Үміт Жәлеке. Қос теректің хикаясы (әңгіме)
«Талды қиған неткен суық қол еді?!»
Мұқағали.
Таңғы ауаны тілгілеген өткір ызыңнан оқыс ояндым да, ашық терезеден тастай қараңғы далаға үңілдім. Төңірек көзге түртсе көргісіз тас түнек, нағыз ұрының түні екен. Ештеңе көре алмадым. Бірақ, тұп-тұнық шымыр ауа кеңірдегімді жарып жібере жаздады. Сол бойда тұла бойым тітіркеніп, қалтырап кеттім. Салқын леп өн бойымды қарып өтті. Әлдеқайдан мұрныма жаңа кесілген жас ағаштың ұнтағының исі келді. Осы кезде зың еткен дыбыспен бірге, бірдеңе тарс ете түсті. Содан соң, ұйқылы-ояу санамды селт еткізген тосын үн тына қалды. Тәтті ұйқының шағы. Тағы да тылсым тыныштық орнағанына қуанып, төсекке қисайдым. Бірақ, жып-жылы түйе жүн жамылғы астында жатып та ойда жоқта кеңсірігімді қытықтаған ағаш ұнтағының иісінен арыла алмадым. Бейне бір орман ішінде жатқандай көпке дейін сол бір ерекше иісті құшырлана жұтумен болдым. Кеудем жас ағаштың хош иісіне толып қалғандай болды. Ұйқым ашылып кетті. Бір мезгіл қаламыздағы саусақпен санарлық көк өскіндердің күтімсіздігіне, бірен-саран ағаштардың күннен-күнге қурап, құрып бара жатқанына қынжылдым. Күнбе-күн көбейіп келе жатқан бұзылған үйлердің үйіндісінің астында қалып қойғанын санамағанда, қаншасы көз алдымызда бұталып, кесіліп, жоғалып жатыр?! Онсыз да сүреңсіз табиғат аясындағы кішкентай қалашыққа аз ғана сән беріп, көркін көгертіп тұрған тірі талдарға тиіскенді қашан қояр екен?! Сан сұрақтың бір шешімін таба алмай, ақыры көзім ілініп кетіпті.
Ертесіне күндегі соқпақпен жұмысқа беттедім. Жолымдағы ұзын үйдің сыртымен оралып, ұлы даңғылға шығар тұста ұйысып өскен төрт-бес тату теректер тұратын. Солар бүгін бір түрлі сирексіп қалғандай көрінді. Ала көлеңке таңғы мезгілде анық байқай алмасымды білгесін, әдейі бұрылып қасына келдім. Көңіл көзі алдамапты. Шетте тұратын қос ағаштың
біреуі дәл түбінен кесілген екен. Орамы бір құшақтай зәулім теректің орны жаңа піскен таба нандай жып-жылы екен, жақындағанда түндегі таныс иіс аңқып қоя берді. Алақанымды ағаштың сап-сары таба нандай дөп-дөңгелек бетіне баса қойып едім, жер астында жатқан тамырлардың жан жылуы өз бойымдағы қан тамырларға тарап, жұлын жүйеме жайылып кете барды. Тарқатылған бұрымдай тереңге шым батып, шым-шытыр тамырлары адам қолынан келген ажалмен айқасып, тыпырши тулап, тұншығып жатқандай боп сезілді.
Топырақтан қарыс жарымдай қылтиып көрініп тұрған бөлігі басы қырқылған мойындай шұнтиып қалыпты. Бірақ, басы қырқылса да, түбі мықты. «Адамнан ағаштың айырмасы да сол шығар?! Олардың жаны тамырында ғой. Иә, Алла-тағала жанды заттың бәрін өміршең қылып жаратқан ғой. Ажалы жетпей өлмес. Көк біткеннің көркейер кезеңі көктем де алыс емес». Осы оймен кесілген ағаш орнын бір сипап жүре бердім.
Бұл теректердің тарихын көптен білуші едім. Осы аулада екі мұнайшы отбасы тұрған. Екі үйдің қос шынардай қатар өсіп келе жатқан бойжеткен қыздары болушы еді. Сол қыздардың тұсаукесер тойында екі әке той дастарханының басында отырып, бір шешім қабылдапты.
Онысы — нәрестелердің құрметіне өз қолдарымен есік алдына егіз шыбық егу. Қазақ бала дүниеге келгенде, қозы-лағына ен салып, бота-тайлағын атап, «бұл енді бәленшенің ботасы, құлыны, тайы» деп жатпай ма, бұл да бір сондай жақсы ырым, ізгі ниет тағы. Қашаннан ағаш арасында өскен жұрт балауса тал бұтаны балаша баптайды ғой. Әйтпесе, суға зәру өлкеде зәулім ағаш өсіру оңай шаруа емес. Әбден бой көтеріп, тамыр жайып кеткенше күтім керек. Әне, сондай еңбекпен, игі тілекпен өскен терек қой, бұл!
Сыңар теректің қасынан өткен сайын, жүрегім шым ететін де, сонау бір қысқы түн есіме түсетін. Тұсынан өткен кезде ағаш бетіне алақанымды азырақ басып, тамырдың соғысын тыңдайтынмын. Тереңнен сезілген әлсіз бүлкіл ағаш жүрегінің әлі тоқтамағанын хабарлайтын. Көп ұзамай жаңбыры басталды.
Түн салқындап,терезеге қалың қырау қата бастады. Көктемге салым құтырынып шыға келетін біздің «кешіккіш» қыс енді басталды. Жазғытұрымның жардай атанды жығатын қара суық желі өрекпіп, өршелене соққанда, белін сындыра жаздап, майыстырып, соққанда сөлін, қаққанда қанын алып, зар қақтырды. Сай-сүйегіңді сырқыратар ағаш зары анадайдан құлақ етіңді жеп, сықыр-сықыр етіп, бір орында тұрып билеген бойжеткен қыздай шыр айналумен тұратын. Қатты аязымен қатар жүретін қара суық ызғырық жанды заттың бәрінің бет терісін қарайтып, суық ұрып кетті. Сыңар теректің кәрі кісінің буылтық-буылтық саусақтарындай бұтақтарын бір елі мұз құрсап, бүкіл денесін ақ қырау шәлісімен сірестіре орап тастады. Бір-біріне сүйенісіп, бірін-бірі құшып, қорғаштап, қос құрбыдай құлпырып тұратын қуатты қос ағаштың сыңарына қыс қиын соқты. Талай рет ұшар басы жерге жеткенше өзіне өмір сыйлаған жомарт жердің қатал табиғатымен күресіп, аяусыз жаудай ызғарлы желімен жағаласты. Жанындағы жалғыз серігінің ыңырсыған жан даусы жеті қат жер астынан құлағына үзік-үзік жетіп, «шыда, шыда!» деп, дем беріп тұрғасын, өмір үшін қандай қиындыққа да шыдас беріп, ажал арыстанмен тіресті.
Ақыры көктемді жеңіспен қарсы алды. Жан серігінің шығар-шықпас үні таң алдындағы тылсым тыныш шақтарда ғана еміс-еміс естіліп жатты. Жан досының әлі тірі екеніне қуанған дара ағаш баяу желмен ақырын шайқалып, «көктем келді, көктем келді, бірер күн күтсең жетесің, шыда, шыда!» деумен болды. Бұл шақта беті қара топырақпен бүркелген, бойын суық алған түбіртегі қимылдауға шамасы келмей, тон құшағында тоңып қалтырап, әл үстінде жатыр еді.
Наурыз келді! Күннің өткір шуағы жердің мұз тоңын миллиард-миллиард алтын инесімен шабақтап, қыс тонын дар-дар айырды. Жер астының ыстық буы бұрқырап, жердің үсті қайнаған қазандай ақ түтек ауаға толды. Ыстық ауаға бусанған жан біткеннің бойы жылынып, маңдайы жіпсіді.
Күрт жылынған күн мұрсатта қызып кетті. Көктем көгілдір шәлісімен тіршілік лебін желпіді. Көктің иісі шықты. Топырақ, астынан шөп басы қылтиды. Ағаш бұтақтары бүр жара бастады. Сыңар теректің сансыз бұтағы бүршік атып, тұла бойын бармақтай без қаптап кетті. Бұл жақсы нышан! Демек, өскін пайда болғаны. Олай болса, ағаш өмір сүреді.
Жанындағы түбіртекке көз салдым. Көрші шалдың майданда оқ жұлып кеткен шолақ қолы елестеп кетті. Тірлік нышаны сырттай байқалмады. Қабығы ісініп, қарауытып кеткен екен. «Шынымен өлгені ме?!» деп, шіміркеніп қалдым. Бетін бір елі топырақ жапқан. Бұл жолы алақанымды баттасқан дымқыл топыраққа басқан жоқпын. Сыңар терек тұңғыш рет сүйкімсіз боп көрінді.
Көктемгі каникул басталды. Біраз күн «қос терекке» жол түспеді. Сабақ басталған соң да, бір аптадай қым-қуыт жұмыстан бас көтере алмадым. Бір күні түске тармаса қатты қызған күннен быршып терлеп, сырт киімімізді қолға ұстап, үйге қайтып келе жатып, «қос теректің» қасына жақындай бере, көзіме бірдеңе түскендей болды. Үңіліп, қайта қарадым. Кесілген теректің түбінен қылтиып, бір тал бұтақ өсіп шығыпты. Жуандығы сіріңке талшығындай ғана нәзік бұтақ. Сыңар теректің серігі өлмепті! Тірі! Өмірге қайта жапырақ жайыпты. Жаңадан жас бұтақ жіберіпті. «Жас бұтақ, өмірің ұзақ болсын, бұталма! Жас өскін, жаның сірі, жасың ұзақ болсын!» дей беріппін.