Бір жарғанат өлтірсең - бір адам өлтіргенің
***
– Сен ертең кететін болдың ба?
– Иа. Ертең түс қайта жолға шығам, – деп ол ортайған кеселерге ернеулете сыра құйып, босаған баклажканы ыбырсып жатқан босаға жаққа лақтыра салды. – Қыста пойызбен жүрген дұрыс.
– Берік, сен де жоқ нәрсеге сенеді екенсің. Мынауыңның дауысын басшы, миды жеп қойды. Болмаса өшірші қаңқылдатпай. Тоқта! Автобус өртенді дей ме? – деп серігі орнынан тұра берген Беріктің жеңінен ұстай алды.
Екеуі қуықтай бөлменің қабырғасына жапсыра қойылған кішкентай теледидарға телміре қалды.
– Елки-полки, 52 адам өртеніп кетті дей ме? Масқара! Болды, өшіре сал. Өртенді, бұлады, талап кетті… Бір жақсы жаңалық естімейсің.
Берік теледидарды өшіріп, екінші баклажканың аузын ашты. Серігі темекісін алып, орнынан тұрды.
– Осында шеге бер, Ербол. Жатақхананың бір жаманы осы, балконы жоқ, – деп Берік шеті кетілген тәрелкені оның алдына қарай ысырды. – Өртеніп өлу азап қой ә...
– Құдай сақтасын. Біздің жаққа жүретін автобустардың да сиқын білесің ғой, жолдың қай тұсында шашылып қалар екен деп зәрең зәр түбіне кетеді. Пойыз дұрыс. Осы сенің сораптап сыра іше беретінің ұнамайды маған. Суықта арақ ішкен жақсы, – деп серігі темекісін тұтатты.
Коридорда әрі-бері тасырлап жүгірген, айқайлаған балалар дауысы тынбайды. Көрші бөлмелердің біріндегі ұрыс-керіс күшейе түсті.
– Бұлар да қоймады екен. Бір сағат болды ғой бүкіл жатақхананы басына көтергелі.
– Айтпа. Екі күннің бірінде осы, – деді Берік.
– О, жақсылап «ұйықтатты» ғой деймін, қатынның үні өшті.
Екеуі қосыла күлді.
– Аннан қайтқан, мыннан қайтқанмен әуейі болмай, үйленіп алсайшы. Отызға дейін армансыз-ойнап күлдің, – деді серігі.
Берік үндемеді. Терезе алдында тұрып, темекісін құшырлана сорды. Бөлмеден сыз иісі мүңкиді.
– Айтпақшы, тамақ ішесің бе? Лапша бар, су қайнатып жіберейін, – деп, Берік темекі тұқылын терезеден сыртқа лақтырды.
– Жоқ. Кел, ішейік.
– Давай.
– Мен анауыңа сенбеймін, – деп серігі сыраны салқ еткізіп жұтты да, кесені жайылған газет үстіне қоя салды. – Не деген батпан құйрық.
– Ютубтен тағы да жаңа видеолар таптым. Қалай сенбейсің, міне, өзің көрші! – деп, Берік трикосының қалтасынан смартфонын алып, шұқылай бастады.
– Ой, болды. Неше күннен бері уатсапқа неше түрлісін жібердің ғой, жетеді сол. Рас болса болды. Жұмысыңды тастап барғанда құр саядалған жүріс болмасын.
– Ербол, шынын айтсам ана «Үміт мүйісіне» барғым келмейді. Соңғы кезде барып та жүргем жоқ. Аннан-мыннан жинап алған жарнамаңды алдыңа жайып, табаныңнан сыз өтіп отырасың. Қазір ол жерге адам аз келеді, пәтер жалдайтындар интернеттен іздейді керегін.
– Кезінде дүркіреген «Үміт мүйісі» еді. Кел, алып қоялық!
Берік жатақхананың алдына дейін серігін шығарып салып, ішке енді. Ол теңселіп жоғары көтерілді. Қарсы алдынан бір этажда тұратын, анда-мұнда кездесіп қалғанда бас изесіп өтетін жас келіншек ұшырасты. Халатының кеуде тұсы ашық-шашық, қос анары ағараңдап көрінді. Берік оның кеудесіне сұқтана қарап қалды. Әйел халатын түзеп, тарсылдата басып, төменге кетті. «Осының күйеуі бар ма екен? Кейде бар, кейде жоқ құсаған. Әдемі өзі». Берік әйелдің соңынан қарап, басын шайқап қойды.
***
Ол етжеңді, жетпіс жас шамасындағы сары әйелмен амандасып, сөмкесін төсек үстіне қойды да, дәлізге шығып, терезеден сыртқа үңілді. Дала сұрғылттанып көрінді. Перронда әрі-бері жөңкілген жұрт. Пойыз мұның келуін күтіп тұрғандай жылжи жөнелді. Бірмұнша уақыт дәлізде тұрған Берік купеге кіріп, орнына жайғасты. Сары әйел шай ішуге кірісіпті.
– Кел, балам, шай іш. Түсте асығып жүріп дұрыстап шай іше алмап едім, – деп, ол самбырлай сөйледі.
– Рақмет,апа, сосын ішермін.
– Ақжотаға кетіп барасың ба?
– Жоқ, Тастөбеден түсем.
– Тастөбең жолдың үсті ғой, бүгін түнде-ақ жетіп барасың. Бізді айтсаңшы.
– Түн болғанда таңда өтеді Тастөбеден. Сіз Ақжотаға ма?
– Иә.
– А-а… Біраз жүресіздер, – деп Берік төсек үстіне тастай салған курткасын ақтарып, шылымын алды.
Ол тамбурға шығап, шылымын тұтатты. Екі вагонның түйіліскен жері шақыр-шұқыр етіп, дамылсыз теңселеді. Бірнеше адам әрі-бері өтті. Берік шылымын құшырлана сорып, анда-санда рельс көрініп келе жатқан кішкентай ашыққа шырт түкірді. Арғы жақтан полицейдің басы қылтиды.
– Сержант Қамбар Атабаевич боламын, – деп ол қолын шекесіне апарып түсірді. – Темекіңізді тастап, менімен жүріңіз.
– Не боп қалды?
– Жүріңіз деймін. Мұнда темекі тартуға болмайды. «Тасымал ережелерін бұзу» бойынша хаттама толтырамыз. Құжатыңызды алып, проводниктің купесіне келіңіз.
– Неге? Бұрын шылым шектіруші еді ғой, – деп Берік полицейдің соңынан ерді.
– Бұрын болса, қазір болмайды. Әкел құжаттарыңды!
Берік қырма сақал полицейдің қайта-қайта заңды нұсқап, көрсете берген папкасына бірнеше мыңды қыстырып, бірмұнша уақыттан кейін барып проводник купесінен шықты.
Сары әйел терезеге бетін беріп, намаз оқып отыр. Берік төсегіне шалқалап жата кетті.
– Не қыл дейді аналар? – деді әлден уақыттан кейін сары әйел.
– Жай, документ тексеріп.
– Бұлар да кіргенде бір, отырғанда бір тексере береді, әйтеуір. Мына екі орын бос келе жатыр, – деп сары әйел жоғарғы төсекті иегімен нұсқады. – Ал, біз бір ай бұрын барып жүріп осы орынды әзер таптық.
– Алдын ала алмаса, қиын қазір.
– Әлгі делдал дегендері билеттің бәрін сатып ап қояды дейді ғой, одан қандай пайда көретінін, әдірам қағыр, – деп сары әйел ернін сылп еткізді.
Берік шалқалап жатқан күйі қос иығын бір қозғады. Ашық тұрған есіктен киім-кешек көтерген әйел алқынып кірді. Қараторы жүзі түтігіп кетіпті.
– Отырсам бола ма, апа? – деді ол жалп етіп отырып жатып.
– Отыр, отыр.
«Мына кісінің өзі де апа ғой, мұнша киім-кешекті зілдей ғып қайтіп көтеріп жүріп сатады екен?». Берік жүзі тотыққан әйелге селсоқ қарап қойды. Ол самбырлап сөйлеп, саудасына кірісті.
– Сіздің жасыңыздағы кісілер тойға, қонаққа киіп баратын көйлектер бар, апа. Көріңіз.
– Әкел, көрейік.
Сары әйел көйлекті қолына алып әрі аударып, бері аударып көрді. Киімінің сыртынан киіп, купенің есігін жауып, айнаның алдына барды. Тырысқан иықтарын тартқылап, түзеді.
– Ой, апа, сіз көйлектің сыртынан киген соң сәл тырысып-бырысып тұр. Былай тұп-тура. Өңіңізді де ашты.
– Қанша тұрады.
– 3500 теңге.
– Қымбат қой.
– Ой, апа! Проводникке береміз, полициясы бар. Осы ақшадан жырымдап-жырымдап өзімізге аз-ақ қалады. Сәл түссем түсейін енді, 3300 болсын.
– Бірақ мынауыңның жеңі келтелеу екен. Мен өзі қажыға барған адаммын.
– О, бірінші саудам сіз секілді аузында кәлимасы бар адамнан басталса, жаман бола қоймас. Жеңі қатты шолақ болып тұрған жоқ, намаз оқыған кезде басқа көйлек кимейсіз бе. Бұл енді тойдың, қонақтың киімі ғой.
– Тойға, қонаққа барғанда намаз оқымаймын ба сонда?
– Жо, жо, жоқ, оқисыз ғой. Просто мына көйлек сізді салауатты әрі жасырақ қып көрсетеді екен.
Сары әйел айнаның алдында әрі-бері айналып, үйірілді де қалды. Арасында:
– Тағы да сәл түссейші, – деп саудаласып қояды.
– Жаңа басқа бір вагонда тура сіздей апа осы көйлектің біреуін сатып алды. Бала-шағасымен тойға кетіп бара жатыр екен, балалары қоймай алғызды.
Берік теріс аунап түсті. Көзіне ұйқы тығылып, есіней берді. Екі әйелдің күбір-күбір сөйлескен сөзі бір тынбады. Қалғып кетті. Түн ортасында айдалада тоқтап тұрған пойыздан түсіп, шылым шекті. Шағын станцияда қыбыр еткен жан жоқ, боран ұлып тұр. Бойы мұздап, ішке кірген ол орнына жайғасып, ұйқыға бас қойды.
– Тастөбеге келдік, тұр!
Проводник оны жұлқып оятты.
Ертедегі жарғанат суреті
***
Берік түс қайта жұрт «Кеміргіш» деп лақап ат қойған Марғұланның есігін ашты. Жирен шаш, имек тұмсық Марғұлан жер тақтайдың басында жалғыз өзі көсіле жатыр.
– Ассалаумағалайкум!
– Уағалайкумассалам! Берікпісің?
Марғұлан орнынан атып тұрып, қолын ала жүгірді. Бойы еңкіш тартып, жағы қушиып кетіпті.
– Иә, аға. Жағдайыңыз жақсы ма?
– Шүкір ғой, шүкір. Кел, шайға кел. Жеңгең көршілердің үйіне кетті ғой деймін, кеп те қалар. Ауылға ат ізін салмай кетіп едіңдер, қыс түскелі біразың мұсылман болдыңдар, – деп Марғұлан қарқылдай күлді. – Қалай өзі, жағдайың жақсы ма? Қашан келдің?
– Таңда түстім.
– Әке-шешең қалай екен? Бір ауылда тұрады демесең, ол кісілерді де көп көрмейміз. Қыс түскелі азғантай мал-сұлдан бұрыла да алмаймыз.
– Ол кісілер де жақсы екен.
– Түнімен боран соғып еді, қора-қопсының алдына тау мая боп қар үйіліпті. Соны күреп, тазалап келіп отырған бетім. Мә, шай ал, – деп, Марғұлан Берікке кесе ұсынды.
– Сол, сізге сәлем берейін деп, тағы бір шаруалар бар еді…
Берік сөзінің аяғын жұтып, шай ұрттады.
– Сәлем бергелі келгеніңе рақмет. Ал, не шаруа? Айта бер, құлағым сенде.
– Осы Тастөбедегі Қараүңгірде жарғанаттың ұясы бар ма? Сіз білетін шығарсыз.
Марғұлан ішіп отырған шайына шашалып, түзеліп отырды. Дастархан шетіндегі майлықты алып, аузы-басын сүртті.
– Жарғанаттың ұясы дейсің бе? Сен де сонымен ауырып келген екенсің ғой. Кім айтты саған жарғанат ұя салады деп?
Берік қалтасынан смартфонын шығарып, Марғұланның жанына таяп кеп отырды.
– Міне, қараңызшы! – деп, ол смартфонында сақталған видеоны қосты. – Міне, осындай ұя.
Екеуі смартфонға сығалай қарап, үнсіз видеоны көруге көшті. Кадрдағы жас жігіт құрқылтайдың ұясы іспетті кішкентай балшық ұяға алтын жүзігін жақындатты. Ұя баяу жылжып, қаша бастады. Жүзігін алыстатқанда, балшық ұя орнында тапжылмай тұра берді. Жас жігіт бұл әрекетін бірнеше рет қайталады да ұяны сындырып, түбіндегі қара түсті қоймалжың затты саусағымен нұсқады. «Жарғанат ұясындағы металл заттан қашатын қасиетті зат – осы. Бұл «Амрита кокон» деп аталады. Рак ауруына ем болады, адамды жас қалпында ұзақ жасауға көмектеседі. Осы қасиеті үшін араб бекзадалары мұның бір талын 250 мың долларға дейін сатып алып жатыр. Егер сіз осындай ұя тапсаңыз, бізге хабарласыңыз. Қанын жерге тигізбей сатып аламыз. Біздің байланыс телефонға хабарласаңыз».
– Тағы да біраз видео бар, – деп Берік екіншісін қосуға ыңғайланды.
– Болды, қоспай-ақ қой. Көргем, – деп баяу күрсінді Марғұлан.
– Қайдан көрдіңіз?
– Қыстың басынан бері қалада жүрген қаншама жігіт келіп кетті. Солар көрсетті де.
– Біздің Қараүңгірде бар ма енді осындай ұялар?
Марғұлан мырс етті.
– Қалада қандай жұмыс істеп жүрсің?
– Анау-мынау шаруалар сол.
– Жалақың жақсы ма?
– Мардымсыз.
– Ендеше, тепсе темір үзетін жігітсіңдер, жоқ ұяны іздегенше, неге жалақысы тәуір жұмыс іздемейсіңдер?! Үлкен қала, мүмкіндік бар ғой.
– Қараүңгірдің жарғанаттары ұя салмай ма сонда?
– Әй, бала! Сенің есің әбден кеткен екен. «Есің кетсе, ешкі бақ» дейді, ендеше, мен саған жақсы жұмыс айтайын.
– Айтыңыз.
– Қалаға барып жарымаған жұмысқа жалданғанша, әкеңнің малына қара. Аз-ақ жылда алдыңа әжептеуір мал салып аласың. Мал дегенің үлкен бизнес қазір.
Жирен шашын салалы саусақтарымен артына қарай қайырған Марғұлан кеседегі орталаған шайынан бір ұрттап қойды.
– Мал баға алмаймыз ғой біз.
– Жоқ ұяны тауып, сатып, тосыннан байығысы келетін сендердің қолдарыңнан бәрі келеді, – деді Марғұлан.
Берік ыржалақтап күлді.
– Сонда жарғанатта шынымен ұя болмай ма? – деп міңгірледі ол.
– Кітап бетін ашпасаңдар, ертең құстың сүтін де іздейсіңдер. Жүр, мен саған жарғанаттың ата-бабасын көрсетейін, – деп Марғұлан орнынан тұрды. – Жеңгең келген соң дұрыстап шай берер.
Берік оның соңынан еріп зал үйге кірді. Оң жақ қапталды тұтас алып тұрған қызыл күрең сөре қаз-қатар тізілген кітаптан белі майысып тұр. Төрге тақап барып тоқтаған Марғұлан сол қолының сұқ саусағымен шашын ұстап, кітаптарға көз жүгіртті. Жоғарғы қатардан қызыл тысты, қалың кітапты суырып алды.
– Міне, мына кітап орта ғасырда салынған суреттер жинағы, – деп Марғұлан қалың томды ақтара жөнелді. – Бұл өзі қызық жаратылыс, жарғанатты айтам. Сүтқоректілердің ішінде ұшатыны, құстектілердің ішінде жұмыртқасыз балалайтыны. Ғалымдар мұны сонау динозавр дәуірінен бері тұқымы құрымай, бүгінге жеткен жан иесі дейді. Көп халықтың аңыз-әфсанада да жиі ұшырасады. Жарғанатты күні бүгін кие тұтып, символы санайтын елдер де бар. Ортағасырда салынған, міне, мына сурет.
Марғұлан кірпіш кітапты Беріктің қолына ұстатты. Ол қанатын қайықтың желкеніндей жайған жарғанат суретіне үңілді.
– Не көрдің?
– Жарғанаттың суретін, – деді Берік.
–Не көрмедің?
– Түсінбедім.
– Тұтас, әдемі салынған сурет пе?
– Иә. Жарғанат осы ғой.
– Көрдің бе, жарғанаттың бейнесін де білмейсің. Онымен қоймай, жоқ ұяны іздеп, қыс ішінде тентіреп жүрген жүрісің мынау. Қанаты мен құлағы емес пе, жарғанаттың ең алдымен көзге түсетін мүшесі. Уатсаптағы өсек-аяңды аңдып, өмірлерің қор болды-ау.
– Сонда құлағын неге салмаған суретте?
–Бұл суреттің не тұспалдағанын мен де білмеймін. Жарғанаттанушысың ғой, сен бірдеңе біле ме деп көрсеткенім.
Берік басын қасып, ыржалақтап күле берді.
– Жүр, анда барып отырайық. Бұл жерде көп тұрсаң, ұшынып қаларсың, – деп, Марғұлан кітапты орнына қойды.
Екеуі жер тақтайдың басына барып отырды.
– Солай, Берікжан, жарғанат туралы әңгіме көп. Кейбір халықтарда «Ол – адамның жаны. Бір жарғанат өлтірсең, бір адам өлтіргенің» деген сенім болған. Тағы бір жұрт «Ол – өлген адамның ұшып жүрген рухы» дейді екен. «Сүлеймен пайғамбарға киім боларға жүнін жұлып беріп, сиықсыз түрінен ұялып, түнде ғана ұшады екен» деген де аңыз бар. Қызық әфсана Ғайса пайғамбарға қатысты да айтылады. Ғайса пайғамбар бір күні балықшыларға жолығып қалады. Олар «Пайғамбар екенің рас болса, бір кереметіңді көрсет. Елші екеніңе сенейік» дейді. «Кереметімді көрсетсем, маған еріп, иман келтіремісіңдер?» дейді Алланың елшісі. Балықшылар бір ауыздан уәде береді де, ұстаған балықтарының бірін көрсетіп: «Мынаның аузынан денесі жүнсіз құс ұшып шықсын; Құстың тұмсығы болмасын,басы қойдан аумасын. Тісі болсын, бірақ, шөп те, ет те жемесін. Қорегі қан болсын; Құлағы есектің құлағына ұқсасын, бірақ, естімесін. Көзі болсын, бірақ, көрмесін. Аяғы болсын, бірақ, жүрмесін; Құстың емшегі болсын. Бір емшегінен сүт ақсын, екіншісінен су ақсын. Өз емшегін өзі сорсын;
Құстың қанаты кеменің желкеніндей болсын, бірақ, суда жүзбесін; Құс жұмыртқа баспасын, толғатып тусын; Құсың мен сияқты шықылықтап күлетін болсын», – дейді жан-жақтан шулап. Ғайса пайғамбар балықтың аузынан бір құс шығарып: «Сұрағандарың осы ма?» – деп, балықшылардың алдына тастайды. Түрі сиықсыз, аузында орсиған тісі, салбыраған екі құлағы, екі емшегі бар мақұлықты көргенде олардың зәресі ұшады. «Елші екеніңе сендік, соңыңнан ердік. Мынаның көзін құрт» деп жалбарынады олар. Адамдардың үрейін ұшырмас үшін пайғамбар ол мақұлыққа түнде ғана ұшуды бұйырыпты. Көрдің бе, бұл аңыз болса да жарғанаттың біраз сипатын сидырған.
Берік басын шайқап, таңқалғандай рай танытты.
– Адам көкірегіне, яғни, жүрегінен гөрі көзіне көп сенеді. Көзімен көрмесе, есеп емес. Жаңағы балықшылар секілді. Сенің де ішіңде арман кетпесін, Қараүңгір сідік шаптырым жер, барсаң, барып қайт. Бірақ, есіңде болсын, ұйықтап жатқан жарғанаттарды оятушы болма! Қысқы ұйқыға кеткен кездегі температурасын жоғалтып, оянды – болды, мына суықта бірден өледі. Қыс басында үңгір аузында апыр-топыр қырылған жарғанаттарды көрдім. Обал!
– Барып жатсам, біреуіне де тимеймін.
– Бүгін, әрине бара алмайсың, сен жеткенше күн батады. Жалпы қазақтың көбі неге кездейсоқ байып, кездейсоқ табысқа жеткісі келеді екен? Қызық.
– Жаман ба?
– Әрине, ойлағаны болса, қанекей. Мен білетін осы кішкентай ауыл тұрғындарының біраз өмірі кездейсоқ құбылысты күтумен өтіп жатыр. Екі адамның басы қосылса, осынау жердің аст-үсті байлығын, өзге қақыларын уақытша үйлестірушілерге көңілі толмайтынын айтып, еңірегенде етектері жасқа толады. Сол үйлестіруші кездейсоқ ажал құшатын шығар деген арманмен ілдәлдап өмір сүреді. Әрекет жоқ. Жаңағы жарғанаттың жаралуы туралы аңыз да ізденбейтін, күреспейтін, харекетсіз, кездейсоқ құбылысқа ғана сенетін адам болмысын тұспалдаған дүние, меніңше. Қайбір жылы мемлекеттік арнаның бірі ауылда «Алла» деп шақырған қарғаны жаңалықтардан алақайлап көрсетті. Біздің сенімнің кепілі қарға ма сонда? Кішкентай кездейсоқтықтан үлкен мән тапқымыз келеді. Солай. Жарғанат жарықтық болмаса, сендерді де көрмейді екенбіз.
– Өзім де келейін деп жүргем.
– Шіркін, жарғанат ұя салатын боп, оның қасиетін сенімен бірге талқылап, таңды таңға жалғап әңгіме айтатын болсақ, қатып кетер еді. Оған жағдай осылай екен, – деп Марғұлан Берікке қарап жымиды. – Айтпақшы, қытайлар ұя-пұя емес, жарғанаттың өзін жейтін көрінеді. Жаңағы ана телефоныңдағы «жасартады, қартайтпайды» деген әңгіме секілді олардыкі де. Ресторандарындағы қымбат астың бірі екен.
Сыртқы есіктің ашылып-жабылған дыбысы естілді. Марғұлан жирен шашын артына қайырып:
– Жеңгең келді ғой деймін, енді дұрыстап шайыңды береді. Әлде балалар ма екен? – деді.
***
Жел азынап тұр. Тастөбенің күдір жолы, биік асуы Беріктің дымын құртты. Сілесі қатып, ырсылдап, алқынып кеткен ол үңгір аузындағы алаңқайға жете бере шалқалап жата кетті. Көп жылдан бері келмеген жері жатсынып, жолдың белі жазылғандай. Таңертең шықса да Қараүңгірге жеткенше түс болып үлгерді. Ол қыбыр етпестен жатыр. Аспан шайдай ашық, көкпеңбек. Жан-жақ ызың-ызың, гу-гу. Әредік ұлыған иттің дауысы естілгендей болады. Ентігі басылып, демін алған Берік басын көтеріп, көсіліп отырды. Аяғындағы астаудай саптама етігінің тұмсығын бір-біріне ұрып, етекке көз салды. Сонадайда алабажақ қырқалардан кейін қар қымтаған жалпақ даланың өңіріне шашылған бір уыс құмалақтай болып ауыл жатыр.
Берік орнынан тұрып, жерде жатқан таяғын алып, үңгірге беттеді. Үңгір аузы кісі бойынан биік, кең-мол. Ішке кірген сайын зорайып, үлкен қоймадай көрінетін үңгірдің түпкі жағы қысы-жазы қап-қараңғы болып тұрады. Ол смартфонының жарығын жағып, қараңғы қалтарысқа қарай жүрді. Бойын үрей билеп, жан-жағына сақсына қарады. Құстың саңғырығы айғыздаған жартастар мелшиеді. Берік түкпірге таяп барып тоқтады. Әрі қарай жүруге жүрегі дауаламай, жарық түсіріп, маңайын шолды. Сәл әріректе төбнің әр тұсынан өсімдік тамыры іспетті салбыраған қараң-құраң көңілін желпінтіп, аттап-бұттап жетіп барды да, таяғын сермеді. Құлағының түбінен әлдене зу етіп ұшып өтті. Оның үрейі ұшып, жығыла-сүріне үңгірден атып шықты.
Алаңқайда аз-кем отырған ол үңгірдің аузына қайта келіп, ішке құлағын түрді. Желдің гуілінен басқа ештеңе естілмейді. Тауы шағылып, тауаны қайтқан Берік кенет үш-төрт қадам алдында жатқан жарғанатты көрді. Қаралтқым қанаты жайылып, шалқасынан құлапты. «Шынымен бұлардың да салбыраған емшегі бола ма екен?» деп көруге қанша әуестенсе де, оның өлген жарғанаттың жанына баруға дәті жетпеді. Кері бұрылып, келген ізімен ауылға қайтты.
– Қайда құрып кеттің? Күні бойы сені іздеп, телефонға маза бермеді, – деді Берікке есік алдында жолыққан әкесі.
– Кім?
– Кім болушы еді, полиция.
– Полицияның менде несі бар екен?
– Төрт күннің алдында сен тұрған жатақханада бір әйелді ұрған дей ме, зорлаған дей ме? Біраз күн ес-түссіз жатқан сол әйел бүгін түсте қайтыс бопты. «Ауылда сотка ұстамайды, келген соң өзі хабарлассын» деп телефондарын жазып алдым. Әлі кеш бата қойған жоқ, жұмыстарында шығар, звонда! Шешеңнің үрейі ұшып өлетін болды.
Берік басын изектеп, үйге кірді.
Ырысбек Дәбей
"Жарғанат" әңгіме