне бір келі де бидай ала алмауы мүмкін. Осы секілді әлемдегі технологиялық ең ірі Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобстың балалары айфон мен айпадқа жарымайды дегенге сенесіз бе. Жылына мыңдаған жаңа құрылғыны шығаратын алпауыт компания басшысы екінің бірінің қолынан түспейтін айфонды неліктен өз перзенттеріне қимады?. The New York Times газетінің журналисі Ник Билтон Джобсқа «сіздің балаларыңызға айфон қызықсыз шығар. Өйткені олар күн сайын құрылғының түр-түрін ұстайды ғой» деген сауал қойыпты. Сонда ғаламның табысты кәсіпкері:
«Олар айфон ұстамайды. Үйде тек анда-санда техниканы қолдануға рұқсат беремін»,- деп жауап берген екен. Ия, Стивтің бұл жауабына таңырқауға болмас. Себебі сұранысқа ие құрылғының адам денсаулығы былай тұрсын күнделікті тұрмыс режиміне зиянын тигізетінін телефон құрастырушыдан артық кім білсін. Қымбат құрылғыларды балаларына, жақындарына қолдануға рұқсат бермейтін Стив қана емес екен. Көптеген технологиялық компанияның басшылары осы қағиданы ұстанатын көрінеді. Мәселен 3D Robotics компаниясының атқарушы директоры Крис Андерсон үйіндегілердің қолына гаджетті тәулігіне екі сағаттан артық ұстатпайды екен. «Балаларым кейде әйелім екеумізге ренжіп жатады. Достарымның ешқайсысына ата-аналары гаджетті қолдануға шектеу қоймайды. Ал сіздер неге рұқсат бермейсіздер дейді. Қазір болмаса да кейіннен солардың қамы үшін жасап жатқанымызды түсінер. Өйткені техника құралдары, ғаламтордың адамға қалай кері әсер ететінін мен жақсы білемін. Балаларым мен секілді оларға тәуелді болып, байланып қалмаса екен деймін» дейді ол. Жалпы алғанда қазіргі таңда көптеген ағылшындық отбасында зиянды құрылғыларды қолданудың өзіндік режимі қалыптасқан. Оны қолданудың уақытын ата-аналары күннен-күнге қысқартып келеді. Ғалымдар IT технологияны балаларға 14 жасқа дейін қолданбаған дұрыс дейді.
Ал біздің қоғамда бәрі басқаша. Әзірге IT технология құралдары әсірсе балалардың, жасөсіпірімдердің арасында қолдану «модаға» айналып тұр. Айфоны, планшет, гаджеті жоқ бала өзгелерден төмен, сорлы болып саналатын заман болды. Ал олардың сол құрылғына қанша уақыт, не мақсатта пайдаланып жатқанын қадағалап жатқан ата-ана жоқ. Тәулігіне 20 сағатын «темір досымен» өткізетін баланың денсаулығын айтпағанда оның мінез-құлқы да өзгеріп бара жатқанын үлкендер сезер ме екен. Әр нәрсені өз орнымен, мөлшерімен қолданған дұрыс емес пе? Арнасынан, асса су да қауіпті. Сондықтан перзенттеріңіздің құзырына технологиялық құрылғыларды шектен тыс бере бермеңіздер. Одан балаңыз ғана емес сіздің де жапа шегетініңізді ұмытпаңыз.
Бағдат Шынаәлиев,
Жамбыл облысы