Мархабаттың махамы

Oinet.kz 27-05-2019 1326

1542801903_article_s.jpeg    

 Осы дүйсенбіде Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат»» және «Құрмет» ордендерінің иегері, дарабоз қаламгер Мархабат Байғұттың мерейтойы туған жері Түлкібас ауданында ел есіндей қалатындай айрықша өтті.  Ас та төк ағыл-тегіл ретсіз шашылу, жұртты жалықтырған жиын болған жоқ. Махаңның өзі қаншалықты қарапайым болса мерейтойы да соншалықты шынайы, көңіл толқытып жүрек елжіретерлік әдемі әсерге толы болды. Алдымен Жаскешу ауылындағы орта мектепте соңғы қоңырау салтанатында Махаңның мерейтойы да қысқаша әрі мазмұнды қамтылып өтті. Мектептің іргесіндегі Мәдениет үйінде ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияда облыс әкімі Асқар  Мырзахметов бастап Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай қоштап сөйлеген, сый-сыяпатын ұсынған құттықтауды Алматыдан, Астанадан, көршілес облыстардан келген ақын-жазушылар, әдеби сыншылар, ғалымдар тұла бойыңды тебірентерлік тамаша тілектермен жалғастырды. Тіпті сонау Түркиядан Түрксойдың  өкілі, әдебиет әдеміне белгілі азамат Мәлік Отарбаев арнайы келім түбі бір туысқан елдің бір емес бірнеше марапатын қатар тапсыруы жарасып-ақ тұрды. Ал Балықты көлінің жағасында тігілген  ақ шаңқан киіз үйлерде қонақтарға дастархан жайылуы да өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Осылайша қазақ әдебиетінде өзінің өшпес қолтаңбасымен, жөні бөлек жосығы ерек жазу стилімен мықтылығын даусыз дәлелдеген Мархабат Байғұттың тек ауылында қарапайым түрде ғана атап өткен мерейтойын өзгелер өнеге тұтса кәнекей! Әйтпесе қаламгерлік қабілеті Махаңның ширағына да жуықтамайтын талайлар «мерейтойымды  аудан  былай тұрсын облыс орталығында  дүркіретіп неге тойлап бермейді» деп тоқымын бауырына алып тулап жүргендері жасырын емес қой. 

Сонымен Махаңды, Мархабат Байғұтты мерейтойымен тағы да құттықтай отрып оны қатты құрмет тұтатын ізбасар інісі, танымал жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлының жүрегінен толғаған сырын оқырманмен бөлісуді ұйғардық. 

Өмірде жақсы адамдарды ұмыта алмайсың. Ұмыту да мүмкін емес. Әдебиет деген әлем де сол жақсы адамдар сияқты. Жақсы жырлар, жақсы әңгімелер, жақсы хикаяттар үнемі жадыңда жаңғырығып, «Маған қайта айналып келмей кеттіңіз ғой, аға...» деп, буалдыр сағым арасынан қол бұлғап тұрған қылықты қыздай қиылады. Кейіпкерінің жанынан өз жаныңа жақындық тауып, оның жүрегіндегі қайғысы мен қуанышына да ортақтасып, дос болып кеткен туындыны арада көп жыл өткен соң қайта бір оқып, кестелі тіл мен көрікті ойға қайта бір тұщынып, жандүниеңді рухани рәуішпен қайта бір рахаттандырғың кеп тұрады. «Бір дорба дипломды» әлі күнге дейін ұмыта алмай жүрсем, ол тура осы сөзімнің дәлелі.

Мақамы бөлек, сосын кейіпкерлерінің сыры мен сезімдеріне деген махаббаты ерек бұл жазушының шығармасын «Бір дорба дипломға» дейін де оқығанмын. Ол патефон «туралы» болатын. Қойшы, сонымен қай жыл, қай ай, қай күн екені есімде жоқ, көп ұзамай бір газетте әлгі «Бір дорба дипломы» жарқ ете қалды. Бұл кезде «Мархабат Байғұтов» деген аты-жөнмен шыққан әңгімені іздеп жүріп оқитын боп алғам. Бірден үңілдім. Қоңырқай қоғамдағы орнын табу үшін көнбістердің күйіне түскен «контингент» – сырттай оқитындардың өмірі туралы мәселені өз үні, өз өрнегімен бастап, айтайын дегеніне қарай өз өресімен, өз сөз саптасымен саумалдап тарта бастайтын жазушыны қалайша оқымасқа. Жанкешті жазушым Ұлы Мәртебелі Оқырманы үшін бұл жолы да барын салыпты. Әңгімешінің мамықтай жеп-жеңіл тіліне тамсанғаным сонша (әрине, шығарманың шертер сыры мен айтар жыры өз алдына бір төбе!), сол дәм таңдайымда әлі жүр. «Кенет кенеп дорба мода болды да кетті» деп басталатыны да сондай ұнаған. Әңгімені бастағаным сол соңғы нүктесіне жеткенше бас көтере алмадым. Өйткені өмірдегі өкінішті күлдіріп те, күрсіндіріп те айтатын ағаның әңгімесін өз аузынан тыңдап отырғандай болдым.

  Ең бастысы, әңгімені оқып біткен кезде декан ағай жек көретін сырттай оқитын бөлім студенттерінің білімі мен білігіне, асқақ адамгершілігіне, нөсерлетіп жауған жаңбырдай сел-сел боп саулаған сезімдеріне бас иіп, көңілің уылжып сала береді. «Пішту-у-у, - деді миссис Майра мода бола бастаған кенеп дорбасынан косметикалық жасау-жабдығын алып отырып. – Біздің жүнімізді жығып, алдына салып, бір шыбықпен айдамақ. Поли-и-ти-ка! Әйтпесе, декан адам да осындай сөз айта ма?» деген Майраның уәжімен келісіп, көңіліңде сырттай оқитындарға деген бір аяушылық сезім пайда болады. Сол аяныш сезімімен бірге сырттай оқудың сырттандарына айнала бастаған филология факультетінің Қаншайым сияқты «көпті көрген» студенттерінің білімдарлықтары мен батылдықтарына риза боп, мойындай бастайсың. Қараңыз, сырттай оқитын факультеттің студенттері сол кездің өзінде ағылшын тілінен апталық өткізіпті. Оны өтікізіп жүрген де «Миссис Майра» мен «Мистер Мамыр». Доцент ағайлары Сағымбаев оларға таңғалғаннан, тіпті, көз әйнегін еденге түсіріп алады. Түсіріп алған көз әйнегін сүртіп тұрып: «Айналайындар-ау, күндізгі бөлімде тап осылай таза ағылшынша сөйлейтін бала бар ма екен?!» деп таңғалады. Тіпті, Қаншайым: «Осы біз ағылшын тілі апталығын өткіздік, неміс тіліне ерекше назар аудардық, французша газет шығардық. Ал неге Орхон-Енисей жазбаларына апталық арнамаймыз?» деп салады.

Міне, Қаншайым ханымның осы сөзінен бастап әңгіменің әдеби ажары мен көтерген заманалық жүгі алтынмен апталып, күміспен күптелген көне жәдігердей салмақтана түседі. Өзіңіз ойлап қараңызшы, кеңес өкіметінің кезінде (сонау жетпісінші жылдарда) ата-бабаларының Орхон-Енисей тастарына таңбалап кеткен жазбаларын қай жазушы өздерінің қай әңгімесінде ұлықтап еді?!. Отызында орда бұзған Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сының тағдыры «анандай» болғаннан кейін бәрі бұғып қалған жоқ па? Бұғып қалғандары былай тұрсын, «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы» деген тақырыпты таласа-тармаса қаужап кеткен жоқ па? Бақсақ, жазушы әңгімесінде ағылшын туралы апталықты айта келе ежелгі түркі жұртының мұрасына қарай ойысуды мұрат тұтыпты. Ол көкке ұмсынған тастағы бітік жазуларының кілті табылып, айқыш-ұйқыш түскен таңбалардың ішіне бүкен сыры алты алашқа жайылып, ғалым-филологтар үлкен-үлкен еңбектер жазып жатқан тұс болатын. Бірақ ондай еңбектерге қарапайым адамдардың тісі бата ма? Оқыса да олары кіл ғалымдардан немесе «шіркін, ғалым болсам» деп жүргендерден құралатын. Ал Махаңның әңгімесі – жауынгер жанр, оқырманына да, орталық комитетке де тез жетеді. Жылдам насихатталады. Жазушы, міне, осы астыртын миссияны батыл атқарған. Әңгімені бірінші жақтан баяндап отырған кейіпкеріміз, тіпті, өзі ұнататын Қаншайым ханым екеуі әлі ешкім біле бермейтін бітік (руна) әріптерімен жазылған ежелгі түркі тілінде сөйлеседі. 

Шарықтау шегіне жететін әңгіме кенет мода бола кететін кенеп дорба толы дипломды тапсырумен аяқталады. Емтихандарын жақсы тапсырған, бірақ бар «кінәлары» сырттай оқитын сарбаздарға қас қылғандай дипломды салтанатты жағдайда тапсыратын не декан ағай жоқ, не басқасы жоқ, сөйтсе бәрі ректордың мерейтойына кетіп қалыпты. Бұл жердегі ерлікті де Қаншайым көрсетіп, деканаттан бір дорба дипломды алып, «госкомиссияның» ауырып жатқан бастығының үйіне барып, қол қойдырып қайтады. Енді сол диполомдарды кім тапсырады? Өз баласының кіндігін өзі кескен анадай қандай қиындық болмасын жол таба білетін сырттай оқитын студенттердің естияры Қаншайым оның да амалын табады. Дипломдағы аты-жөнді өзі оқып, ал оны қыз-жігіттерге тапсыруды әңгіме барысында аты-жөнін айтуды жөн санамаған филологқа тапсырады. Жан жарастығы шығар, филолог пен Қаншайым қашанда бірге. Ауылдағы мектептің күйкі тірлігінен әрең қара үзіп шығып, адыр-адырларды асып өтіп, астанаға келген ауыл мұғалімі Қаншайымдай хас сұлудың ернінен сүйу бақытына да диплом тапсыру сәтінде ие болады. 

Шап-шағын ғана әңгіме, бірақ оның өне бойынан шалқар көлдің үстіндегі самал желдей тынысыңды ашып, жаныңды жадырататын ерекше бір жылылықты байқайсың. Былай қарасаң, оп-оңай жазылған дүние сияқты көрінер. Бірақ классиканың бәрі де оп-оңай жазылған сияқты көрінетін әдеті екенін тағы ойлайсың. Әуезовтың әуезі мен Беймбет, Бердібектің «бәйіттері» де сол. Толстойды, Тәкенді, Сайынды оқысаң да сол. Мархабат та сол жолға адал. «Күрделендіремін» деп күшенбейді, «күлдірем» деп күле де бақпайды. Қай хикаятын, қай әңгімесін оқымаңыз Арыстың ағысындай сылдыраған өңкей бір келісім. Айтпақшы, «Бір дорба дипломдағы» миссис Майра туралы жағын оқырмандар әңгімені тауып алып, өздері оқыса деймін. Өйткені «Декан ағайдың дегені не?» екені сол Майра тақылеттестер тағдыры арқылы білінер.

Сонымен «Бір дорба дипломға» таңғалып жүргенде Мархабат Байғұтов әңгіме, хикаяттарды бұрқыратып жаза берді, жаза берді. Мен де шыққанын шыққанша «қағып» тастаймын. Бірақ «ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, «дипломның» қызықтары мен шыжықтары ойымнан кетпейді. Одан беріде кеңес өкіметінің шаңырағы ортасына түсіп, еліміз тәуелсіздік алды. Орхон-Енисей жазбаларымен жасқанбай мақтанатын заман туды. Мархабат Байғұтовыңыздың өзі де аты-жөнін «Мархабат Байғұт» деп өзгертті. Ойлағам: «кеңес өкіметінің «жақсылығы» туралы том-том романдар жазып, мыс-мыс ақша алып дәнігіп қалған жазушылар сияқты тәуелсіздік алған соң Махаң не жазарын бімей абдырап қалатын шығар» деп. Қайдан, Махаң тәуелсіздік тудырған мәселелерді де майдан қыл суырғандай етіп, бірінен кейін бірін төлдетіп жаза берді, жаза берді. Мақамы да сол баяғы, мүлде өзгерген жоқ. Әрине, оларын да құр жібермей, бас салып оқимын.

  «Махаңның бір хикаяты мен бір әңгімесінің өзі мың мысалға, тоқсан толғауға азық боп отырғанда, басқасы, тіпті, ғаламат шығар!» дерсіздер. Иә, басқаларын да басқа ұрып санап, бірден үздіктер қатарына қоса беруге болады. «Варвараның көмбесі» деген әңгімесі де есімнен кетпейді. «Халықтар достығы» дегенді әркім әр түрлі жазады. Ал Махаңның махамы бұл жерде де бөлек. Варвараның көмбесіне есі кіресілі-шығасылы күйде сүйретіліп жеткен бір кейіпкері өлімші халде жатып ащы қияр мен қырық қабатты қатырлата шайнап, жұта береді, жұта береді. Сөйтіп жатып талықсып ұйықтап кеткен ол бір кезде көзін ашса, өткінші жауыннан кейін шайдай ашылған алқаракөк аспандай ауруынан құлан таза айыққан. Варвараның көрші-қолаңға деген жақсылығын осылай көрсетуді жөн деп тапқан жазушыдан айналмайсың ба?!. 

Жетпісіңіз желекті болсын, Мархабат аға!

Oinet.kz мұрағатынан, 2015 ж

Screenshot_1.jpg

Қуаныш Медеубаев, ақын: «Ауылдықтарды жақтырмайтын бір оқытушы бер еді»
Әбілда Аймақты еске алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу