Қуаныш Медеубаев, ақын: «Ауылдықтарды жақтырмайтын бір оқытушы бер еді»

Oinet.kz 27-05-2019 1504

Screenshot_9.jpg

              Студент атану қай түлектің болсын арманы емес пе?! Қарағанды облысы Қарқара ауданына қарасты Қоянды ауылындағы алтын ұя мектебімді 2005 жылы тәмамдаған соң студент атанудан дәмеленіп қалаға келдім. Бірнеше оқу орнын аралап жүріп, армандаған мамандығым бойынша грантқа қол жеткізе алмадым. Нақтырақ айтсам Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне шығармашылық емхитан тапсырдым. Ұмытпасам емтиханға 60-қа тарта адам қатысты. Не керек, соның ішінен бір-екеуіне ғана грант бұйырып, қалғанымыз жан-жаққа кеттік. Жүрек қалаған журналистикаға түсе алмасам да жігерімді жинап, қалтамызға қарай көсіліп,  сол қаладағы «Болашақ» университетінің ақылы бөліміне оқуға түстім.    Обалы нешік, ұстаздарым да, қатар оқыған балалар да керемет болды. Бір үйдің баласындай бірге жүрдік. Филология мамандығы болған соң шығар, әйтеуір қыздар көп, ұлдар аз болдық. Сырымыз да, мұңымыз да бір болды. Қыздар да, мұғалімдер де ұлдар қауымына үлкен құрметпен қарады. Басым көпшілігіміз ауылдан шыққан балалар болған соң шығар, ұйымшылдығымыз жарасып кетті ә дегеннен. Ұйымшылдығымыз өз алдына, группаластарымыздың барлығының оқуға деген ынталары зор болды. Мен де барлық пәнімді 5-ке тапсырып жүріп, қызыл дипломнан үміттеніп жүр едім. Қырсық шалып,  соңғы курстарда бір мұғаліммен келісе алмай төмен баға алып қалмасым бар ма? 

               Мәселе мынада болды. Ол кісі (мұғалім апай) өзі қазақ бола тұра бір күні сабақ үстінде  «жалпы ауылдан келген балаларды жек көрем, ауылдың қазақтары өте төмен, сауатсыз» деген сыңайлы ашық пікірін білдірді. Мен қайта ол кісінің сөзін оқырманға  мәдениетті түрде жеткізіп отырмын. Бізге білім беріп жүрген, жасы үлкен, өз ұлтыңның өкілінен сондай ауыр сөздерді есту қаладан болсын, ауылдан шыққан бала болсын қиын деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда намысыма тиіп кетті.  Содан не керек, шыдамай жанымдағы Азамат есімді группаласым екеуміз өре түрегеліп, ұстазымызға қарсы шықтық. Бар айтқанымыз «сөзіңізді қайтып алыңыз» дедік. Шәкірттерінің қарсы сөйлегенін жақтырмаған мұғалім сол күннен бастап  Азамат екеуміздің соңымызға шырақ алдып түсіп алды. Бір өкініштісі ауыл балаларын жақтаймын деп шырылдаған Азаматты ол екілікті қойып, оқудан шығарып тынды. Ал мен ол  ұстаздың әділетсіздігіне бой бере қоймадым. (Қазіргі таңда ол кісі ол жерде жұмыс істеп жүрмеуі де мүмкін). 

             Университетіміздің өз жатақханасы болмады. Сондықтан «Тәттімбет» атындағы өнер колледжінің жатақханасында өмір сүрдік. Жатақхана өмірінің өз қызығы бар еді. Өнер колледжі болғасын өнерлі студенттермен араласып тұрдық. Біздің таңымыз скрипка, рояль ойнаған студенттердің дайындығымен басталып, батысы күй жарыс, ән айтумен аяқталатын. Екінші курста шаңырақ көтеруіме байланысты жеке пәтер жалдап бөлек шығып кеттім. 

              Соңғы курста студенттердің дипломдық жұмыс деп қарбаласып, ізденіп жүретін кезеңі ғой. Шынымды айтсам менің дипломдық жұмысымды қорғауым бір қайғылы дүние болды. Дипломның өзі емес әрине. Диплом қорғауға 1 ай қалғанда  жетекшім профессор, филология ғылымдарының докторы Хайролла Мырзағалиұлы Нұрмұханов қайтыс болды. Марқұм қазақ десе жанын беретін керемет білімді, сұңғұла, сырбаз адам еді. Ол кісінің бастамасымен дипломның жартысы ғана жазылып тұрған кезде мезгілсіз ажалмен бақилық болды. Амал нешік, тірі адам тіршілігін жасайды ғой, десе де дипломды өз күшіммен жазуға тура келді. Қорғау күні әжептәуір қобалжыдым. Группаластарымның барлығының жандарында бір-бір жетекшілері бар, әркім өз шәкіртін қалай қорғау керектігін үйретіп жатыр, ал мен жетім баланың күйін кешіп, жалғызсырап тұрдым.  Әйтеуір, құдай қолдап, марқұм ұстазымның абыройын құлатпай сол дипломды 5-ке қорғап шықтым. 

           Білім алып жүргенде мен үшін орын алған ең елеулі оқиға 2009 жылы орын алды.  Университеттің ректоры, заң ғылымдарының докторы, бүгінде облыстық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Дулатбеков өз күшімен ағалық қамқорлығын көрсетіп, алғашқы өлеңдерімді «Жан-Арым» атты тақырыппен кітап етіп шығарып берді. Ол кісіге әлі күнге дейін басымды иіп, алғысымды білдіріп жүремін. Оқуды аяқтаған соң Қарағанды қаласының бір мектебіне жұмысқа орналасып, үлкен өмірді бастап кеттік...  

           Студенттік жылдар мен үшін асыл жүректі ұстаздарым және ең ыстық сәттерді бастан кешкен группаластарым арқылы қымбат. Ол жылдардың ерекшелігі сол ол кезде өзара ұстаз бен студенттің қарым-қатынасы керемет болатын. Студентті табалау, бағасын қоймай «жүгіртіп қою» дегенді көзіміз көрген жоқ. Керісінше сабақтан кешіксек те, үлгермей жатсақ та түсіністікпен қарап көмектесуге асығатын ұстаздар көп болды. Біздің уақыттағы студенттер мен қазіргі студенттерде айырма бар ма деген сұрақ ойыма жиі келеді. Бір қарағанда қазіргі студенттерге көп жағдай жасалған сияқты көрінеді. Бізде осы күнгі жастардың қолындағы интернет, ноутбуктың біреуі болған жоқ. Барлық ақпарат кітапханадан алынатын. Бәрін көзбен көріп, қолмен жаздық. Соңғы курстың кезінде ғана біразымыздың қолымыз «дүниеге» жетіп, интернеттен көшіріп реферат жаза салу сияқты шаруалар болды. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашқандығым емес, осы заманның студенттері оқу бітіріп жанымызға жұмысқа орналасқанда 4 жыл түк оқымағандай сыңай байқалады. Таң қаламын. Бәрібір маған өз уақытымдағы студенттер талабы жоғары, талғамы биік сияқты көрінеді. 

Oinet.kz мұрағатынан, 2015 ж

Қазақстанда балалар әдебиеті неге кенже қалып барады?
Мархабаттың махамы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу