Ержан Жұмабек. «Тұман»

Oinet.kz 20-09-2018 975

388e1fb052d514719b7884733b1985d1.jpg

(Мұхтар Тұрсынбаевқа)

Тағдырдың мініп алып кемесіне,

Әрненің үңілеміз елесіне.

Достым-ау, түсінбеймін, не екенін,

Түсесің тұман тұнса сен есіме?!


Қиын да, қызық еді ғұмыр неткен?

Санап та үлгермейсің күніңді өткен.

Кештерің күннен-күнге кемиді екен –

Дүрмекке-дүрмек қосып дүбірлеткен.


Жаңалық жеткізсе де айдан адам,

Айнаға қарап ойы тайғанаған…

Ежелден шешілмеген сол сұрақтар,

Мен кіммін?.. Қайдан келдім?.. Қайда барам?..


Не тылсым? Мұны бір жан біле алмайды,

Бәлденіп дүние болса, бұлаңдайды.

Бір-бірін шын сүйіп қосылғандар да,

Бірінің-бірі жанын ұға алмайды.


Әуелі, жоқты қуып қиналамыз,

Соңыра жалғандыққа иланамыз.

Тентіреп, туыспен де ортамыздан –

біреу қайтқанда ғана жиналамыз…


Сезесің, өзің солай өтеріңді,

Қайғы мен жасқа көміп етегіңді…

Сұм жалған неше мәрте дәлелдемек,

Жалаңаш кеп жалаңаш кетеріңді?!


Білмейміз, «ертең» дейтін, күнің қандай?

Мазмұнын мына өмірдің мұң ұрғандай…

Баяғы өзгермейтін бір қағида,

Қашан да асығамыз жын ұрғандай.


Көңілді шын көтеріп, шын күлмейміз.

Сырт көзге мұңымызды білдірмейміз.

Еске алып шалыс басқан қадамды іштей,

Өзіміз – өзімізді тілгілейміз…


Сөйткенде, бар жұмбақтың бір күні, шіркін,

Тауып ап той қылса ғой жұртым кілтін?!

«Бәрі алда, бұл – тәтті түс…» деп шықпасын,

Бір білгіш қан түкіріп… мүмкін!


Мүмкін, шындық пен махаббаттың моласына,

Дұға оқу – жаратқанның жобасы ма?..

Әу баста білсе ешкім түспес еді,

Тірліктің азап толы додасына!


Ол рас, ойсыз болсаң терлемейсің,

Сәуегей боп кетсең де өрлемейсің.

Тамырың терең тартқан текті едің ғой,

Мұхтар-ау, сен не дейсің?!

Сен не дейсің?!

Ержан Жұмабек. «Жосы»
Ержан Жұмабек. «Өмір заңын, білмеймін, меңгердім бе?»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу