Үміт Жәлеке. Босқын бекірелер (экологиялық әңгіме)

Oinet.kz 09-11-2019 1122

image.png

Теңіз беті белдеу-белдеу боп арқандай созылған еспе толқын. Ілгерілі-кейінді ырғала қозғалады. Бір-бірін өкшелей қуалап, жөңкіле жүйткиді. Есіле-есіле екпіні үдей түседі. Кей тұсы қатты ширатқан кендір жіптей ширыға келе түйіледі де, сол түйіншектің ұшы бырт-бырт үзіліп, ақ көбікті айналаға бүркіп-бүркіп жібереді. Бейнебір сәттік бұрқақ. Бүріккен жерден бұйра жал майда толқын бас көтереді. Бас көтергенмен бой жаза алмайды. Қабат-қабат жал толқынның астарында көміліп қала береді. Кейінгі толқынның қуатты серпінімен толығып, төңкеріле бүктетіліп, шабақ толқындарды тықсырып, кең шалғайына орай бүркеп, бүлкектей жөнелген ырғама жал жардай жайын толқындар жағаға ынтық. Жағалаудың жез құмын бір шайып қана құмары тарқап, қызығы басылатындай. Бірақ, ентелей жеткенмен ернеуде бөгелмейді. Теңіз жиегін ащы тілімен бір-бір жалап, лықси кейін серпіледі.

Бұйра жал толқынды біздей тұмсығымен бұзып-жарып бауыры салбыраған буаз бекірелер жүзіп келеді. Ала шұбар теңбіл жолақты қызыл балықтардың уылдырық шашу маусымы басталған. Ұрпақ болашағы үшін жанталасып, телегейдің терістігіне қарай жарыса жөңкиді. Ұрпақ өрбіту жолындағы ұлы күреске белсене кірісіп кеткен.

Ілкі қатарда қайратына қараған кісі сүйсінерлік қара ала жон қарымды қортпа да бар. Бұл оның бірінші сапары емес. Бұрын да әлденеше рет келген.

Күншығыс беттегі таныс өзеннің жыра жықпылды кең алқымын сан рет сүзіп сағалап аналық міндетін атқарған. Қарт Каспийге құлдилай келіп құйылатын Жайықтың жалпақ аңғары теңізбен тоғысар тұсында топ-тобымен ұйма-жұйма боп ойнақ салып, уылдырық шашатын. Тұщы судың өзегіне сұғына бойлап өрлей жүзіп, ағысқа қарсы қайрат көрсететіндер де көп.

Бүгінде тіс қаққан, өмірдің біраз ыстық-суығын көріп, көп нәрсеге көзі жетіп қалған кексе бекіре батыл қимылмен бұлғақтай алға басып келеді. Соңында ызғындай тұқымдастары — бір тайпа бекіре. Бірі шашау шықпастан жұмыла жүйткиді. Ұзына бойы үздік-создық шұбаған ұлы көштің бір үзігі.

* * *

Бекірелер — осы теңіздің ежелгі тұрғындары, төл перзенттері. Балықтар да адам сияқты. Түрге, текке бөлініп, тарау-тарау тайпа, ұлылы-кішілі топ құрайды. Сазан, жайын, шортан, аққайраң, көксерке, қарагөз, табан, тұқы, алабұға, батпақай, май шабақ секілді сан түрлі балықтармен бірге туған теңізді мекен етеді. Тары дәніндей түйірден жаралғанмен, қабыршақтары қатайып, қанаттары жетілгенше біраз уақыт өтеді. Сүйір тұмсығы семсердей, жон арқасындағы теңгешіктері темірдей, терісі түрпідей болғанша бірнеше жылдар кетеді. Бұғанасы бекіп, бойы өскен сайын бұлаңдап бой жете бастайтын ұрғашы бекірелердің толысу тұқым шашу дәурені он екі-он жеті жастан басталады. Көбісі қырық-елу, ішінара жетпіс бес жылдай өмір сүретін бұл балықтардың ірісі де, іргелісі де өздері.

Бәрі бекіре тұқымдас болғанмен өзара тағы: шоқыр, қортпа, піл май, қарыш аталып, түрлі туыс, ағайын-жекжат болып жіктеліп жатады.

Шекара сызып, сым керіп қоймаса да әр аталастың өз мекені, үйреншікті орны, белгілі жайылымы бар. Өң-түсі ұқсас болғанмен, өрісі бөлек. Көк теңіздің төрт тарабын тегіс жайламай, өздерінің өрісіне жақын пұшпағына бауыр басып кеткен. Уылдырықты да әрқайсысы өз жағалауына таяу өзендердің өзегін бойлай шашады. Жаңа ұрпақ, жас өскіндер де үлкендер жолын үлгі тұтып өседі. Ұйысып қауым болып, үйренген мекенде тірлік кешеді. Бірен-саран саяқтары болмаса көбіне үйірінен ажырамайды. Көп болып, топ болып күнелтеді. Шаян, майшабақ, мүңгірт, қарша, құртшабақ сияқты ұсақ-түйек жәндіктерді қорек қылады. Кәрі Каспийдің мол құшағы бәріне де жетеді, кең құрсағына бәрі де сыяды. 

Адамдарша айтысып, арпалыспай-ақ, тайталасып текетіреспей-ақ теңіз табанының нулы жайлы қойнауларын қатар жайлайды. Шалғай-шалғайына шашырап жайылады. Телегей тереңін емін-еркін аралайды. Тайыншадай балықтың тастай бұжыр теңгешікті терісіне тісі бата қоятын батыл жауы жоқтың қасы. Итбалықтармен иықтасып, жайын, шортандармен жағаласып, бақа-шаян, су жыландармен қоян-қолтық араласып, сан ғасырлардан бері біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Бұрынғы баба балықтар заманында бекірелер жылма-жыл көк шөптей қаулап өсіп, жыртылып-айырылып жүреді екен. Бүгінде өсімі азайып, жайылымы жылдан-жылға тарылып келеді. Тіпті бұрындары тайдай тулап, үйір-үйірімен қаптап жүретін қызылбалық қарасы азайған. Әсіресе, соңғы кезде саны күрт кеміп кетті. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» демекші бұның да өтімділігі өз басына бәле боп жабысты. «Қызыл балық» атанып, адам біткеннің аузының суын ағызып, көзінің құртына айналды. Оның үстіне итіне дейін, бекіренің уылдырығынан басқаны жемейтін байшыкештер де күннен-күнге көбейіп барады. Былай айтқанда, бекіре дегеніңіз қазір қып-қызыл ақшаның көзі. Қара базары бар, қан базары бар, бұлдайтындары — бекіренің сары ала белдемесі, қара маржандай қымбат уылдырығы. Соның кесірінен бекіре байғұстардың су астындағы өмірі қым-қуыт майданға айналып барады. Тіршілік ету — тозақ отына түсуден кем көрінбейді. Адамдар аңдып жүріп ау жаяды, ахан құрады. Астау-астауды толтырып, қайығы қайқаңдап әзер тартқанша тоймайды. Уылдырық шашар мезгілі жеткенде өзен жағалай отырған ел құлаш-құлаш тор жайып тастап, тағы тырапай асырады. Бір-бірлеп атып әуреге түспей-ақ жүздеп мыңдап жайпайды. Оған олардың қаруы да, әдіс-айласы да жеткілікті. Су бетіне қалқып шыққан өлі балықтарды тұс-тұстан тосып ұстап, тырсиған құрсақтарын қажарлы пышақпен қақ жарып, уылдырықтарын тарыдай шашып ақтара береді. Араны ашылған ашкөздер бөшкелеп уылдырық, қаптап қанарлап балық жинайды. Игере алмай ысырап қылып тастағандары — қарға-құзғынға жем.

Осындай зауалдың бәрінен әзірге аман келе жатқан қара бас бекіренің үйірі өткен маусымда біраз шығынға ұшыраған. Балаң бекірелердің көбі қандықол қарақшылардың жағалай құрулы торына түсіп, екі аяқтыларға тұтылған. Тұтқиылдан тап болған сол нәубеттен соң, тобырдың топ-толық бүйірі едәуір ортайып, оң қанаты қаусап қалып еді. Қалың әскердей қаруластарының қатары сиреп, күл шабақ өскіндерінің көбі аран ауға жұтылып, адам айласына амал таппай, күйреп жеңілгендей жалпысы жасып, жабығып қалып еді. Сол соққыдан әлсіреп, күшінен айырылғандай сенделіп сидиып қалған. «Әрі тартсаң өгіз өледі, бері тартсаң арба сынады» дегендей, былай барса да, олай барса да жаюлы тор, құрулы қармақ. Біреу екеу болса бір сәрі, ондап жүздеп жүреді. Мінген көлігі сайлы, қаруы күшті. Қуса жетеді, жетсе өлтіреді. Бара-бара бекірелердің барар жері, басар тауы қалмай барады. Бұлар да сары даладан сая таппай сандалып жүрген киіктердей телегей теңіз қойнауынан тұрақ таба алмай тентіреп, ен суда ерсілі-қарсылы жосылып жүр. Қуғын-сүргіні арылмайтын қанқұмар елдердің бас сауғалап қашқан босқындары секілді. Бұлай жосып боса берсе, тұқымы тұздай құрып, таусылатын түрі бар. Бейбіт күннің өзінде батыс жағалаудан түнделетіп келіп, қос-қос кемемен теңіз тереңіне зәкір тастап, тұңғиыққа құрма ауды жайып жіберіп, бекірені үйір үйірімен ұстап, сықастырып тиеп әкететіндер көп-ақ. Ермек іздеген епті балықшы, сандалма серуеншінің өзі жағаға жақындаса болды, оқ-дәрімен жайратып салады. Су астына жайылған улы иіс салдарынан басы айналып, бағытынан жаңылған балықтар ашық жағаға шығып кетіп, кез келгенге оңай олжа болып та жатады.

Айта берсе, бекіренің мұң-зары таусылмас. Балық біткеннің бәрі басына қаралы күн орнағандай қайғылы. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» деп, онсыз да ойсырап қалған бекірелердің төбесінен төтеннен темір ұршық төніп, күні-түні зыр қағып, бас сауытын тесіп жіберердей солқылдататын болды. Теңіз тұнығын лайлап, темір инесін тереңге шаншып, тұмсығы жер тіреп, төбесі көк тіреп тұрған кішігірім қалашықтай сансыз оты жыпырлаған зәулім бұрау қондырғы бой көтергелі су астынан маза кетті. Арс-гүрс, тарс-тұрс. Күндіз-түні бір тыным жоқ. Айналасы ат шаптырым алып құрылғының қасына жоласаң, қолқаңды қабатын мүңсік иіс тынысыңды тарылтып, өкпеңді қысады. Бұлар үйреншікті өз жайылымынан безгелі қашан. Теңіз түбін қопарып, тереңін бұрғылап жатқан темір тажал орнағалы ол жерден қашық жүруге тырысады. Өрістен ауғалы тыным тыныштан да айырылды. Маңайды тегіс алып кеткен қара қоңыр қоймалжың сұйықтық су бетінде қарғаның қанатынша жайыла қалқып жүр. Қара май толқынмен сырғи-сырғи жағаға жетіп, бұлардың бұрыннан бауыр басқан ұядай қойнауын баттастырып былғап тастапты. Соны байқаған қара бас бекіре өз үйірін басқа жаққа бастап әкеткен. Зыр айналған темір ұршықтан алыс, екі аяқтылардың көзінен таса бір қалтарыс жер іздеген. Бірақ, ертең арғы күні ол жерге де бұрау орнап, ау жайылмасына кім кепіл? Күнде өзгеріп, қырық құбылып жатқан адамзат әлемі балықтарға жұмбақ. Олардың ойларында не барын тілсіз жәндік қайдан топшыласын. Шалқар теңіздің азғана пана боларлық жайлы пұшпағын тапса болды. Сондай бір тыныш қолтық, оңаша ойдым табылмай қалар күн туса да тағдырға мойынсұнып, ажал апатын тұқымдастарымен бірге қарсы алар. Қанаты болғанмен көкке ұшу маңдайларына жазылмапты.  Ұшқан күнде де су бетімен шоршып қана әрекет етер. Одан не өнбек? Тынысын суда, тіршілігін теңізде қылып жаратқан байғұстардың қолынан жүзуден басқа не келмек? Қанаты қайырылғанша есер, желбезегі айырылғанша жүзер. Соңғы демі біткенше өмір үшін арпалысып бағар. Тек теңіз кеңістігі тарылмаса екен. Жаңадан орнығып, көздері үйрене бастаған жайлы өрістерінен айырмаса екен.

* * *

Өздеріне жайлы өріс, тыныш тұрақ таба алмай жүріп тұқым шашып, жан сақтауға тиіс. Өмір заңы осындай. Сәуір туысымен мың-мыңдап тұщы сағаларға қарай жосады. Қолдың саласындай сан тарау тұщы сулардың теңізге құяр қолқасындағы қалың қамыстың астындағы шұқанақ таяз жағаларға, тасты бұталы арал аңғарларға тұмсық тірей тұқым шашып, ойнақ салады. Тұнық судың түбіне тарыдай уылдырықтарын төгеді. Балдыр бұталы тастақ таяздың түбіне шөгіп шырмалған шырышты уылдырықтар көк түбіттей шұбатыла созылып, сол жерде жатып өсіп жетіледі. Құрсағын кернеген жүздеген мың уылдырық дәнінен арылып, денесі жеңілдеген ана бекірелер артына қайырылып көк теңізге қарай қайта құлаш сермейді.

Қара бас бекіре болашағының баянды боларына әлі де сенеді. Сеніп келеді. Сондықтан да уылдырық шашып, тұқымын өсіруге жан сала жүзіп келеді. Міне, жағалауға да жақындап қалды. Қан тамырдай теңізге нәр беріп жатқан Жайық құйылысы алыс емес. Бірақ, теңіз жиегінде іркілген қаралтым зат күнге шағылысып шақырым жерден жылтырайды. Сірә, су бетіне төгілген май толқынмен ығыса-ығыса бұл араларға да жеткен секілді. Исі ауаны алып кетіпті. Балықтар тұщы суға өтісімен қойнау қойнауға қойдай тоғытылып аналық парыздарын өтейтін. 

Енді сол шешуші сәт таяған тұста алдын бөгеген быламық қара май қалдығы құлаш жаздырар емес. Өзеннің теңізге құяр қыл мойнын мөймілдеген мөлт қара май қылғындыра орап жатыр. Әр жерде өлі бекірелер денесі қараяды. Қара майға белшесінен батып, былғанып жатыр. Олар да, сірә, өздері сияқты ұрық шаша бара жатып ұрынған-ау.

«Бекіренің басы тасқа тимей қайтпайды» деген емес пе?! Қара ала жон бекіре шалт бұрылып, сол қанатқа салды. Иненің жасуындай болса да өткел табуға тиіс. Оқ бойы озық келе жатқан жолбасшыларының соңынан бүкіл аналықтар шұбады. Оның өздерін адастырмасына, қиындықтан алып шығарына талай көздері жеткен. Шарқ ұрып жүзіп барады.

Ширатылған шымыр арқандай ерсілі-қарсылы өскен тынымсыз толқынды үшкір тұмсығымен тесіп өтіп, құрсағындағы тіршілік дәнін қауіпсіз жерге төккенше асығып келеді. Көк теңіздегі өмір жорығын ұрпақ арқылы келер күнге жалғау үшін ештеңеден аянар емес. Тек таза су, тыныш жағалау табылса екен.

Үміт Жәлеке. Қос теректің хикаясы (әңгіме)
Үміт Жәлеке. Аязды күн (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу