Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Ауыр емнен кейін аналық түтікшелерін отамен алдырып (тубэктомия) келіп, еңсесін әлі көтермеген, бала сүйсем деген жалғыз арманы солған, жолдасының уақытша басуына өзін алдап отырған 34-тегі жас әйелге құрбысы күлімдей:
- Әй, сен уақытты өткізіп жүре бермей, бала туып алсаңшы. Міне, менде ендігі 4 қарадомалақ бар, бала деген бақыт қой! Карьера деп бала туудың уақытын өткізіп алма! - деп "ақылын" айтты.
Сол түні жас әйелдің суық денесін туыстары қораның бел ағашында мойнынан асылып тұрған жерінен тауып алды...
***
Алтай 42-ге келсе де, отбасын құра алмай жүрді. Себебі балалық шағында ата-анасының салғырттығы салдарынан еркектік "мүмкіндігінен" (эректильді дисфункция) айырылған еді. Жанын ауыртқан кеселді өзге тұрмақ, ата-анасына айтуға қорсынатын. Бар есесін жұмыстан алып, күндіз-түні тыным таппайтын. Бір үзілісте әріптесі қарқылдай күліп:
- Сен әбден "сүрленіп" біттің, енді өзіміз қызды үйіңе апарып бермесек, үйленбейтін түрің бар. Ертең кешке қалыңдығың ақ орамалмен сені үйіңде күтеді! - деді.
Жұмыстан кейін Алтайдың жол-көлік апатынан қаза болғаны туралы суық хабар жетті...
***
Мейрамды бәрі жақсы көреді. Мейрам десе, мейрам. Сыңғырлаған жез күлкісі ерекше баурап алатын. Айналасына сыйлы. Балалық шағында көршісі зорлап, психологиялық жарақат алып, содан бері ер адамдардан қорқып қалған. Сол оқиға кезінде зорлықшыл еркектен қашамын деп, сүрініп құлап, маңдайын әйнекке соғып алып, онысы отадан кейін үлкен тыртыққа айналған. Тыртығын кекілмен көлегейлеп жауып қояды, сонда да кейде онысы көрініп қалады. Әлдекім тыртығы туралы әңгіме қозғаса болды, баяғы зорлау оқиғасы есіне түсіп, қатты қиналатын. Тыртығын пластикалық отамен түзетуге ақшасы жетпей жүр. Анасы ауру, әкесі 5 жасында дүние салған. Үйінде үш бауыры бар. Көптен бергі ішкі арманы - сол тыртықты тегістету. Егер тыртық кетсе, әлгі өзін зорлаған зорлықшыл өмір бойына жадынан өшетін сияқты көрінетін.
Әдеттегідей ойнап-күліп жұмысын істеп отырған. Қасына кербез әріптес жігіт жайғасты да:
- О, маңдайыңдағы не тыртық? Кіммен соғысып жүрсің? Мына тыртық өңіңді құртып тұр, жаман көрінеді екен, - деді.
Осы әңгімеден кейін Мейрам жылап сыртқа шығып кетті. Біраз өксігін басайын деп саябаққа жүгірді. Сол сәт... Жолды кесіп өтіп бара жатқа Мейрамның жанұшырған ащы дауысы мен көліктің құлақты жарған шиқылы айналаны дүр сілкіндірді. Мейрамның жансыз денесін жедел жәрдем емес, полиция әкетіп бара жатты...
***
Балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін өзге отбасы асырап алған Бақыт бақытты еді. 22-ге келгенде, әсем қызбен танысты. Екеуі шаңырақ көтерді. Бақытты отбасын құрды. Балалы болды. Алайда ауру бала туды (гемофилия). Келесі баласы да ауру туылды (паралич), тіпті үшіншісі шизофрения болды. Екеуінің бармаған жері қалмады. Бірде ата-анасымен сөйлесіп отырып, өзінің асыранды екенін білді. Оны қапелімде біліп қойған көршісі жалпақ елге жайып жіберді. "Тексіз асыранды", "балалары ауру" деген дақпырт лезде тарады. Қазақта руластар қыз алыспайды, ген бұзылады. Бақыт өзінің руын сұрады, алайда ата-анасы оны білмейтін, себебі бала мешіттің қакпасы алдынан 2 күндік шақалақ күйінде табылған еді. Руы тұрмақ, ата-анасы белгісіз. Шындық 40 жылдан кейін ашылды. Мүмкін әйелімен рулас шығар? Бақыт түнімен көз ілмеді. Сүйікті жарынан ажырасқанда қандай қызға үйленеді? Бұның руы да белгісіз ғой.
Бақыттың бақыты темір жол өткелінде мәңгілікке тоқтады...
Гүлжазира Есбол