Күлсең, кәріге күл
Қазақта осындай бір сөз барды. Расында да "Адам қартайған соң бір бала" дегендей, жасы ұлғайған адамдардың қылықтары қызық болады. Кейде істеген ісіне, шаруасына еріксіз күлесің. Кәріге қарап күлсең "Басыңа берсін" деуші еді үлкендер. Бұның да өзіндік фәлсафасы, мән-мағынасы бар. "Біздей жасқа кел, ұзақ жаса, балалы-шағалы бол" деген тілеуден шыққан дүние ғой.
Бүгін бір қызықты жәйт болды. Автобуспен келе жатқанымда, жолай бір үлкен әже мінді. Жас шамасы шамамен 75-80-ді алқымдап қалған. Ентігіп, аһілеп-уһілеп менің қасымдағы бос орынға келіп жайғасты. Бірақ, жүрісі тың көрінеді. Сәлден кейін телефон құлағы шылдыр ете қалып, ол кісі телефонын алып, сөйлесіп кетті. Менің ол кісінің сөзінен ұққаным анасы мазалаған болуы керек. Өйткені, сөз арасында: "Ту, мама, қазір келем ғой" деген сөздерді анық естідім. Тұра тұрыңыз, егер мына кісі 75-те болса, сонда анасы ең кемі 95-те болғаны ғой. Мен еріксіз езу тарттым. Мұны байқап қалған әжем де маған күлімсіреп:
-Үлкен кісі ғой, мазасыз. Үйден шығып кетсең іздейді, - деді. Одан әрі әңгімесін жалғастырып:
- Көрмегені жоқ. Әкеміз соғыстан оралмаған. Қалған бес баланы ер жеткізген осы кісі. Өзі мұғалім болған адам. Биыл жүзге толады Алла жазса, - деп, менің білегімнен басып қойды. Сәлден кейін:
- Аман бол, балам. Мен қазір түсем. Мен ортаншысымын. Биыл 77-ге толдым. Балалар өсті, немере-шөберелер бар Құдай берген - деп, автобустан түсіп кетті. Ол кісі кеткен соң мен терезеден сыртқа қарадым. Әжем ширақ, жүрісі де шапшаң екен. Заманында жігіт біткеннің көз құрты болғанға ұқсайды. Аса реңді адам екен. Мен тағы жымидым. Қызық. Сексенге келген адамның "мама" дегені еріксіз күлкіңді келтіреді екен. Әрине, үлкендеріміз аман болып, Алланың берген жасын жасай берсін!
Менің есіме өзім көзіммен көрген мына бір жәйт еріксіз есіме оралды. Бұл осыдан он шақты жыл бұрын болғанды. Кезекті демалысқа шығып, әкеміздің үйіне бардық. Бұл кезде әкем тоқсандардың шамасында болатын, Алматыда тұратын. Жарықтық, жүз жасап, осыдан бес жыл бұрын дүниеден озды. Ұлы Отан соғысының ардагері-тін. Біз барғанда әкеміздің тұла бойы тұңғышы Қуатбектің әйелі Нұрқадиша жеңгеміз ауылдан келіп жатыр екен. Біз жеңгемізді "Дәу" деп атап кеткенбіз. Жеңгеміздің Алматыға келгеніне төрт-бес күн болып қалса керек. Бір күні әкем жеңгеме:
- Қарағым, сен қайтпаушы ма едің! Ана бала аштан өледі ғой, - деп ренжісін. Мен күліп жібердім. Бала деп отырғаны тұңғышы Қуатбек. Бұл кезде ол жетпістен асып, немере-шөбере сүйіп отырған ақсақал болатын. Әкеміз соның жағдайын ойлап отыр екен. Қалай десекте, әкең үшін алпысқа, жетпіске келсең де бала болып қала бересің. "Күлсең кәріге күл" деген осы болса керек.