Үміт Жәлеке. Белгісіз күйші (әңгіме)
Ол жаратылысында дарынды адам еді. Бірақ, талантын таныта алмай кетті. Турашыл болатын. Өз пікірін бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтатын. Әділдікті жақтайтын. Сонысымен басшыларға жақпайтын. Ішетін. Ішсе, сезімін ірке алмай егіліп жылап, елбіреп сөйлеп, жып-жылы жан толқынысын жанындағы кісіге жасырмай жайып салатын. Жалпы, бір бойында тоғысып, тоқайласқан ұшқыр ой, нәзік сезімталдық, қайтпас қайсарлық, томаға-тұйықтық, кіршіксіз адалдық, өткір шыншылдық, асқан мейірбандықтың жарқ еткен ұшқыны түрлі іс-әрекет, лебіз-ләмінен сезіліп, көрініп тұратын. Әрі осы қасиеттері оны өзгелерден оқшаулап, аласа ғана бойын маңайындағылардан анағұрлым биіктетіп жіберетін. Аққұба жүзді, кеспелтек мұрынды, жымиған кезде қысыңқы көздерінің қиығында жылт-жылт күлкі ойнап, сөзі жарасқан кісімен жайраңдап, қалжыңдаса кететін керемет әзілқойлығы да бар еді. Кейде зілсіз, кейде уытты әзіл-оспағы әркез қасындағыларды күлкіге кенелтіп, анда-санда бір айтып қалатын оқыс, өткір сындары қас мергеннің оғындай ылғи ондыққа тиіп жататын. Жөнсіз мылжыңдап көп сөйлемейтін. Күмістей жылтылдаған көк шулан шашын жіңішке аппақ саусақтарымен бипаздай сипап, тұқырайып үнсіз жүретін.
Маған сол кісі бағытынан жаңылып, бөтен көлікке мініп кеткен жаңғалақ жолаушыдай көрінетін. Жан аңсары жиі ауа беретін өзге бір әлемді қиялмен кезіп, ойы басқа бір ғаламды шарлап жүретін секілді еді. Қолына домбыра тисе, олқы тұсы толғандай, тұғырына қонғандай құлпырып кететін. Қап-қара көздері оттай жанып, майда қоңыр күйлердің бірнешеуін төгіп-төгіп тастайтын. Ол келісті күйші, керемет домбырашы еді. Тамаша сазгерлік қабілеті де бар болатын. Күй тартқанда көз алдында өзгеріп сала беретін. Қаршығадай шап-шағын денесін тұтасымен бауырына қысқан домбыраға жұмылдырып, тас түйін боп саз сарынымен бірге баяу теңселіп, сырлы әуенді ұршықтай үйіретін. Бар болмысымен күй тылсымына сіңіп кеткендей, бөгде дүниенің бәрін ұмытып, өзімен-өзі кәйіп болып отыратын.
Оның өз туындылары көп емес еді. Төкпелеткен төрт-бес күйі, әсем сырлы екі-үш әні болды. Ілуде біреу болмаса, оның күйін тыңдамай, сырт айналып өтетін жан сирек болатын. Жиналғандар саз сиқырына арбалып, сілтідей тынып, тырс етпей тыңдап қалатын. Күй біткесін көпшілік қошаметін үнсіз бас иіп қана қабыл алушы еді. Табиғатында бос дақпырт, қыздырма мақтанға әуестігі жоқ күйші әлдекімдердің көтерме көбік сөздерін құлаққа іле бермейтін. Өзі де ешкімге көпшік қойып, көп сөзділікке бармайтын. Сәл ғана қарлығыңқы қоңыр даусымен қысқа да нұсқа сөйлеп, тоқ етерін айтып қоя қоюшы еді. Кейбір мылжың басшылардың көпірме сөзіне бас шұлғып, өтірік қолпаштап, көлгірсіп отыруды жаны сүймейтін. Біліксіздеу басшының босына лаққан бейтарап сөзі сағыздай созылып бара жатса, орнынан елеусіздеу тұрып, шығып жүре беруші еді. Күйкі тірлікте кішкентай адамдар арасында жиі-жиі бас көтеріп, сәл нәрсе үшін бір-бірінің көңіліне қаяу түсіріп жататын күншілдік ауруынан да аман болды. Біреудің табысына шын пейілімен қуана білетін. Мұқтаждық көріп, қарыз сұраған кісіге соңғы тиынына дейін санап беруге әзір тұратын. Жас-кәрі демей, ескі достарша еркін сөйлесетін. Өзі қатардағы қарапайым мұғалім еді. Ол кезде мұғалім болу — мәртебе. Өңкей әйелдер қауымының арасына түскен алғыр жас жігіт бірден назарға ілігеді. «Дарынды адам қай істе де дарынды» деген тұжырым расқа саятын секілді. Ол талантты мұғалім болды. Өз мамандығының қыр-сырына да тез жетіле түсті.
Мұғалімдіктің атан түйеге жүк боларлық ауыртпалығын сол жүкті аз да болса өз иығына артқандар жақсы біледі. Ол бір берері мол болғанмен, қайтарымы аздау, бірақ, жауапкершілігі аса зор қызмет. Себебі, адам тәрбиелеу оңай жұмыс емес. Нағыз мұғалім тек мектептегі мерзімді сағатта ғана емес, тәулік бойы сол қызметтің ұршығын иіріп, жібін ширатумен жүреді. Былай айтқанда, мұғалім дегеніміз өз өмірін адамзат болашағына арнаған жан. Күнбе-күнгі сабақтың толып жатқан дайындығы мен қағазбастылығы да бастан асады. Мәдени тәрбиелік жұмыстары шаш-етектен. Оған қосымша түрлі науқандық, мерекелік шаралар тұсында соқа тартқан өгізше жегілетін қоғамдық қызметтерінде тіпті есеп жоқ. Осының бәрін кезегімен тындырып жүрген адал мұғалімдердің жүйкесі біраз жылда жүнше түтіліп, шашы өз қатарынан бұрын ағарып, жады тозыңқырап, ерте егдеріп қалатыны да жасырын емес. Әйтсе де, осы мамандықты жүрек қалауымен таңдаған мұғалімдер үшін мұның бәрі түк емес. Олардың орасан зор еңбегінің өтеуі — оқытқан балаларының кең дүниенің кетігін тауып бір-бір кірпіш боп қалана білуі. Төгілген тер, тозған жүйке, қарлыққан дауыс, ағарған шаштың төлеуі сонда қайтып, орны сонда толмақ. Әрине, мұғалімнің бәрі бірдей емес. Жеңілдің асты, ауырдың үстімен қаздай қалқып, көлдей шалқып жүретіндер де баршылық. Олар әдетте оқу ісінің меңгерушісімен дос-жаран, директормен дастарқандас болып, судай сүзісіп сумаң қаға білетіндер.
Дүниеде алақол, парықсыз басшы жаман. Сүттей ұйыған ұжымды айрандай ірітетін солар. Білігі жоқ бастықтың білімді мұғалімді бағаламайтыны белгілі. Бағаламақ былай тұрсын, ондай мұғалім олардың қас жауы. Өзінен білім-білігі артықтығына көзі жеткен сайын, жетесіз басшының оны атарға оғы болмай, ызалана түседі. Ыза соңы кек туғызады.
Кектенген адам кемсітуге бейім. Ұтырын тауып, қалай да көз қырына алған мұғалімінің басын жерге жеткізгенше тұқыртуға, діңкесін құртуға құштар болады. Ондайларға турашыл білгіріңнің керегі жоқ. Бас шұлғитын бағынышты, жампаңдаған жағымпаз керек. Мұғалім де оқушы сияқты. Озаты да, орта қолы да кездеседі. Орта қол өзгелердің соңына ереді. Озат оза шабады. Өз бетінше жол табады. Біздің кейіпкеріміз де сондай болатын. Өзі де, өнері де өзгеше еді. Өмірді де өз қалауынша сүрді.
Оның бір міні - ішетін. Ішкенде, тегеурінді күш қуатына төрт қабырға тарлық етіп үйге сыймай, сыртқа шығып кететін. Әйелінің дегеніне көнбей, асау атша тулайтын.Үй ішіне ұйқы бермейтін. Қырық жылғыны қозғап, ми қыртысының қабат-қабат жыра жықпылында жасырынып жатқан өкініш-ызасын, реніш-кегін шығарып, көкейіндегі көп түйінді тарқатып қалуға тырысатын. Жан түкпірінде тікендей қадалып тұрған талай бүкпесі арақ уытымен жазылып, өкпесі тарқап, ішкі дүниесі жас баланың жүрегіндей тазарып, тірліктің түрлі түйткілінен арылып, ауруынан құлан-таза айыққандай сатып алған ауруынан сауыққасын көпке дейін көтеріңкі көңіл-күйде жүретін. Елмен емен-жарқын сәлемдесіп, жан-жағына ерекше мейірлі жанарымен жадырай қарап отырар еді. Кейінірек күйші ішуді үдеткен. Бұл қылығы айналасына түсініксіз еді. Ол отбасында бақытты жан саналатын. Бірақ, соңғы уақытта оның қаражаттан қысылатынын бәрі байқайтын. Екі ауысыммен аузы көпіріп тапқан жарытымсыз жалақысының басқа тартса аяққа жетпей титықтатқаны жанын жеген болар. Мектеп мұғалімінде көлденең табыс қайдан болсын. Өсіп қалған балаларын өзгеден кем қылғысы келмеген қамқор әке арасында қосымша сабақтар беріп, оған уақытты түскі үзіліс есебінен үнемдеп жүретін. Үздіксіз өткізген ауыр сағаттардан әбден қажып, қалжырағанына қарамай бір-екі баланы жанына алып, тағы қағаз шимайлап отыратын.
Ол бір қарапайым адамдардың нарық қыспағында қалып, көп қиындық көрген кезеңі болатын. Адамның басы ақшаның құнынан төмен бағаланатын заман туды. Сауда-саттық селі тасқындап жатты. Қулық-сұмдықтан ада, адал жандардың алдағы болашағы бір сәт бұлдыр тартып, бүкіл арманы күйреп қалғандай көрінді. Тыныш дүниені топан судай жайпап өткен өліара тұста әркім әрқалай әрекет етіп жатты. Пысықайлар селге бос лақпай, селбесіп тырбыңдаса, момындар қызығына қарап қалды. Бірі озды, бірі тозды.
Нарық қарғыны қоғамды қақ жарып, екі жағаға бөліп тастағандай еді. Байлық пен мансап буына піскен ақшалылар мен айлықтан айлыққа әзер ілінісіп, ілдебайлап отырған аш-арықтар арасы күн өткен сайын ашыла түсті. Екі ортадан құрдым жыра пайда болған. Сол қуыс кеңістікке тығырыққа тіреліп, тұрмыс тауқыметін көтере алмай, салы суға кеткен талай жандар өз-өзінен жұтылып жатты.
Сол алмағайып ауыр шақта аңғары ашылған айналадан жиреніп, өмірден баз кешкендер де кездесетін. Жүректен, қан қысымынан, басқа да түрлі төтен дерттен құрдымға құлап, құрбан болғандар кезігетін. Өз кезегінің де құлама жарға таяп қалғанын сезді ме, күйші де күрт өзгерді. Араққа салынды. Сақал-мұрты өсіп, азып-тозған сиықпен тиіп-қашып, ара-тұра бір көрінетін де, апталап жоқ болып кететін. Сау күндері де үнсіз түнеріп, сең соққан балықтай сұлқ жүретін де қоятын. Ешкіммен тілдеспейтін. Сөйтіп жүріп, өзі де тіл тартпай кетті. Өз жүрегінде әлдилеген әуендері сол күйі нотаға түсірілместен, таспаға жазылмастан қалды. Жарыққа шығарып, көпке тарату үшін қыруар қаражат қажет. Кедей күйші ондай қаржыны қайдан тапсын. Демеуші табу қиямет. Олар да қармағына майлы балық қаптырғанды қалайтын айлакер балықшы сияқты. Кез келгенге жем шаша бермейді. Бәлкім, осының бәрі оның мезгілсіз өліміне себепші болған шығар. Білмеймін. Әйтеуір, ол дүниеден озды. Ғарыштан түскендей ғажайып саздары өзімен бірге кетті.