Әбілда Аймақты еске алды

Oinet.kz 28-04-2019 1214

Screenshot_6.jpg            

Бір жыл бұрын қазақ әдебиеті қарымды қаламгерінен қапыда айырылып қалып еді. Алпысқа толған шағында жырға тұнған жүрегі кенеттен тоқтаған Әбілда Аймақтың орны әлі де ойсырап тұр. Белгілі ақынның өмірден өткеніне жыл толуына орай  өткен аптада ақынның  Шымкент қаласында тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Көрнекті ақынды еске алуға зиялы қауым өкілдері мен өмірде, өнерде сыйласқан азаматтар қатысты. Олар жалынды жырларымен оқырманын баурап алатын ақын жайлы естеліктерін айтып, сағыныштарын жеткізді. Жиын соңында көпшілікке арнап жылдық асы берілді.

             Әбілда Аймақ - өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры қызметін абыроймен атқарған еді. 2004 жылы Анкара қаласында өткен халықаралық Физули атындағы байқауда бас жүлдені жеңіп алған. Мәдениет қайраткері,Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы медалінің, Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін медалінің иегері, басқа да көптеген марапаттар алған. Ең бастысы қарапайымдылығын жоғалтпаған үлкен жүректі азамат, мықтылығын мойындатқан тамаша ақын.

           Әбілда Аймақтың шығармашылығына шөліркеп қалған оқырмандар үшін  аяулы ақынның бір топ жырларын ұсынуды жөн көрдік.     

 

Табыстым құран оқып ұлы күнмен

Табыстым құран оқып ұлы күнмен, 
Өзімнің болмысыммен, тұнығыммен. 
Мұхамед — пайғамбарым, құраным — шын, 
Құдайдың, әлхамдулла, құлымын мен! 

Құранды қасиетті жоғары ілдім, 
Ғұмырда көргеніме тоба қылдым. 
Түгелдеп құбыламды есім барда, 
Тағы да тәспір айтып, жоба құрдым. 

Дұғасын кейінгілер маған да арнар, 
Ей, шайтан, тозаққа көш санамды арбар. 
Бекерге қалам ұстап жүргенім жоқ
Ортадан орын беріп каләндарлар. 

Ақыры тобаға кеп, бас білдім-ау, 
Аузымда салауатым, тәспім мынау. 
Пірлерім жеті кәміл сәлде ораған, 
Қолымды өздеріңе тапсырдым-ау. 

Болар ма кешірімді алжығаным, 
Бір Алла бұйырта ма бал жұмағын. 
Майданда екі ұдай сезімменен
Ертеңгі жайымды ойлап зар жыладым. 

Ей, Алла, қоғамдағы дүбірменен
Бүлінсем, пенделікпен бүлінген ем. 
Түмен бап әлдилеген бесігінде
Түнімен күбірлеген құлың мен ем. 

Түкірдім иманы жоқ қызығыңа, 
Тойындым жын-перінің ызыңына. 
Мол еді шапағатың пенделерге
Барайын мұсылман боп құзырыңа. 

Табыстым құран оқып, ұлы күнмен, 
Өзімнің болмысыммен – тұнығыммен. 
Мұхаммед – пайғамбарым, құраным – шын, 
Құдайдың, әлхамдулла, құлымын мен.

 

 

***

Дей көрме әке: «Жыршы боп тегім де оңбады!» 
Ақындық маған шынында, тегін қонбады
Амандассам оң қолын бермеген таныс
Жырымды оқып ойланар Темірландағы

Қуаныштан кей-кейде тасып, толғанымды
Тірлігімде бір қызға ғашық болғанымды
Айтар ма екен ағайын шенеуніктерден
«
Батыр атаға» сан рет қашып барғанымды

Мен де өлермін бір күні суынып қаным
Кірермін жергемәңгі үйім жуылып тәнім
Шаһризада мен жайлы ертегі айтар
Шаһзаданың алдында қуырып жанын

Қырық қадам да кеткен соң тірілер менен
Қызығынан жалғанның түңілер денем
Үйренер ақын көрге де амалы қалмай
Бұл дүниеде ешкімнің тіліне ермеген

Бұйырса сонда ұрпақтың дұғасын еміп
Жатармын көрде жаза алмай құлашым керіп
Ғазалдарыма ғашықтар әуенін қосып
Бәйітін оқып молама жыласын келіп

Арысым ағар сабырлы кейіппен ғана
Тұншығар өсек мен жайлы көйіткен бала
Мүңкір-Нәңкірдің тоқпағы естіліп жатар
Басылмаған ыстығы бейіттен жаңа

Не кінә бар жүректе, тіріге сендім
Кей кезде кештім амалсыз күнін есердің
Жаңылмас па екем алдында Мүңкір-Нәңкірдің
Қайталап айтып сөздерін Ұлы көсемнің

Кәлимаға күрмеліп тілім де келмей
Хордың қызы, жұмақ пабірін де көрмей
Қабылдамай тозақ та дүбәра жанды
Сандалар пенде табылмас түбінде мендей

Молда емес те ем жұмылған жанары кілең
Еркін жайлаған қайғысыз даланы гүл ем
Қу жаным менің кезгенмен Алланың алдын
Бұл дүниеде рухым қалады білем.

 

***

Дәл қазір аса қиын шақта жүрмін
Я құдай, ақ тілеуін ақта жырдың
Менің бір титтей сөзім сенде болса
Кейінгі ұрпақ үшін сақта, құрбым

Жан емен бәз біреуді қайталаған
Толқыған өрт сезімді шайқап ағам
Жоқ екен мені ешкім керек етер
Кіреді көңіліме шайтан арам

Оралмас көктемдерім қайта маған
Өлеңді кейінгі де айтар адам
Тірлікте жалғыз қалып, дір-дір етіп
Шашыма ақ кіргенде ой талаған

Дәл қазір алай-дүлей кезімдемін
Ойлап-ақ өлеңімді көз ілмедім
Кімге дәрі осы күн дәуіт, қалам
Кімге керек өлмейтін сезімдерің!? 

Дәл қазір аса қиын кезде тұрмын
Өлеңнің жоғалмауын қөзде, құрбым
Мен деген әр адамның көңіліне
Көшіп-қонып жүретін кезбе гүлмін...

 

 

***

Шың басынан сырғыған көшкін мен едім, 
Өстім демедім, немесе өштім демедім. 
Басып та, жаншып жүргенмен әлде біреулер
Телмірмеді әйтеуір ешкімге өлеңім

Ләуку-Махфузда не барын пенде білмеген, 
Сондықтан да емделдім мен де жырменен. 
Тәспінің тасы тобаға тоқтатып ойды
Ақын ба ақын дұға оқып жерде жүрмеген. 

Тылсымы — сиқыр бәйітім данаға мәлім, 
Салауат айтып шендіні жағаламадым. 
Әшкере оқып көрмедім дұғамды, сосын, 
Айналды теріс шын сеніп «Ағалағаным». 

Елеусіз елге сіңдім де, қаландым, мәлім, 
Илеуде қалған сүйектей таландым, жаным. 
Кітапқа қарап атымды қойыпты әкем
Өмірдің жарық етер деп қараңғы жағын. 

Жұбатқанымен тірліктің балқаймақ әні, 
Заһары кетпес өткеннің таңдайдан әлі. 
Өздерін өзі әр пенде пайғамбар санап
Біздің елде адамдар қалмай барады. 

Шың басынан сырғитын көшкін мен едім, 
Сырдың суын шайқап бір кештім демедім. 
Қабылдар деймін оқырман мына бізді де
Айтқаннан соң өлеңім естің дегенім.

 

***

Қартаярмыз сен де, мен де
Әлсірейді шырағың да
Сонда ессіз шөлдегенде, 
Сусын болмас бұлағың да. 

Өмір өтер, қалар жастық, 
Көктем болып көкіректе. 
Бұрынғыдай бола алмас түк, 
Сезім ұқсар жетімекке. 

Құр әлекке салып бекер, 
Өшер сонда сөзден жалын, 
Лап етер де жанып кетер, 
Дүниені кезген жаның.

 

***

Бұл фәнидің түңіліп көжесінен, 
Шарап іштім әкеліп көзесімен. 
Өлең де мас, мен де мас би биледік
Жарық дүние айрылып өз есінен

Сырдың суы келмеді сирағымнан
Басыртқы жеп жырымның құймағынан
Естен шықты бәрі де, бәрі, бәрі
Өлтіруге ақынды қимады лаң

Лапылдадым іштегі шерді төгіп
Ата-баба әруағы келді көріп
Жүрегімді үстелге қойып тұрып
Жан-жағынан аямай пергіледік

Ой салды ма жасаған лаңы көп
Бізге қояр жүректің сұрағы жоқ
Жуып-шайып сол күні бар күнәсін
Қаны ағып, солқылдап жылады кеп... 

Мен фәнидің түңіліп көжесінен
Алып келдім шарапты көзесімен
Ет жүрек те мас болды бір кездері
Тайып кеткен жаңылып өз есінен.

 

***

Қайта-қайта санамда жанғырдың, гүлім
Іздеп сені қалада қаңғырдым бүгін
Өлең жазам деп едім, сезімді-ойлы
Сүйкеп жаттым дәптерге жаңбырдың жырын

Сағыныш менің жатқанда санамды сабап
Аспанды да бұлт басып, қабарды қабақ
Батып кетті күн дағы елемей мені
Жан-жағымды тұмшалап қараңғы қамап

Елеңдеп тұрды дегенмен ақымақ құлақ
Миымда бір найзағай шатынап құлап
Жүрегімнен үзілген мөлдір тамшыдай
Айналамды орады жапырақ жылап

Кезе алмадым дәл бүгін күлімдеп қырды
Қазанның желі бетімнің суын кептірді
Өзіңмен бірге кеткен соң амалым қайсы
Жүрексіз кеудем азынап, уілдеп тұрды.

Мархабаттың махамы
Оралхан Дәуіттің әңгімелері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу