Қазақстанда балалар әдебиеті неге кенже қалып барады?

Oinet.kz 27-05-2019 2020

7a7aaa2dd297cc1278a6bc43a0f03403.jpg                                   

         Бала - өмірдің жалғасы әрі қызығы. Сондықтан әркім өз перзентін қызғыштай қоритыны анық. Сондай-ақ сол елдің болашағының тұтқасы ретінде мемлекет те балаларды қорғауды барынша қамтамасыз етеді. Көптеген елдерде балаларды қорғау  маңызды, басты және ортақ мәселе. Сол себепті 1 – маусым халықаралық балаларды қорғау күні болып бекітілген.    

Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес. Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі - балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.

         Балаларды қорғау дегеніңіз  олардың денсаулығын сақтап, білім беру ғана емес, сонымен қатар жақсы тәрбие беру. Ал тәрбиенің нағыз көзі әдебиет емес пе?! Әженің ертегісін тыңдап, аңыз-әңгімелерге қанық болып өскен бала мейірім, адамгершілік, адалдық секілді қасиеттерді бойына жинайды. Қазақ балалар әдебиеті туралы сөз қозғағанда ойымызға Бердібек Соқпақбаев,     Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсен­би­ев Қаржаубай Ома­ров сынды ақын-жазушылар оралады.  Өкінішке орай қазіргі кезеңде балалар әдебиетінің кенжелеу қалып бара жатқаны шындық. Әрине, бұл балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген авторлардың жоқтығын білдірмесе керек. Техниканың дамыған ғасырында қолына кітап алып, оның қызығына батып отырған оқушыларды кездестіру қиын. Кітаптың орнына  олар  ұялы телефон, компьютерге шұқшиғанды жөн санайды.     Балалардың әдебиеттен алшақтап кетуіне әсте оларды кінәлауға болмайды. Қазір балаларға ар­на­лып көптеген сүбелі дүниелер жа­зы­лып, жаңадан  кітаптар шығуда. Бірақ солардың көпшілігі балғын оқырмандарға жет­пей жатқаны өкінішті. Өйткені, кітаптардың та­ра­лы­мы өте аз. Таралым жарымағасын кітапхана сөресіне кітаптың  бір-екі данасы ғана бұйырады.  Қазіргі өлшеммен алғанда, Кеңес үкіметі кезіндегі қазақстандық авторлардың шығармаларының таралымы өте жоғары болатын. Қазақстанды өз уысында ұстаған тоталитарлық мемлекеттің кезінде үкімет оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақ ертегі, эпостарын, көркем әдебиет туындыларын миллиондаған таралыммен басып шығарған. Бүгінгі таңда елімізде 18 мыңға жуық кітапхана бар екен. Ал соңғы жылдары шығып жатқан кез келген кітаптың таралымы небәрі екі мың данадан аспайды. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын әдеби, танымдық еңбектердің ішінен қазақ балалар әдебиетіне арнайы қаржы бөліп, жағдай туғызу жағы ескерілмей келеді.          

Зерттеушілер балалар әдебиетінің төмендеуіне баспа, таралым ғана себепші емес дейді. Мәселе кітаптың сапасына, мазмұнына да қатысты. Бүгінгі балалардың ой-өрісіне сай, еліктіріп әкететін,  ру­ха­ни азық бо­ла­тын­дай, олар­ды тәрбиелейтін құралға ай­на­лар дүниелер жоқтың-қасы.   Есесіне сырты жылтыр шетелдік тренингтік, психологиялық дүниелер кітап дүкендерінде қаптап кетті.  Сондай-ақ туындылар және олардың авторларының елге насихатталуы әлсіз дейді мамандар.    

         «Заманың түлкі болса тазы болып шал» деген нақыл сөз дәл бүгінгі күнге айтылғандай. Технологияның тілін жетік білетін балалардың мүмкіншілігіне орай әдеби шығармалардың электронды нұсқалары пайда болуда. Жағымды жаңалық болғанымен бұл балалардың басын компьютерге екі есеге байласа, екіншіден, электронды оқулықтың да сапасы сын көтермейді. Оның үстіне электронды оқулықтар қағаз кітаптарға деген сұранысты одан сайын төмендетіп жібермей ме деген қауіп те басым. Қанша дегенмен адамға нағыз серік шынайы кітап емес пе?

      XXI ғасырдағы қазақ балалар әдебиетіне жаншырлық танытып жүрген азаматтар оны дамытудың мынадай жолдарын ұсынып отыр.    Кітаптардың таралымын көбейтіп, оларды БАҚ-да насихаттау күшейту, шетелден келетін кітаптарға қандай да бір шектеу қою, Білім және ғылым министрлігі оқу бағдарламасына қазіргі ақын-жазушыларымыздың еңбектерін енгізу, балалар кітабынан қосымша салық құнын алып тастау, бибколлекторды ғаламторда дамытып, бірізділікке салуды жолға қою, балалар кітаптарының шетелдерге тарауы, танылуы жолға қою, балалар жазушыларының шығармаларына қомақты қаламақы төлеу мәселесін шешу.  

           Балалар әдебиетінің жүгі ауыр екені белгілі. Сондықтан балдырғандарға нәр беретін әдебиет саласын барынша дамыту баршамыздың парызымыз. Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», — деген екен. Осындай қасіретке жол бермеу үшін не істеуіміз қажет?

 

 

Дерек пен дәйек: Соңғы 10 жыл ішінде елімізде 8523 әдеби кітап басылып шыққан. Соның ішінде балаларға арналған әдеби кітаптар саны бар болғаны 220 екен. 

 

Өркен Жоямерген, журналист:

                                       «Заманауи ертегілерге шөліркеп отырмыз»

            «Әдебиет – барлық өнердің атасы». Оның бесіктегі баладан еңкейген кәріге дейін беретін ұлағаты мол, әрине. Кезінде Альберт Эйнштейн «Бала ақылды болуы үшін не істеу керек?» деген сұраққа қарапайым ғана жауап беріпті. «Егер де балам ақылды болсын десеңдер, оларға ертегі оқып беріңдер. Егер олардың одан да ақылды болғанын қаласаңдар, одан да көп ертегі оқыңдар» деген. Біз оқу мен қиялдаудың құндылығын сол ұлы классиктен артық білмеспіз. Қазір қазақ балалар жазушыларының ішінен Толымбек Әбдірайымның, Айса Хамзеұлының, жастардан Ғанибет Ғалымбекұлының шағын әңгімелері БАҚ арқылы көзге жиі шалынады. Әзірге өндіріп жазып жүргендер – осылар. Ал, ақындардан Алмат Исәділ, Қалмағанбет Мұхаметқали сынды орта буын өкілдері жасөспірімдерге арнап жақсы өлеңдер тудыруда. Қапелімде ауызға түспей тұрған өзге де қаламгерлерден кешірім өтінемін. Жалпы, «жоқ, жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас... Бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің дамуына  көңілім жүз пайыз толады десем, жалған айтқан болар едім. Қазіргі таңда қазақтілді балалар әдебиеті әлі де мол ізденісті талап етеді. Әр жастағы балалар түйсігінің қабылдау еркін ескеру керек. Сәбидің санасына ауыр дүниелерден гөрі, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» шығарманың қатары көп болса екен деймін. Мысалы, біздің әдебиетте бертіндегі ертегішілерден Машқар Гумеров қана бар. Жоғарыда атап өткен Эйнштейннің талабын ескерсек, бүгінде қазақ балалар әдебиеті заманауи ертегілерге қатты шөліркеп отыр деуге болады.

 

Ләззат Қапышева, Қазақстан  Журналистер  Одағының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет  қайраткері:

                                            «Жазушылар емес әншілер тәрбиелеуде»

           Кітап оқыған баламен ғаламторда күнұзақ отырған баланы салыстыруға келмейді. Өйткені кітап адамның жан азығы, рухани байлығы. Қазақстан балалар жазушыларына бай ел деп айта алмаймын. Оларды жоқ деуге де болмас. Қазіргі жазушылардың шығармаларының танылмауы балалар арасында қызығушылықтың жоқтығынан деп ойлаймын. Себебі тың дүниелер өте аз оның үстіне кітаптың насихатталуы, жарнамалануы әлсіз. Газет беттерінде, теледидардан жаңа шығарманың тұсаукесерін көрсетіп, оның мазмұнын қысқаша баяндап, авторларын сөйлетсе балалардың сол кітапқа деген ынталарын оянар еді. Ал бізде ондай жарнама деген атымен жоқ. Оның орнына шетелдің «Маша и медьведін» үздіксіз беріп отырамыз. Шоу-бизнес өкілдерін, жердегі жұлдыздарды жарнамалауда алдымызға жан салмаймыз. Кітапқа қызықтыру үшін балаларға арналған әдеби хабарлардың орнына әншілердің бейнебаяндарын көрсетеміз. Оны  күн сайын көре берген бала әрине кітап оқымай, «аспанға қараймын» деп әндетіп жүреді. Бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің беталысына шынымды айтсам көңілім толмайды. Кезінде біздер Бердібек Соқпақбаев сынды жазушылардың шығармашалырмен өсіп-өркендесек, қазір қазақ бүлдіршіндерін жазушылар емес пайдасыз мультиктер мен әншілер тәрбиелеуде.

 

Олжас Отар, ақын, композитор:

                                   «Нанотехнология әдебиетке кедергі болуда»

           Әдебиеттің бала тәрбиесі  үшін орны бөлек дүние. Өзіміз сол әдебиетпен сусындап өстік. «Ұлан», «Ақжелкен» журналдарын қалдырмай оқушы едік. Ал қазіргі жасөспірімдер шынында да әбедиеттен алшақтап кетті. Оның басты себебі нанотехнологияның кіруі. Әйтпесе елімізде балаларға арнап шығарма жазып жүрген ақын, жазушылар көп. Мәселен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» деген туындысы керемет жазылған. Оның кітап болып басылып, балаларға таралуын қалаймын. Менің ойымша балалар әдебиетінің ақсаңдап қалуы балаларды кітап оқуға қырықтыра алмай келуімізде. Әбеди байқаулар, конкурстарды, ақын-жазушылармен мектептерде кездесу кештерін көптеп өткізу керек. Мектеп оқушылары керекті ақпараттарын ғаламтордан алып отырғандықтан кітапты қажетсінбей қалды. Ақпараттық технологияны жақсы жағынан пайдамызға жарата біліп, балалар әдебиетінің ғаламторда дамуын қамтамасыз етуіміз керек секілді. Ақын, жазушыларымыз заман ағымына ілесіп өз туындыларын электронды нұсқада да шығарып отырса нұр үстіне нұр болар еді.   

 

       Ғалымбек Жұматов, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, балалар жазушысы:

                                                     «Сан бар, сапа жоқ»

              Әдебиеттің бала тәрбиесінде өзіндік орны, парызы бар. Қазір балалар шығармаларына сұраныс жоқ деп жатамыз. Бұл қате пікір, сұраныс жоқ емес бар. Бірақ қаржыға байланысты кітапты бастыру, тарату ісі  төмендеп қалды. Балалар әдебиеті туралы сөз қозғағанда балалар жазушыларының деңгейі қандай деген сұрақ туындайды. Қазір жазушылар көп. Мұны жыл сайын өтіп жүрген «Дарабоз» конкурсынан байқауға болады. Сайысқа 400-ге дейін автор бақ сынайды екен. Бұл балалар әлеміне жол тартып жүрген 400 жазушы бар деген сөз.   Алайда солардың ішінде сапалы дүние ұсынып жатқандары сирек. Тақырыпты аша алмай, баланың психологиясын түсіне алмай жүрген жазушылар кездеседі. Сол себепті бірінші кезекте балалар жазушыларының деңгейін көтеру қажет.  Біздің жазушылардың бір кемшілігі балалардың сұранысын білмейді, қандай        тақырыпқа қызығушылық танытатынына зерттеу жүргізбейді. Жаңа ғасырдың жасөсіпірімдерінің ақпараттық технологиялық сауаттылықтары жоғары. Қазақ жазушылары сол жастардың электрондық сауаттылықтарын қуып жетіп, әдебиетті ғаламтор арқылы да дамытуа білу қажет деп ойлаймын.

 

Айнұр Шамшейтова, «Шалқар» радиосының редактор-жүргізушісі, ақын:

                                                       «Қаламақы аз»

         Баланы кішкентай кезінен оқу, жазумен машықтандырып, оқығанын айта алуға үйрету әр-бір ата-ананың, мұғалімнің міндеті. Халықтың ертегісі «Толағайдан» бастап Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасына» дейін оқыған баланың оң тәрбие алмауы некен саяқ. Адам кітап оқыса, сол кітаптың оқиғасына қызықса оған мән беріп ненің жаман, ненің жақсы екенін ойланады. Айналамызда орын алып жатқан оқиғаларды тереңімен ойлап, соны қорытып, қағаз бетіне түсіріп жүрген жазушылардың бала тәрбиесінде алатын рөлі орасан. Қазақ балалар жазушыларының беткеұстарлары деп  Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Саттар Ерубаев, Ыбырай Алтынсарин, Толымбек Әбдірайым тағы да басқа жазушыларды атар едім. Шоқтығы биік осы тұлғалардың ізін басып келе жатқан жазушыларымыз әрине бар.  Бірақ біздегі мәселе, жазушылардың кітаптарын шығарып, қаламақы төлеуді жолға қойса екен. Қазір қызық шығармалардың көп жазулмауы да содан. Өйткені тек кітап жазумен айналысып отырудың тиімді емес екенін көпшілік біледі.

Oinet.kz мұрағатынан, 2015 ж

Screenshot_1.jpg

Ілияс Есенберлин
Қуаныш Медеубаев, ақын: «Ауылдықтарды жақтырмайтын бір оқытушы бер еді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу