Әйелі өзін танымаса да оны тастап кетпеген еркек

Oinet.kz 21-06-2022 2830

Қазақта «естімеген елде көп» деген сөз бар. Жуықта таныс дәрігер жігіт дастархан басында мынадай бір әңгіме айтты:

Screenshot_14.jpg

- Адамзат қоғамы өркениет шыңына жеткен сайын бұрын соңды болмаған жаңа аурулар түрін өзіне жамап алуда. Бүгінде қазақтың «алжуына» ұқсас тағы бір дерттің түрі медицинада «альцгеймер» деп аталады. Альцгеймер ауруы бұл жазылмайтын мидың ауруы, адамның  ойлау қабілеті мен жадын  бұзады. Бұл ауру тез дамиды. Соның салдарынан осындай  ауруға шалдыққан адам біртіндеп барлық қабілетінен айырылады.  Мамандардың айтуына қарағанда, ең соңғы мәлімет бойынша, бір Израиль елінде альцгеймер ауруына 70000 адам шалдыққан екен. Бүкіл әлем бойынша осы ауруға 18 миллион адам шалдыққан. Есеп бойынша аурудың емі табылмаса бұл көрсеткіштер 2025 жылы 34 миллионға жетеді дейді.  

Тіптен бүгінде біз мекен етіп отырған Жер шарындағы халықтың 15 пайызы альцгеймер ауруына шалдыққан деген дерек те бар деді.

Дәрігер жігіт осыны айта отырып әңгімесін ары қарай жалғастырды:

- Бірде ауруханадағы кезекшілік міндетімді атқарып  таңертең ерте жұмыстан кеткелі жатқанымда бір пациентім асыға басып кіріп келді. Қолында азық-түлік салынған қомақты сумкасы бар екен. Ол кісі:

- Қарағым, кешігетін болдым, ренжімей саусақтарымның орауын  жаңалап, тиісті ем-домын тез жасап берші, өте асығыспын деді. Мен ол кісінің өтініші бойынша темірге қыстырып мертіктіріп алған саусақтарын тексеріп, тиісті нұсқаулар айтып, қайта орай отырып:

 - Ағатай, сонша қайда асықтыңыз?,- деп сұрадым. Ол кісі:

 - Әйеліме асығып отырмын,  таңғы шайды бірге отырып ішеміз ғой, мен кешіксем тосып қалады, деді.

- Ее, онда жарасы жеңіл екен, үйде шайын баптап апамыз тосып отырған болса, асыққаныңыз дұрыс дедім қалжыңдап.

Ол кісі бір күрсініп алды да:

-Қарағым, апаң үйде емес, бес жылдан бері асырау жерінде өмір сүреді деді. 

Мен таңырқап:

- Қалайша, не болып еді, десем, әлгі  кісі күрсініп алды да:

- Апаң альцегаймер дейме, жазылмайтын бір дертке ұшырапты, бес жылдан бері менің кім екенімді танымайды. Бала-шаға, туыс-туғандардың да ешбірін танымайды. Әйтеуір тірі жан, деді қамығып.

- Ә, онда  асығып барғаныңызбен Сізді де танымайды екен ғой,  деппін сасқалақтап.

- Иә, танымайды,-деді танысым. Сосын  күректей болса да жып-жылы, жұмсақ алақанымен менің қолымды қысып тұрып: « Иә, ол мені танымаса да, мен оны танимын ғой. Бес жылдан бері бір күн де үзбестен таңғы шайды бірге ішеміз» -деді күлімсіреп…

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Өз рулас қызын алған тексіз жігіт
Салақ әйел күйеуінің түбіне жетіп тынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу