«Жануарлар мен құстардың өлекселері табылды» - Қостанай облысы ветеринария басқармасы
Қостанай облысында орын алған апатты жағдайдан зардап шеккен жануарлар мен құстардың өліктері табылды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Kstnews.kz басылымына сілтеме жасап.
Қостанай облысы ветеринария басқармасының басшысы Ақат Шектібаев бұл жануарлардың Аманқарағай, Озерное мен Лесное ауылдарында өлгенін мәлімдеді.
"Жануарлар мен құстардың күйген өлекселері табылды: ірі қара – 30 бас, ұсақ мал – 2 бас, шошқа – 105 бас, құс – 130 бас", – деді Шектібаев.
Қостанай облысындағы табиғи өртті сөндіру жұмыстары 2-10 қыркүйек аралығында жүрді. Жалын 43 мың гектар аумақты шарпыған. Салдарынан 91 тұрғын үй өртеніп кетті. Барлығы 2 091 адам эвакуацияланды.