Үміт Жәлеке. Аязды күн (әңгіме)

Oinet.kz 09-01-2020 880

image.png

Рәш таң алдында ғана тыныш тауып, тәтті ұйқыға бас қойған. Түні бойы дөңбекшумен кірпігі айқаспады. Екі кісілік құс жастыққа басын тыға түскен сайын ұйқы қаша берді. Ақыры арпалыспен ақпанның аязды түнін түгескен. Алаң-көбеңде көзі ілінгендей болды.

Күйеуі иығынан ақырын қозғап оятқанда, өзінің күндегіден көп кешіккенін бір-ақ түсінді. Шымылдық пешпен бөлінген қоржын үйдің іші жап-жарық. Аяз сол жақ қабырғадағы төрт көзді терезеге шілтерін тұтас тоқып тастапты.

Пеш гүрілдеп жанып жатыр. Аққу мойын мыс шәйнек шүмегінен шырт түкіріп тұр. «Бәрін дайындап қойған болды-ау?! Бұрын мұндайы жоқ еді. Ұйқымды қимаған ғой» деп ойлады ол, қаз-қатар ұйқы құшағында жатқан қыздарына қарап. Құмандағы су да қам жылы. Рәш беті-қолын жуып, түйе сауудың қамына кірісіп кетті.

Әдетінше ерте тұрған Мерғали жиегін оюлап, өзі жасаған қабырғадағы төрт бұрышты айнаға тесіле қарап тұр екен.

Рәш өзінен-өзі... «Мына айна да қалады-ау артымда» деп күбірлеп тұрған күйеуінің сөзінен секем алды. «Әлде бір жайсыз түс көрді ме екен?!» деген ойдан жүрегі дір етті.

Әне бір күні екеуден-екеу таңғы шайды ішіп отырып, шалының түсі бозарыңқырап өзіне қадала қарап қалғанын байқаған Рәш:

— Немене, бір жерің ауырып жүрген жоқ па? — деп еді.

— Жоқ, — деп күлді Мерғали, - сап-саумын.

Кішкенеден соң шай аяғын жиыстырып отырған әйеліне сүзіле қарап, тағы жымиды.

— Кемпір-ау, қыздарыңның қызығын сен көресің!

— А, не деп отырсың? Сонда сен қайда кетесің? - деген ештеңе түсінбеген Рәш.

— Ә, мен де... Тек айтқаным ғой... Тек., - деп күмілжи берген күйеуі.

«Әкесі көпке белгілі түскер деп еді. Сол қасиет баласында да жоқ деймісің» деп іштей қобалжыса да, «Қой, әлдеқалай айтылған сөз дағы» деп, Рәш өзін-өзі сабырға шақырған.

Әйтсе де, манағы бір дір ете түскен жүрек дүрсілі басылар емес. Қайта күшейе түскендей.

Мерғалидың өңі сынық. Қабағы қатыңқы. Үлкен қой көздерінің аңғалағы үңірейіп, көз алды көлкілдеп кетіпті. Ұрты суалып, сақалы өсіңкіреп, әдемі жез мұрттың шалғысы шашыраңқы тартыпты. Тақыр бастың алдыңғы бөлігін түгелге жуық алып жатқан жазық, кең маңдайдағы сызықтар баттиып, шеке тамыры білеудей боп шодырайып тұр. Аяз сорып, суық қағып, қарайтыңқырап жіберген бет-әлпетінің бөрік басып тұратын жері аппақ. Етекті, дөңес мұрынның ұшы имектеу. Назары төмен.

Рәш соңғы кездері еңсесі түсіңкіреп жүрген күйеуінің бүгінгі кейпін аса жаратпады. Әшейінде сақал-мұртын сылап-сипап, қолынан қайшысы мен айнасы түспей, шашау шыққан қылтанақты қатып тастап отыратын сыпа-сері кісіге ұқсамайды.

— Шайыңды қызыңа құйдырып іше бер, түйені сауып келейін, - деген бұның сөзіне селт етпеді.

Түйесін сауып, үйге беттегенде, состиып есік алдында тұрған Мерғалиды көріп, Рәш тағы тіксінді. Әшейінде күйгелек кісі бүгін бейғам. Өзі екі иығы қушиып, күржиіп кетіпті.

— Байғұс-ау, неғып тұрсың? Бүгін жұмысқа бармайтын ба едің? — деген Рәшқа:

— Сені күтіп... — деп, сәл жымиғандай болды да, әйелін өкшелей үйге кірді.

Рәш шалының шайын беріп болып, терезеге қайыра көз салған. Күн шығып, сәулесі аяз өрнегін сан құбылта жылтырап тұр екен.

— Әй, саған не болған бүгін?! Сағатыңа қарашы, — деп күйеуін тағы асықтырды.

Ол кібіртіктеп, тыс киімін самарқау киіп болып, есік көзінде тағы біраз кідірді. Әйеліне қарайлап, оны-мұны шұқылап жүріп алды. Ақыры өріске түйе шығара жүрген Рәшқа қосақталып, шарбақтан шықты. Бұрыстау болса да түйе айдасқан болып, жолай біраз жерге дейін ере жүрді:

— Мені жаңа көргендей, саған не болды? Жұрттан ұят қой. Соңымнан сақалыңмен салпаңдағаның, — деген Рәштің сөзінен соң ғана артына жалтаңдаумен жұмысшылар аялдамасына қарай әзер бұрылған.

Күн шымыр аяз. Жерде қырбық қар бар. Болар-болмас қар қылаулап тұр екен. Ақпанның ақшұнақ аязы Рәштің бетін инеше шабақтап, тесіп барады. Қара мақпал бешпетін жалаң қабат көйлектің сыртынан кие салып еді. Қалтырап тоңа бастады. Түйесін өріске ұзатып, тұсап жіберді де, келген ізінше кейін қайтты.

Қайтарда өзінен-өзі жүрегі суылдап, Мерғали кеткен күре жолға қайта-қайта қарай берді. Екі иығы қушиып, бүрісіп кетіп бара жатқан күйеуі көз алдынан кетпей қойды. Шарбаққа жеткенмен ішке кіргісі келмеді. Оны-мұны шаруаға айналсоқтап, сыртта жүріп алды. Қалтырап тоңып тұрғанын ұмытып та кетті. Түйе қораны тазалап болып, шарбақтан мойнын созып, жол жаққа қарап тұр еді. Контор жақтан жаулығын жағынан бастыра байлап алып, Бұрыш келеді екен. Төменгі ауылда тұратын Мерғалимен жұмыстас Сабырбайдың келіншегі қысқаша амандықтан соң:

— Рәш-ау, естідің бе? Жолда жұмысшылар мінген мәшін аударылыпты ғой, — деп төбеден түскендей қойып қалды.

— Ойбай-ау, не дейді, қасқа! Адамы аман ба екен? — болды Рәштің бар айтқаны.

— Ол жағын білмедім. Өзің тоңып тұрсың ғой. Жағың үрпиіп кетіпті. Далада неғып тұрсың осы аязда? - деді де Бұрылып жөніне жүре берді.

Рәштің жүрегі аузына тығылып, ат қақтай жөнелді. Манадан бері айналшықтап, кіре алмай жүрген үйіне он кіріп шықты. Тыныш таппады.

Қыздарының алды бойжеткен, арты бесікте жатыр. Шешесінің бір нәрсеге көңілі қатты алаң екенін сезген екінші қызы Шара:

— Апа, кіріп-шығып, неғып жүрсің? Түсің бұзылып кетіпті ғой, - деді.

— Білмеймін. Жұмысшылардың мәшіні аударылыпты дейді. Әкең аман болса болар еді, — деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды.

Абдырап, бір отырды, бір тұрды. Бір орында байыз таппай тықырши берді. Бір мезет көмір қызуымен бет қаратпай өртене жанған пеш үстіне қолын жайып, жылытқан болды. Ту сыртынан сықырлап есік ашылды. Рәш жалт қарады. Ауылдың бір топ шалдары жүздерін төмен салып кіріп келе жатыр екен. Рәш аңырап қоя берді.

— Қайда барасыңдар? Қасқа болмасақ болар еді. Қайда барасыңдар, бәрің ағатайлар-ай?!

* * *

Бұл 1970-інші жылдың 10 ақпаны еді. Күн шымыр аяз. Уақыт сәске түске таянып қалған.

Рәш талықсып бара жатты.

Үміт Жәлеке. Босқын бекірелер (экологиялық әңгіме)
Үміт Жәлеке. Бөтен бала (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу