Оралхан Дәуіттің әңгімелері

Oinet.kz 30-05-2019 1863

Screenshot_4.jpg

Бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарып жүрген Оралхан Дәуіт әзіл, қалжың десе ішкен асын жерге қоятын азамат. Ел әсіресе, оның «Фейсбуктағы» әңгімелерін оқуға құмар. Біз бүгін төл мерекеміз қарсаңында Оралханның бір-екі әзіл әңгімелерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. 


АУЫЗАШАР

Қайбір жылы... Досым әрі бауырым Бейсенбай Тәжібаев облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактор кезі болса керек, ауылында ауызашар беруге ниеттеніпті. Малын сойып, дастарханын жайып, кешке ауыл адамдарын күтеді. Мезгіл -- қоңыр күз болса керек, Бейсеннің ауылдағы ағасы қырда «К-700» тракторымен жер айдап жүр екен. Оған Бейсен: «Әке орнына әке боп жүрген үйдің үлкені боласыз, кешке ақсақалдар келгенде алдынан шығып амандасыңыз, ауыз ашар уақыттан бұрын кеп қалыңыз» деп ескертеді. Шынында ағасы жер дүниені тарылдатып, үлкен тракторымен ауыз ашар уақыттан әлдеқайда ертерек келеді. 

Қас қарая шалдар да келе бастайды. Бұлар құрақ ұшып қарсы алған. «Ауыз ашылып», ел ет жейді, нарын жейді. Тәребе намазын оқиды. Осы кезде Бейсеннің шаруақор ағасы «Менің миссиям осымен аяқталды» дегендей өзі бата қылып, «Мен түнімен біраз жер аударып, жұмысты өндіріп тастайын» деп, тракторымен қырға кетіп қалады. 

Шалдар шай ішіп, әжептеуір әңгіме-дүкен құрып, түннің бір уағында тарасады. Осы кезде қараңғы көше жақтан шу шығыпты. Бейсен жүгіріп барса, көрші ауылдан келген бір шал есегін таппай тұр екен. «Ата, есегіңізді қайда байлап едіңіз?» деп сұраған ғой. Сөйтсе шал «Соған өзім де аң-таң болып тұрмын ғой, қарағым... Осы жерде тұрған бір трактордың соқасына байлаған сияқты едім» дейтін көрінеді шал. 

Шынында шал есегін ұп-ұзын соқаның ең ұшына байлаған екен. Бейсеннің ағасы қараңғыда «К-700» тракторына асығыс мінген де, соқасын тік көтерген күйі қыр асып кетіп қалған ғой. Есек байғұс, сөйтіп, Ораза айында қылғынып, шейіт болып кетіпті. Тағы жәны жаннатқа барғыр көк есекті шал көршісінен сұрап, мініп келген екен. «Қап, көршіден ұят болды-ау» деп, шал шапанының сыртынан санын соға берген көрінеді.

Ауызашарда да осындай қызықтары болған. Елге берген «ауызашарларыңыз» қабыл болсын, ағайын!


ҚАҒЫС ЕСТУ

Ол жылдары орыстың белгілі тележурналисті Влад Листьевті жұрт көбінесе «Час пик» деп атайтын. Өзі де осы аттас хабар жүргізіп, елге кеңінен танылды емес пе? Бірақ өткен ғасырдың 90-жылдарының басында байғұсты біреулер атып, өлтіріп кетті. Әлі есімде, әріптестерінің В. Листьевке деген құрметі болар, ресейлік барлық телеарналардың хабары тоқтатылып, марқұмның суреті күні бойы эфирде көрсетіліп, қаралы музыка ойнап тұрды. Және Влад Листьевті бес күн аза тұтып, содан кейін ғана жер қойнына берді.

Шәуілдірлік Төпен Әмірбеков ағамыз екі кештің ортасында үйінде кітап оқып отырса, анасы Жұлқын кішкене көз іліп алайын деп демалып жатқан екен. Кешке Төпекеңнің төртінші сыныпта оқитын қызы Тазагүл сабақтан асығыс келеді. Үйге кіре сөмкесін лақтырып тастап:

-- Апа, естідіңіз бе? «Час пик» өліп қалыпты, - дейді ғой. 

Күндізгі күйбелең тіршіліктен шаршап жатқан Жұлқын апа жастықтан басын жұлып алып:

-- Алда байғұс... Қашан өліп қалыпты?.. – дейді салған жерден. 

Сөйтсе немересінің «Час пик» өліп қапты» дегенін апамыз «Тасбике өліп қапты» деп қағыс естіпті. Ол кісінің Тасбике деген жеңгесі болған екен.

-- Қашан өліпті? -- деп, қайталап сұрайды.

-- Кеше түнде...

-- Ойпырмай-ә.. Кеше ғана шауып-шапқылап жүр еді... Не болып қалды екен? – деп, апамыз аяқ астынан әбіржіп қалады. 

-- Неден қайтыс болыпты бейшара?

-- Білмеймін, әйтеуір үйінде атып өлтіріп кетіпті! -- дейді немересі. Апамыз одан бетер аң-таң. 

-- Атып кетіпті дейд... Ойбай, онда ол мал ұрлап жүргендерге кездесіп қалды ма екен? Әлде біреулердің жасырын тірлігін көріп қалды ма? – деп, апамыз аяқ астынан сан түрлі жорамалдарды жасап тастайды.

-- Білмедім, апа... Кім өлтіргенін ешкім білмейді.

-- Қашан жерлейтін болыпты?

-- Бес күннен соң. 

-- Әй, олардың дені сау емес шығар! Бес күнің не? Өлген адам сасып кетпей ме екен? Бес күн бойы кімді күтпекші... Ұл-қыздарының бәрі осы төңіректе тұрады ғой...

-- Білмеймін, апа... Қазір өзін теледидардан көрсетейін деп жатыр, -- дейді немересі асықпай. 

-- Ұрылар атып өлтірген қатынды неменеге теледидардан көрсетеді? -- деп Жұлқын апа ашуға беріледі. – Әруақпен ойнағандары несі? Ол не, әкім бе еді, әлде бастық па еді? Адам дегенде ойына келгенін істейді екен-ау, ә...

-- Енді ол кісі танымал адам ғой... Орыстардың барлығы жылап жатыр...

Апам ойланып қалады.

-- Енді ағайын, құда-жекжаттардың арасында сыйлы екені рас... Бірақ, ел таниды екен деп ойына келгенін істей бере ме? Шәуілдірде қалған үш-төрт орыс неменеге жылайды?.. Әлде кезінде жақсылығын көрді ме екен?.. Көп болса кезінде арағын ішкен шығар ...

     Шешесі мен немересінің арасындағы әңгімені естіп отырған Төпекең күлкіден бас көтере алмайды. «Қызым барып теледидарды қосып еді, марқұм Влад Листьевтің қара лентамен байланған суретін көрсете бастады. Денені шымырлатар қаралы әуен ойнап тұр. «Міне, өлген осы «Час пик» деді қызым. Сол кезде барып шешем өлген Тасбике емес екенін көріп, көңілі орнына түскендей болды. Мұздай судан бір-екі ұрттап алған соң «Ей, қағынғыр... Тасбике өліп қалды деп зәремді ұшырғаны несі?.. Жөндеп айтпайсың ба?» деп, қызыма ұрса бастады...» деп сол күндерді еске алады Төпекең.

Жүрген жері қашанда күлкіге, қызықты оқиғаларға толы Төпен Әмірбек ағамыз қазір Отырар аудандық газетінің бас редакторы. 

Төл мерекелеріңіз құтты барша әріптестер! 


Әбілда Аймақты еске алды
Дулат Исабеков: «Сөз бар, құлақ жоқ, құлақ болса, құлық жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу